Шетелдік БАҚ Президент Жолдауы туралы: Президент Тоқаев Конституциялық реформаны бастады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауы ел өмірінің барлық салаларына түбегейлі өзгерістер жоспарын ұсынды. Алға қойылған міндеттердің ауқымдылығы Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізуді, 20-дан астам заң қабылдауды қажет етеді.

ҚазАқпарат агенттігі Қазақстан алдында тұрған міндеттерді шешуге бағытталған осы құжатқа баға берген танымал шетелдік қайраткерлер мен БАҚ пікірлерінің топтамасын ұсынады.

ЭЫДҰ жаһандық қатынастар хатшылығының Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томсон Президент Жолдауында экономикалық реформалар бойынша да, мемлекеттік басқару бойынша да ЭЫДҰ жұмысымен үндесетін бірнеше маңызды тақырыптар бар екенін атап өтті.

«Президент Жолдауындағы ең маңызды сөз – «Адамдардың әл-ауқатының өсуі шынайы бәсекелестік жағдайында ғана мүмкін болады» деген мәлімдеме. Бұл экономикалық салада да, саяси салада да терең шындық. Мемлекет басшысының адал және ашық бәсекелестікке, экономикада да, саясатта да жасанды монополияларды жоюға баса назар аударуын құптаймын. Бұл квазимемлекеттік кәсіпорындар мен ішінара мемлекет қатысатын мекемелерді реформалау, нарыққа шығу және бәсекелестік үшін үздік жағдайлар жасау жөніндегі ЭЫДҰ-ның Қазақстанмен жүргізілген және жүргізіліп жатқан жұмысына сай келеді. Президенттің бюрократияны жоюға және өз өкілеттіктерін қысқартып, аймақтық биліктің өкілеттіктерін нақты кеңейтуге баса назар аударуы да мақұлдауға лайық. «Жоғарыдан төмен» және микроменеджмент тәсілдері Қазақстан азаматтарына ел мұқтаж болып отырған осындай өсу мен дамуды қамтамасыз ете алмайды», - дейді У. Томсон.

Оның пікірінше, реформалардың күн тәртібі өте ауқымды және оны жүзеге асыруға уақыт қажет. Көптеген бастамалар ЭЫДҰ-ның «Үздік өмір үшін үздік саясат» миссиясына сәйкес келеді және ұйым Қазақстанмен осы бағытта одан әрі жұмыс істеуге ниетті.

Атлантикалық кеңестің аға ғылыми қызметкері Ариэль Коэннің пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы жылдарға даму жолын белгілеуге арналған маңызды саяси баяндама жасады. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ретінде қаңтар трагедиясынан кейін жасалуы қажет маңызды қадам.

«Атқаратын жұмыс әлі алда. Жеке мен үшін оның заң үстемдігін ілгерілету және саяси тергеулердегі азаптау тәжірибесін түбегейлі тоқтату қажеттілігіне баса назар аударуы заңгер ретінде маңызды. Алқабилер соты санының артуы – тағы бір маңызды аспект. Президент Қазақстанда құқық қорғау және сот жүйесін жетілдіру қажеттігін мойындайды. Экономиканы одан әрі дамыту мен халық қолдауы үшін көп нәрсе қажет. Сондай-ақ, адамдардың шерулер мен петициялар өткізуіне мүмкіндік беретін шаралар да айтылады – халық өз пікірлерін, наразылықтарын және шағымдарын білдіруі қажет. Одан бөлек, Қазақстанның ЭЫДҰ мүшелігіне өтуі барысында әрі қарайғы демократиялық реформалар да күтілуде», - деді А. Коэн.

Өз пікірінде сарапшы Президенттің саяси реформаларға қатысты Конституциялық Сот құруға, Мәжілістің рөлін көтеруге, теңгерімді президенттік республиканы құруға шақырғанын атап өтті. Маңызды қадамдардың бірі – Мәжіліс депутаттарының өңірлік сайлауы болды. Бұл адамдарды ұсынудың тиімді әдісі. Президент пен әкімдер билеуші ​​партияға мүшелігін тоқтатады. Президенттің туыстарына басшылық қызмет атқаруға рұқсат етілмейді. Бұл дұрыс бағыттағы қадамдар және болашақта үлкен жұмыс жүргізуді талап етеді.

