Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Еуразиядағы «орта держава», Транскаспий бағыты және Пәкістанмен ынтымақтастық

Фото:
АСТАНА ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының Қазақстандағы сирек металдар кен орнын игеретіні, еліміздің халықаралық аренадағы бастамалары, Әзербайжанмен қарым-қатынасы, Қазақстанның Дубайдағы туристік көрмеге қатысуы жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Mugglehead:Жетекші уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» Қазақстандағы сирек металдар кен орнын игереді

6 сәуірде Mugglehead журналы жариялаған мақалада отандық жетекші «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы сирек металдар кен орнын игеретіні жөнінде жазылған.

Фото: kazatomprom.kz

«Қазатомөнеркәсіп» Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды. Сирек металдардың (тантал, ниобий, бериллий) қорлары мен ресурстарын бағалау және растау үшін кәсіпорын учаскеде жер қойнауын геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді», - делінген мақалада.

Компания кен орнын атом электр станцияларына уран отынын өндіретін «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (ҮМЗ) толық еншілес кәсіпорны арқылы игермек

The national interest: Қазақстан - Еуразияның «орта державасы»

The national interestбасылымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның дипломатиялық беделін арттыру мақсатында біраз дүниелер жасап жатқаны жайлы жазылады. Сонымен бірге автор Қазақстанның осыған дейін халықаралық деңгейде көтерген мәселелеріне тоқталады. Мәселен, Астанадағы Сирия бойынша келіссөздер, Иран мен P5+1 елдерінің келіссөзі, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, қақтығыстардың алдын алу және терроризмге қарсы күрес сияқты маңызды мәселелерді ерекше атап өтеді. Сонымен қатар Қазақстан Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты шешуде маңызды рөл атқарғанын да тілге тиек етеді.Сөйтіп,Қазақстанға Еуразияның келесі «орта державасы» деп баға береді.

Фото: nationalinterest.org

«Қазақстанда «Орта державаға» тән барлық классикалық белгісі бар: стратегиялық орналасуы, табиғи ресурстарға бай, халықаралық қағидаттар мен ынтымақтастық идеясын адал ұстанады. Қазақстан халықаралық дипломатиясында көпвекторлы саясат пен шиеленістерді бейбіт жолмен шешуді үнемі қолдап келеді. Қазақстанның «Орта держава» ретінде қалыптасуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – оның халықаралық саяси конференцияларды өткізуге және оған қатысуға ұмтылысы. Соңғы жылдары Қазақстан өзін диалог пен медиация үшін бейтарап алаң ретінде көрсетіп жүр», - деп жазады автор.

Trend.az:Әзербайжан мен Қазақстан екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін талқылады

11 мамырда Trend.az басылымы Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовтың Қазақстанның Әзербайжандағы жаңа елшісі Әлім Байелмен кездескені жайлы жазады.

Фото: trend.az

«Кездесуде Әзербайжан мен бауырлас Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібі аясында саяси, экономикалық, энергетикалық, гуманитарлық, білім беру, туризм және басқа да салалардағы мәселелер талқыланды», - делінген материалда.

Thediplomat:Қазақстан порттары - Орта дәліздің маңызды торабы

9 мамырда The Diplomat баслымында Қазақстанның шетел нарығына шығуға балама ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) немесе Орта дәлізді қарастырып отырғаны жазылған. Мақала авторы елдегі порттардың жұмысына тоқталып, Орта дәлізді дамыту үшін порттардың жұмысын жолға қою қажеттігін айтады.

«Қазақстан Ресейді айналып өтіп, еуропалық және халықаралық нарықтарға шығу үшін балама тәсіл ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытына немесе Орта дәлізге үлкен үміт артып отыр. Дәліздің қысқа немесе ұзақмерзімді перспективада өркендейтінін түсіну үшін көптеген факторды ескеру қажет. Олардың маңыздыларының бірі – қазақстандық порттардың болашағы», - делінген мақалада.

Фото: depositphotos.com

Автордың жазуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты елге инвестиция әкеліп, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді әрі елдің халықаралық аренада имиджін жақсарта алады.

«Дегенмен мұның дұрыс әрі сенімді жұмыс істеуі үшін оның әр тетігі мүмкіндігінше тиімді жұмыс істеуі тиіс. Ақтау порты мен Құрық портын жаңғырту Каспийдің Қазақстан жағындағы дәліздің дамуына септігін тигізеді, сондықтан да порттардың жұмысы маңызды», - деп жазады автор.

Emirates News Agency: Қазақстан ATM 2023 көрмесінде туристік мүмкіндіктерін көрсетті

Emirates News Agency басылымы Дубайда Таяу Шығыстағы ең ірі туристік көрме - Arabian Travel Market 2023 іс-шарасының өткенін, оған Қазақстан өкілдері қатысқаны жөнінде жазады.

Мақалада «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев Қазақстанның Дубайдағы Arabian Travel Market (АТМ) көрмесіне шамамен 13 қазақстандық туристік агенттік, бес қонақүй, сондай-ақ Air Kazakstan әуекомпаниясының қатысқанын атап өтеді.

Фото: wam.ae

Басқарма төрағасы аталған басылымға берген сұхбатында ATM көрмесінің Қазақстан мен аймақ елдерінің БАӘ арасындағы екі жақты туристік қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар екі ел арасындағы рейстердің саны артқанын да еске салды.

Silkroadbriefing:Қазақстан Шыңжаңдағы қытайлық инвесторларды ауыл шаруашылығы жобаларына қатысуға шақырды

10 мамырда Silkroadbriefing басылымында жарияланған мақалада Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінде сапармен барғаны, оның жергілікті қытайлық инвесторларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырғаны жөнінде айтылған.

«Біз тұқым, егін және азық-түлік өнімдерін өндіруге маманданған қытайлық кәсіпкерлерді Қазақстанға жұмыс істеуге шақырамыз. Біз бірлескен жобаларға ашықпыз», - дейді ол.

Фото: greenlightworldwide.com

2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 миллиард долларды құрады, Қазақстанның Қытайға экспорты 33 пайызға өсіп, 13 миллиард долларға, ал импорт 33,5 пайызға өсіп, 11 миллиард долларға жеткен.

Daily Times:Қазақстан Пәкістанмен сауда байланысын нығайтуға мүдделі - елші

9 мамырда Daily Times басылымы Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафиннің Исламабад қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Ахсан Зафар Бахтавари бастаған делегациямен кездескені жайлы жазады.

«Кездесу барысында Елші Қазақстанда бизнес жүргізудің іскерлік мүмкіндіктері мен еліміздің өңірлік хаб ретіндегі артықшылықтары туралы айтып берді. Сондай-ақ тараптар екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыс орнату перспективаларын талқылады. Өз тарапынан А.Зафар елорда бизнес-қоғамдастығының Қазақстанмен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін де атап өтті», - делінген материалда.


Соңғы жаңалықтар