Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Оңтүстік Кореямен байланыс, заңсыз шығарылған активтерді қайтару және елдегі саяси реформалар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Қазақстан Президентінің Корея Республикасының Сыртқы істер министрімен кездесуі, еліміздің авиация саласында 25 халықаралық бағыт ашылатыны, IFC-дің Қазақстанда агробизнесті дамыту үшін KazFoodProducts компаниясымен серіктестік орнатуы, сонымен қатар Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Anadolu ajanci: Қазақстан Президенті Оңтүстік Кореяны Азиядағы «негізгі серіктес» санайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейсенбі күні (1 маусым) Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Чжинді қабылдады. Дәл сол күні Anadolu ajanci басылымында жарияланған материал осы тақырып аясында болды.

«Өздеріңізге мәлім, Корея біз үшін Азиядағы негізгі серіктестердің бірі ретінде өте маңызды. Екіжақты ынтымақтастық бағытындағы барлық жетістікті жоғары бағалаймыз», - деді Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Басылым ҚР Президентінің екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасының нығайып, екіжақты тауар айналымының көлемі 6 миллиард доллардан асқанын атап өткен.

Caspiannews:Қазақстанның азаматтық авиациясы қосымша 25 халықаралық бағыт ашып, жаңа белестерді бағындырмақ

30 мамырда Caspiannews ақпарат агенттігі жариялаған мақалада Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет Қазақстанның азаматтық авиацияны дамыту аясында 2025 жылға қарай 25 жаңа халықаралық рейс ашатыны туралы жазылған.

Басылымның жауынша, Үкімет отырысында сөз сөйлеген Премьер-Министр Әлихан Смайылов бұл жаңа әуе бағыттары көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор үлес қосатынын атап өткен.


Қазіргі таңда үш отандық және 26 шетелдік авиакомпания аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейсті, сондай-ақ 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық рейсті орындайды. Бұл рейстер Қазақстанды 46 бағыт бойынша ТМД-ның сегіз елімен, 34 бағыт бойынша Таяу Шығыстың жеті елімен, 16 бағыт бойынша Оңтүстік-Шығыс Азияның жеті елімен және жеті бағыт бойынша Еуропаның бес елімен байланыстырып отыр.

Thetimesca:IFC Қазақстанда агробизнесті дамыту үшін KazFoodProducts компаниясымен серіктестік орнатты

2 маусымда The Times of Central Asia сайтында жарыққа шыққан материалда Дүниежүзілік банкке мүше Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) 1 маусымда Қазақстанның жетекші агроөнеркәсіп компаниясына инвестиция салып, ел экономикасын әртараптандыруға көмектесіп, жұмыс орындарын құрып, азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуды мақсат етіп отырғаны жөнінде жазылған.


Басылымның айтуынша, Қазақстанда бидай өңдеу, ет және кондитерлік өнімдерді өндіру және қайта өңдеу саласындағы көшбасшы саналатын KazFoodProducts компаниясы IFC-тен 15 миллион доллар баламалы қаржыландыру пакетін алады. Бұл қаражат COVID-19 пандемиясынан кейін компанияның қажеттіліктері мен инвестициялық бағдарламасына қолдау көрсетпек.

Euractiv:Қазақстан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруды көздеп отыр

29 мамырда Euractiv басылымында жарияланған мақалада Қазақстан заңсыз шығарылған активтерді, соның ішінде шетелдегі активтерді қайтарып алу үшін құқықтық нормаларды енгізілгені жөнінде жазылған. Бұл туралы екі жоғары лауазымды шенеунік Euractiv-ке хабарлаған.Дегенмен ЕО елдерінің барлығы бірдей Қазақстанмен ынтымақтаспай отырғанын жеткізген.

Фото: gov.kz

«Мұндай саясат туралы бейсенбіде (25 мамыр) Еуропарламентте өткен Қазақстандағы конституциялық реформаға арналған конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева айтты. Оның айтуынша, соңғы 30 жылда саяси ықпалы бар адамдар, олардың кейбірі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері мен оның айналасындағы жоғары лауазымды саясаткерлер Қазақстанның ресурстарын пайдаланып, байлыққа кенелді. Ол Қазақстан оларды мемлекетке қайтару үшін арнайы заң қабылдағанын айтты»,-делінген мақалада.

Eurasianet:Қазақстан Еуропаға астық экспорттау үшін Бакуде астық қоймасын салмақшы

27 мамырда Eurasianet-те жарияланған мақалада Қазақстан халықаралық экспорт нарығын кеңейтуді одан әрі жалғастыру үшін Әзербайжанда астық қоймасын салуды жоспарлап отырғаны жөнінде жазылған. Бұл туралы Әзербайжандағы халықаралық теңіз порты операциялық бөлімінің басшысы хабарлаған.

«Вашингтонда өткен конференцияда сөйлеген сөзінде Баку халықаралық теңіз сауда портының бас операциялық директоры Юджин Сих аталған нысанның алдағы бес жыл ішінде іске қосылуы мүмкін екенін айтты»,-делінген мақалада.

Фото: Baku International Sea Trade Port

Eureporter:Халықтың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту: Еуропарламент депутаттары Қазақстан мен Моңғолиядағы конституциялық реформалар жайлы хабардар болды

28 мамырда Eureporter басылымы Азияның екі ірі мемлекеті – Қазақстан мен Моңғолия жақында ғана ірі конституциялық реформаларды қолға алғаны жөнінде мақала жариялады.

«Еуропарламентте өткен жиында Еуропарламент депутаттарына екі елдің өздерінің саяси процестерінде халық үніне құлақ асу мақсатында қолға алынған іс-шаралар туралы хабарланды»,-деп жазады басылым.

Фото: gov.kz

Айта кетейік, жуырда Еуропарламентте Қазақстан мен Моңғолиядағы өзгерістер жайлы дөңгелек үстел өткен еді.

Еуропалық Одақтың адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмур өзі туған Ирландияда адам құқықтары саласындағы реформалар баяу әрі ұзақ күрестен кейін іске асқаны жайлы ой қозғап, «Конституциялық реформа қиын әрі баяу жүзеге асуы мүмкін» екенін айтты.

Nationalgeographic: Орталық Азия арқылы Жібек жолының бойымен саяхаттауды қалай жоспарлауға болады

1 маусымда Nationalgeographic басылымы Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдеріне қалай саяхаттауға болатыны жөнінде материал жариялады. Онда ертедегі Жібек жолының бойымен саяхаттағыңыз келсе, Орталық Азияға саяхат жасау керегі жөнінде жазылған.

«Жібек жолының ескі сауда жолдары саяхатшыларға Орталық Азияны, таулы үстірттерден бастап, әсем кесене кешендері мен кеңестік сәулет өнері бар қалаларға дейін тамашалауға мүмкіндіктер береді»,-делінген мақалада.

Фото: Michael Charles Sheridan/National Geographic

Соңғы жаңалықтар