Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Аустриядағы бизнес-форум, Еуропарламенттегі көрме және Германиямен ынтымақтастық

None
Фото: traveltomorrow.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та еліміздің Германия және Аустриямен іскерлік және инвестициялық перспективалары, Еуропарламенттегі көрме, Қазақстан мен Ресей арасындағы газ ынтымақтастығы, Орталық Азия мен Қытай арасындағы тауар айналымының артып келе жатқаны туралы мақалалар жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

World-nuclear-news: Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бес жылдық келісімге қол қойды

20 сәуірде World Nuclear News басылымы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси мен Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Атом энергетикасы инфрақұрылымын, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, азық-түлік қауіпсіздігін және ядролық медицинаны дамытуға байланысты салаларда Агенттік пен Қазақстан арасындағы неғұрлым тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге» арналған бес жылдық келісімге қол қойғанын мәлімдеді.

Фото: IAEA

Басылымның жазуынша, Халықаралық агенттік реакторлық қондырғыны қолданыстан шығаруға көмектеседі. Ұйымның бас директоры Рафаэль Гросси Өскемендегі аз байытылған уран банкінің жұмысымен танысып, қазақстандық ғалымдардың кәсібилігіне жоғары баға берді. Ол ядролық отын өндірісіне қажет шикізаттың қауіпсіз сақталуы үшін барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді. Рафаэль Гросси Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы бастамасын да ерекше атап өтті.

Trend.az: Аустриялық инвесторлар Қазақстанның агроөнеркәсіптік жобаларына қызығушылық танытты

Әзербайжанның Trend.az агенттігі хабарлағандай, 20 сәуірде Қазақстан-Аустрия бизнес-форумы өтті. Жиында аустриялық инвесторлар Қазақстанның инвестициялық ауыл шаруашылығы жобаларына қызығушылық танытқан.

Ақпаратқа сәйкес, Аустрияның Грац қаласында өткен форум Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне және екі ел арасындағы екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға арналған. Форум барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдаудың қаржылық шаралары туралы баяндама жасады.

Фото: trend.az

Айдапкелов өз сөзінде «Бәйтерек» холдингі Қазақстан Үкіметінің негізгі қаржылық операторы бола отырып, экономиканың басым секторларына, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенге қолдау көрсететінін атап өтті. Ол қазіргі уақытта Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені инвестиция үшін, соның ішінде аустриялық инвесторлар үшін ең тартымды секторлардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қоса, Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторы инвестиция үшін маңызды негізгі факторларға бай екендігін айтты.

Айта кетейік, Аустрия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарында және екіжақты сауда көлемі бойынша ЕО елдері арасында 9-орында. ТМД елдері арасында Қазақстан - Аустрияның екінші ірі сауда серіктесі.

ТАСС: QazaqGaz және Газпром Қазақстан өңірлерін газдандырудың ықтимал бағытын келісті

Ресейлік ТАСС агенттігі 19 сәуірде еліміздің Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке сілтеме жасай отырып, Қазақстанды газдандыру жоспары туралы хабарлады.

Оның айтуынша, қазақстандық QazaqGaz және «Газпром» Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бағыты туралы келісті. «Газпром басшылығымен және QazaqGaz компаниясының басшылығымен бірқатар кездесулер өтті. Бізде жоспар бар, Ресейден жаңа газ құбырларының алдын-ала келісілген бағыты бар», - деді Энергетика министрі.

Traveltomorrow: Еуропа Парламентінде Қазақстан тарихына арналған картографиялық көрме ашылды

Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын мерекелеу аясында Еуропарламентте 16 ғасырдан бергі қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығын көрсететін картографиялық көрме ашылды.

Фото: gov.kz

Көрмеге 16-19 ғасырлар аралығында голланд, француз, ағылшын және неміс картографтары жасаған тарихи карталар қойылған. Бұларды Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Қазіргі саяси зерттеулер институтының директоры, қазақстандық ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жинап, атласқа енгізген.


Фото: gov.kz

Anadolu Ajansi:Қазақстан Президенті елдің сыртқы саяси стратегиясын «жаңарту» қажеттігін атап өтті

Түркияның Anadolu Agency агенттігі cәрсенбіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 сәуірде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте сыртқы саясат тұжырымдамасын, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тәсілдерді жаңарту қажеттігі туралы мәлімдегенін хабарлады.

