Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Президенттің Қытайға сапары, ЕО-мен ынтымақтастық және Мысырмен туристік байланыс

None
Фото: Depositphotos
АСТАНА ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та ҚР Президентінің Қытайға сапары, Сианьда өткен «Орталық Азия-Қытай» саммиті, ЕО мен Қазақстан қарым-қатынасы, қазақстандық суретшінің Жапонияның Хиросима қаласында өткен көрмесі, сонымен қоса Мысыр мен Қазақстан арасындағы туризм саласын нығайту жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Anadolu Ajansi:Қазақстан: «Қытаймен ынтымақтастық «мызғымас достыққа» негізделген»

17 мамырда түркиялық Anadolu Ajansiбасылымы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізгені туралы жазады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев «Қытай-Орталық Азия» саммиті қарсаңында Қытайдың Сиань қаласында Си Цзиньпинмен кездесті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбіде Астананың Бейжіңмен ынтымақтастығы «мызғымас достық пен өзара қолдауға» негізделгенін айтты», - делінген мақалада.

Фото: aa.com.tr

Басылымның жазуынша, Бейжің мен Астана сауда-экономикалық, мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, қаржы, логистика, білім және ғылым салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге, ал қазақстандық және қытайлық делегация мүшелері көлік, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, спорт, сауда, энергетика, білім және БАҚ сияқты салалардағы ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қойғаны туралы жазылған.

Trend.az:Қазақстандық лоукостер Астана мен Ташкент арасындағы рейстер санын арттырды

20 мамырда Trend.az басылымында жарияланған мақалада қазақстандық лоукостер FlyArystan Астана-Ташкент (Өзбекстан) бағыты бойынша тікелей жолаушылар рейсінің санын көбейткені жөнінде айтылған.

«3 шілдеден бастап Астана мен Ташкент арасындағы рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері орындалады. Компанияның кестесіне сәйкес, Астанадан Ташкентке рейс 01:00 (GMT+6) ұшып, Ислам Каримов атындағы Ташкент халықаралық әуежайына 02:05 (GMT+5) жетеді деп жоспарланған. Ұшу ұзақтығы – 2 сағат 5 минут», - делінген мақалада.

The Diplomat:ЕО мен Қазақстан шикізат, батарея және жасыл сутегі бойынша стратегиялық жобаларды дамытпақ

19 мамырда The Diplomat басылымы Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президент Валдис Домбровскис пен ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ЕО мен Қазақстан арасындағы шикізат саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумды жүзеге асыруға ықпал ететін нақты шаралар кешенін жариялағаны жайлы мақала жазды.

Фото: thediplomat.ro

«Кездесу қорытындысы бойынша, шикізат, аккумуляторлық батареялар және жасыл сутегінің тұрақты құн тізбектері саласындағы стратегиялық әріптестік туралы ҚР мен ЕО арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру бойынша жол картасын бекіту рәсімі өтті. Жол картасы Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін жаңғырту және көмірді пайдалануды азайту сияқты мәселелерді қарастырады. Бұл сондай-ақ климаттық дағдарысты шешу үшін екі аймақта жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдайды», - делінген мақалада.

The Mainichi:G7 саммиті қарсаңында Хиросимада қазақстандық суретші, хибакуша (хибакуша – жапон тілінде Хиросима мен Нагасаки атом бомбасының құрбандары) Күйіковтің көрмесі өтті

20 мамырда The Mainichi басылымы қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтің суреттері Жапонияның Хиросима қаласында көпшілікке ұсынылғаны туралы жазады.

Басылымның айтуынша, сәуір айының соңында Хиросима бейбітшілік мемориалдық мұражайында кеңестік ядролық сынақтардың радиациясының әсерінен қолсыз дүниеге келген қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтің «жаһандық хибакуша» немесе айналадағы радиацияға ұшыраған адамдарға «жарық түсірген» көрмесі өткен. Бұл көрме Хиросимадағы G7 саммиті қарсаңында ұйымдастырылған.

