Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Сингапур президентінің сапары, Астана халықаралық форумы және Түркиямен сауда байланысы

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Сингапур президентінің Орталық Азия мемлекеттері, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға сапары, Транскаспий халықаралық көлік бағытының белсенді дамуы мен Түркияның көпжақты сауда перспективалары туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Trend.az: Қазақстан еуразиялық өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту орталығы болуға дайын

25 мамырда Trend.az басылымында жарияланған мақалада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан географиялық орналасуы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, Еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияны дамыту орталығы болуға дайын екенін айтқаны жазылады. Президент электромобиль, магистральді локомотив, вагон, ауыл шаруашылығына арналған және жеңіл техника құрастыратын, құрылыс материалдары мен химиялық бұйымдар өндіретін бірлескен кәсіпорындар осы ынтымақтастықтың бір бөлігі бола алатынын атап өткен.

Фото: akorda.kz
«Біз қара және түсті металдар кен орнын игеріп, оны одан әрі өңдейтін және дайын өнімдер шығаратын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзірміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдерімен бірге инфрақұрылым саласындағы маңызды бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын да тілге тиек еткен.

Akipress: Қазақстан Үкіметі орман өртімен күресуге 1,4 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр

25 мамырда Аkipress.com агенттігі Қазақстан Үкіметі резервінен орман өртімен күреске 623 млн теңгеден астам (1,4 млн доллар) қаражат бөлетіні туралы жазды. Басылымның айтуынша, бөлінген қаржы құтқару операцияларын жүргізуге бейімделген Ми-8 тікұшақтарын, сонымен қоса басқа да қажетті дүниелерді сатып алуға жұмсалады. Қазіргі таңда Қазақстандағы орман өрті барған сайын өзекті мәселеге айналып отыр.

Фото: akipress.com

Caspiannews: Қазақстан Транскаспий маршрутының өткізу қабілетін арттыру үшін цифрлық шешімдерді пайдаланатын болады

Фото: akorda.kz

22 мамырда Caspiannews басылымы Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайту үшін Қазақстан цифрландырудың озық стратегияларын қабылдау арқылы өзінің әлеуетін арттыруға ниетті екенін жазды. Сиань қаласында өткен «Қытай-Орталық Азия» саммиті барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асырудағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Ол қытайлық әріптестерді Каспий теңізі порттарының мүмкіндіктерін кеңейту, олардың жұмысын цифрландыру және кемелерді бірлесіп шығару бойынша өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды. Сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санайтынын тілге тиек етті.

The Print: Астана халықаралық форумында экономикалық және қауіпсіздік сын-қатерлеріне жаһандық әрекет ету мәселелері талқыланады

Фото: gov.kz

25 мамырда The Print басылымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен маусым айында «саяси диалогты жаңғырту, оң өзгерістерді ынталандыру және ынтымақтастықтың жаһандық күн тәртібін қалыптастыру» тақырыбында Астана халықаралық форумын өткізу жоспарланып отырғаны жазылған. Бұл форумда экономика, қоршаған орта және қауіпсіздік сын-қатерлеріне жаһандық әрекет ету қажеттілігі туралы айтылады.

Uzdaily.uz: Биоәртүрлілікті сақтау бойынша Үстірттегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды

23 мамыр күні өзбекстандық Uzdaily.uz ақпарат агенттігі Қарақалпақстанда Өзбекстан Республикасы Табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Түрікменстан Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиын туралы жазады.

Фото: uzdaily.uz
Нүкістегі кездесуде БҰҰ-ның жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі конвенциясының (CMS) Орталық Азия сүтқоректілер бастамасы (CAMI) белгілеген Үстірттегі ынтымақтастық пен шекарадағы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ шарада Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Зоология институтының өкілдері қазақ-өзбек шекарасында қоныс аударатын сүтқоректілердің түрлері туралы жаңартылған мәліметтерді ұсынды.

Отырыста Орталық Азия сүтқоректілерін қорғау және олардың табиғи миграциясын қамтамасыз ету бойынша іс-қимыл жоспары аясында бірқатар міндеттеме бекітілді.

Thestraitstimes: Президент Халима Якоб: «Қазақстан мен Өзбекстан жобаларды жүзеге асыруға, Сингапурмен бизнес жүргізу мүмкіндіктерін зерттеуге мүдделі»

25 мамырда Thestraitstimes басылымында Сингапур президенті Халима Якобтың Қазақстан мен Өзбекстанға сапары жайлы жазылған. Басылымның дерегінше, Халима Якоб екі сапары турасында сөйлеген сөзінде Қазақстан да, Өзбекстан да Сингапурмен түрлі жобаларды жүзеге асыруға және компаниялармен бизнес мүмкіндіктерін зерттеуге мүдделі екенін жеткізген.

Фото: akorda.kz

«Екі елмен де түрлі келісімдерге қол қою сингапурлық компанияларға экономикалық тұрғындан көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады», - деді Халима Якоб Орталық Азияның екі еліне жасаған бес күндік мемлекеттік сапарының соңында.

Сонымен қоса басылымның жазуынша, Халима Якоб сапардың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде Қазақстанмен қызмет көрсету және инвестициялар туралы келісімге қол қойылғаны жөнінде айтқан.

Фото: straitstimes.com

Сондай-ақ ол Сингапур мен Қазақстан бизнес мүмкіндіктерін ғана емес, туризм секторын кеңейтуге де назар аударып отырғанын тілге тиек еткен. Осыған орай, Сингапур президентінің айтуынша, «Астана Эйр» компаниясының екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр.

Daily News: Азиялық VB турнирінде Қазақстан Шри-Ланканы жеңді

Daily News басылымы волейболдан Қазақстан әйелдер командасы Nepal Sports-та өткен Орталық Азия волейбол қауымдастығы Кубогының «В» тобында жеңіске жеткенін хабарлады. Әйелдер арасындағы турнирдің екінші матчында біздің жерлестер Шри-Ланкадан тағы да басым түскен. Есеп Қазақстанның пайдасына - 1:3.

Фото: dailynews.lk
«Шри-Ланка бірінші сетте жеңіске жету мүмкіндігіне ие болды, олар алғашқы кезеңде 10-6 есебімен алға шықты, бірақ ойынына тұрақтылық жетіспеді. Нәтижесінде 22 минутқа созылған бірінші партияда 16-25 есебімен жеңілді. Екінші сет тең болды, өйткені екі команда да бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды, бірақ Қазақстан қыздары шешуші сәтте жүйкесі мықты екенін дәлелдеп, 28-26 есебімен жеңіске жетті», - делінген мақалада.

Silkroadbriefing: Түркияның Орталық Азиямен көпжақты саудасы: қазіргі жағдайы мен келешек перспективалары

22 мамырда Silk Road Briefing басылымы Түркияның Орталық Азия елдерімен саудасының даму перспективалары туралы мақала жариялады.

«Орталық Азияның энергетикалық секторы және Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанның табиғи көмірсутегі қорлары басқа секторларға қарағанда экономикалық тұрғыдан маңыздырақ. Табиғи газ қоры бойынша Түрікменстан әлемде төртінші орында тұрса, Қазақстан мен Өзбекстанның да қомақты қоры бар, мұнай көлемі бойынша Қазақстан әлемде 11-орында», - делінген мақалада.


Соңғы жаңалықтар