Сонымен бірге, «Vivre Demain» порталында «Демократиялық ауысу: Қазақстан қаңтардағы оқиғалардан сабақ алып жатыр» деген тақырыпта мақала жарияланды. Мақала авторы Луи дю Брей Қазақстан екі жылдан бері біртіндеп демократиялық ауысу жолында екенін айтты.

«Қаңтардағы қайғылы оқиғалар осы өтпелі кезеңнің күрделілігін көрсетсе де, үкімет оларды жаңа реформаларды бастауға мүмкіндік ретінде пайдаланды. Бұрынғы Әділет министрінің орынбасары және 2021 жылдан бастап Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Эльвира Әзімова тұтқындау орындарына барып, тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы шағымдар жинайды. Ресми тергеу нәтижелерін күту кезінде ол қазіргі сот процестері мен Үкіметтің адам құқықтары жөніндегі қызметін егжей-тегжейлі қарастыруда», - деп жазды Луи дю Брей.

Автор Э. Әзімованың пікіріне негізделе отырып, Қазақстандағы қаңтар оқиғалары туралы қысқаша баяндады, оқиғалар статистикасын және орын алған тәртіпсіздіктерден кейін мемлекеттік органдарға келіп түскен шағымдар мен арыздарды келтіреді.

«Алғашқы қадам ретінде Үкімет тәртіпсіздік жасады деп айыпталғандарға қатысты полицияның сотқа дейін өз қызметін асыра пайдалануы туралы шағымдарды тергеуге уәде берді. Оларды анықтау тәртіпсіздіктердің әр қатысушысына тағылған айыптарды жақсы түсіну үшін қажет деп саналады. Екіншіден, мемлекет әрбір азаматтың толыққанды құқықтық қорғалуы өте маңызды деп санайды. Осы уақытқа дейін заңда жетімдерге, мүгедектерге және көп балалы аналарға тегін құқықтық көмек қарастырылған. Алайда, ұсталғандардың көпшілігі жұмыссыз, жартылай жұмыс істейтін қызметкерлер немесе студенттер, олар қорғаныс қызметтеріне ақы төлей алмайды. Сондықтан Үкімет адвокаттардан көмек сұрады, олардың кейбіреулері айыпталушыларға ақысыз негізде көмектесуге келісті. Сонымен бірге, бірнеше ҮЕҰ ауыр жағдайдағы айыпталушылардың сот шығындарын төлеуге дайын екенін айтты. Ақырында, мемлекет айыпталушының себептерін анықтау үшін медициналық, психиатриялық және психологиялық сараптама ұсынады.

Қазақстандық режим – бұл еуропалық республика емес, демократияландыру процесіндегі жас мемлекет. Қазақстан небәрі 30 жыл бұрын тәуелсізідк алды, ал демократиялық қайта құрулар уақытты қажет етеді. Еуропа тарихы – мұның ең жақсы дәлелі. 2022 жылдың наурыз айының ортасында жариялануы тиіс тергеу нәтижелері бізге осы дағдарыстың себептері мен Президент Тоқаев бекіткен реформалардың сипаты туралы көбірек айтып береді», – деп жазды Луи де Брей.

Францияның «Les Echos» газетінде 16 наурызда Клод Фуркенің «Қазақстан: Президент Тоқаев конституциялық реформаны бастағысы келеді» атты мақаласы жарық көрді.

Мақала басында Қасым-Жомарт Тоқаев парламент билігін күшейтіп, мемлекет басшысы мен оған жақын адамдардың саяси және экономикалық саладағы ықпалын шектеуді ұсынғаны айтылған.