Фото: mainichi.jp

«54 жастағы Күйіков бұрынғы Кеңес Одағы 1949-1989 жылдар аралығында барлығы 456 ядролық сынақ өткізген Шығыс Қазақстандағы Семей полигонынан 100 шақырымдай жердегі ауылда дүниеге келген. Күйіков бастауыш сыныптан бастап щетканы аузына немесе башпайларына қыстырып, сурет салғанын айтады. Хибакуша ретінде оның тілегі ядролық қарусыз әлем орнап, өзі ядролық сынақтың соңғы құрбаны болғанын болғанын қалайды», - делінген мақалада.

Azernews:Қазақстан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын кеңейтуді жоспарлап отыр

21 мамырда Azernews-те жарияланған мақалада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сианьда өткен «Орталық Азия - Қытай» саммитінде мұнай және энергетика саласын дамыту жоспары жайлы айтқанын жазады.

Ашық көздерден алынған фото

«Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады», деді Президент», - деп жазады басылым.

Egypttoday:Мысыр мен Қазақстан туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

16 мамырда Egypttoday басылымының жазуынша, Мысыр Туризм және көне жәдігерлер министрі Ахмед Эйсса Қазақстан Республикасының Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шарифті және онымен бірге келген делегацияны қабылдаған. Кездесуде Мысыр мен Қазақстан арасындағы туризм және археология саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, көне жәдігерлер саласындағы екіжақты қарым-қатынасты дамыту мәселелері жолдарын талқыланды.

Фото: egypttoday.com

Global Times:Қытай елшісі: «Бір белдеу - бір жол» шеңберіндегі Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы - бұл жемісті нәтиже беретін «бағыт»

16 мамыр күні Қытайда өткен «Орталық Азия-Қытай» саммиті қарсаңында Global Times басылымында Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяомен қазақ-қытай ынтымақтастығы туралы сұхбаты жарияланды.

Фото: htcm.de


Басылымның жазуынша, Қазақстан – Қытай ұсынып отырған «Бір белдеу - бір жол» бастамасының алғашқы серіктестерінің бірі ретінде ерекше позицияға ие. Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяо өз сұхбатында екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда «Бір белдеу - бір жолды» жобасының маңызды екенін, әрі оған бүкіл әлем елдері көз тігіп отырғаны жөнінде айтып өткен. Сонымен қоса қазақ-қытай қарым-қатынасы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан не күтуге болатыны туралы да сөз болған.

Euractiv:ЕО Қазақстанның Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге қарсы күш жігерін мойындайды

16 мамырда Euractiv агенттігі ЕО бас дипломаты Жозеп Боррель мен ҚР Премьер-Министрінің жаңа орынбасары және Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездесіп, келіссөз жүргізгені туралы жазады.

Фото: euractiv.com

Басылымның жазуынша, кездесу барысында Боррель БҰҰ Жарғысын және БҰҰ-ның барлық мүшелерінің, соның ішінде Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтеуге негізделген Қазақстанның берік ұстанымын жоғары бағалады. Сонымен қоса еуропалық және халықаралық санкцияларды айналып өту үшін Қазақстан аумағы пайдаланылмауын қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерін мойындайтынын да тілге тиек етті.

Gulf-Times:Волейболдан ерлер арасындағы клубтық Азия чемпионатының алғашқы матчында Катар полициясының командасы «Атырау» командасын жеңді

15 мамырда Gulf-Times басылымында Азия чемпоионатының нәтижелеріне қатысты материал жарияланды.

«Бахрейнде 14-21 мамыр аралығында өткен волейболдан ерлер арасындағы клубтық Азия чемпионатының D тобындағы алғашқы матчта Катар полициясының командасы жексенбі күні қазақстандық «Атырау» командасын 3:1 есебімен жеңді», - деп жазады басылым.

Фото: gulf-times.com

Соңғы жаңалықтар