Фото: aa.com.tr

«Бұл құжаттардың мүлдем басқа геосаяси контексте қабылданғанын айта келе, Тоқаев содан бері көп нәрсе өзгергенін және ішкі қауіпсіздікті сақтау, қорғаныс қабілетін нығайту, Қазақстанның және бүкіл Орталық Азия өңірінің халықаралық беделін арттыру елдің басымдығына айналуға тиіс екенін айтты», - делінген мақалада.

Reuters.com:Қазақстан теннистен BJK кубогінің финалына шықты

Reuters.com агенттігі 16 cәуірде Қазақстан Billie Jean King кубогінде Польшаны жеңгені туралы хабарлады.

«Жергілікті жанкүйерлер алдында ойнаған Қазақстан екінші рет Билли Джин Кинг Кубогінің финалына шықты. Сенбіде Қазақстан іріктеу матчында Польшаны 3-1 есебімен жеңді. Турнирдің финалына Аустрия құрамасын ойсырата жеңген Америка Құрама Штаттары да шықты. Сондай-ақ ақтық кезеңге Франция да жолдама алды, француздар былтырғы жартылай финалист – Ұлыбритания құрамасын артты қалдырды», - деп жазады Reuters.

Фото: reuters.com

Xinhua:Қытай мен Орталық Азия елдері айтарлықтай тауар айналымын көрсетті

Синьхуа ақпарат агенттігі 19 сәуірде Қытайдың Сауда министрі Ван Вэнтао мәліметтеріне сілтеме жасап, Қытай мен Орталық Азияның бес мемлекеті, атап айтқанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы сауда тұрақты өсу қарқынын сақтап қалғанын хабарлайды.

Ван Вэнтао бейнебайланыс режимінде өткен алты елдің экономика және сауда министрлері арасындағы кездесуде 2023 жылдың алғашқы екі айында Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы тауар айналымы былтырғымен салыстырғанда 22%-ға өскенін айтқан. Аталған кездесуде қатысушылар Қытаймен сауда және инвестиция, цифрлық экономика және транзиттік тасымалдау салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін білдірді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы тауар айналымының көлемі 70,2 млрд долларға жетті, бұл – тарихи рекорд. 2022 жылы Қытайдың осы елдерден ауыл шаруашылығы, энергетикалық және минералды өнімдерінің импорты 50%-дан астамға өсті, ал Қытайдың осы елдерге механикалық және электрондық өнімдерінің экспорты 42%-ды құрады», - делінген мақалада.

Belta:Қазақстан мен Беларусь сыртқы саяси ведомстволары 2023-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды

20 сәуірде Belta агенттігі Қазақстан мен Беларусь Сыртқы істер министрліктері арасындағы келіссөздер туралы хабарлады. Келіссөз барысында елдердің әртүрлі бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективалары қаралды. Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев басқарды.

Фото: belta.by

«Беларусь пен Қазақстанның интеграциялық бірлестіктердегі (ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ) және халықаралық ұйымдардағы (БҰҰ және ЕҚЫҰ) ынтымақтастығын тереңдету жолдарына ерекше назар аударылды. Тараптар Беларусь-Қазақстан диалогының дамуын, әртүрлі байланыстар мен өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға келісті», - делінген мақалада.

The Times of Central Asia:Қазақстанның Германиямен бизнес-ынтымақтастығын күшейту перспективалары талқыланды

The times of Central Asia басылымы 21 сәуірде Германияның Штутгарт қаласында Баден-Вюртемберг федералды штатында Қазақстанның экономика күні аясында «экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері» атты форум өткенін хабарлады.

Фото: gov.kz

«Іс-шараға Баден-Вюртембергтен 50-ден астам өкіл, жетекші компаниялар, өңірдің бизнес-қауымдастықтары және сарапшылар қауымдастығы қатысты. Ұйымдастырушылар Қазақстанның Германиядағы Елшілігі, Штутгарт қаласы және экономикалық мәселелер жөніндегі Германия-Шығыс комитеті болды. Кездесуге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов пен Германия-Шығыс комитетінің экономикалық мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Михаэль Хармс тараптар арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді», - делінген басылымда.


Соңғы жаңалықтар