«Қазақстанды дүр сілкіндірген тәртіпсіздіктен үш ай өткен соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформалар сериясын бастау туралы шешім қабылдағанға ұқсайды. Осы сәрсенбіде парламент алдында сөйлеген сөзінде ол үкімет тез арада қарастыруы керек бірнеше бағытты атап өтті. Халыққа Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев президент өкілеттігін шектеп, парламентке көбірек салмақ салғысы келетінін алға тартты. Осылайша, өзінен бұрынғы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз билігін нығайтуға мүмкіндік берген кейбір тәжірибелерден бас тартады», - деп жазылған мақалада.

Автор Президент Тоқаевтың алдымен парламенттің салмағы көбірек болатын саяси жүйені дамыту үшін президенттің өкілеттіктерін реформалауды қалайтынын айтты. Осы мақсатта ол қазіргі президенттің саяси партияның мүшесі бола алмайтынын ұсынды. Сондай-ақ парламентарийлер сайлауын реформалау жолдарын алға тартты. Атап айтқанда, президент тікелей немесе жанама түрде тағайындайтын депутаттар немесе сенаторлар санын қысқарту – алдағы уақытта депутаттардың 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық дауыс беру арқылы сайланады.

Сол сияқты Қ.Тоқаев елдің саяси өмірінде плюрализмді қамтамасыз ету үшін жаңа партияларды тіркеуге жағдай жасауды ұсынып отыр. Тіркеуге қажетті ең аз саны қазір 20 000 болса, оны 5 000-ға дейін қысқарту керектігі айтылды. Оған қоса, Президент 1990 жылдардың басында басқалармен біріктірілген үш облысты қайта құрылатынын хабарлады және Конституциялық сотты қалпына келтіруге шақырды, Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Мақалада Президент Қ. Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге қатысты тапсырмаларына да көңіл бөлінген. Мысалы, президенттің отбасы мүшелеріне саяси лауазымдарды атқаруға, мемлекеттік компанияларды басқаруға заңнамалық тыйым салынады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қазірдің өзінде жүріп жатыр. Өткен аптада полиция қаржы жымқыру фактісі бойынша тергеу аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының бірін қамауға алды, сонымен қатар бұрынғы президенттің отбасына қатысы бар кәсіпкер де құрықталды. Қалай болғанда да, Президент Тоқаев оппозиция тарапынан сынға ұшыраған бұл реформалардан тезірек өткісі келетін сияқты», - деп түйіндеді Клод Фурке.

Ал «Secret Défense» порталы 18 наурыз күні «Қазақстан өзінің демократиялық жаңғыруын нығайтып келеді» атты редакциялық мақаласын жариялады. «Secret Défense» оқырманға биылғы қаңтар айындағы Қазақстандағы оқиғалар туралы еске сала отырып, Президент Қ. Тоқаевтың Жолдауына комментарий береді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қаңтар айына дейін де басталған саяси реформаларды нығайту бағдарламасын түсіндірді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қазірдің өзінде күшіне енді, содан кейін 2021 жылы өлім жазасын жою бастамасы көтерілді. Президент жариялаған бағдарлама конституциялық сипатқа ие: парламентшілердің 70%-ы пропорционалды негізде, 30%-ы мажоритарлық негізде сайланатын болады; партия мүшелерінің ең аз санын 20 000-нан 5 000-ға дейін азайту арқылы жаңа саяси қозғалыстарды тіркеуді жеңілдетумен қатар, Мемлекет басшысы 1990 жылдардың басында біріктірілген үш аймақ қайтадан бөлінетінін мәлімдеді», - деп жазды Secret Défense.

Сондай-ақ, мақалада Қ. Тоқаевтың Мемлекет басшысының құзыретін шектеп, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуді қалайтыны туралы мәлімдемесі айтылады. Атап айтқанда, Президент бұдан былай саяси партияның мүшесі бола алмайды және тікелей өзі тағайындайтын депутаттар немесе сенаторлар саны азаяды.

«Secret Défense» редакциясы Қ. Тоқаев ұсынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды тізіп, Қазақстан Президентінің: «Өзгерісті әркім өзінен бастауы тиіс. Біз жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін қайта жүктеуіміз керек» деген сөзін келтіреді.

Айта кетейік, 16 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.


Соңғы жаңалықтар