Шетелдік азаматтар үшін емханаға тіркелу ережелері өзгерді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 15 қыркүйектен бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына еркін тіркелу бойынша жыл сайынғы науқан басталады. Биыл шетелдік азаматтар мен еңбек мигранттары үшін емханаға тіркелу ережелері өзгерді – оларда медициналық сақтандыру шарты болуы тиіс. Жаңа ережелер осы жылдың 15 тамызынан бастап күшіне енеді.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 36 ұйым алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар», - делінген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәліметінде.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Олар тек шетелдік азаматтар мен еңбек мигранттарына қатысты.

Жаңа қағидаларға сәйкес, елдің аумағында уақытша болатын немесе баспана іздеп жүрген азаматтығы жоқ шетелдік адамдарды емханаға тіркеу ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) шартының негізінде және оның қолданылу мерзімі аралығында ғана жүзеге асырылады. Қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін олар медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттарының міндетті түрде МСАК қызметтеріне ерікті медициналық сақтандыруы болуы қажет.

Емханаға тіркеуге өтініш еркін нысанда қазақ немесе орыс тілінде, жеке басын куәландыратын құжатты немесе шетелдік төлқұжатты қоса бере отырып, ұсынылады. Өтініш беруші медициналық ұйымға жеке өтініш беруі керек немесе ол үшін ерікті медициналық сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымының өкілдері мұны жасауы керек. Медициналық ұйымдарға – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушілеріне және Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелері бар медициналық ұйымдарға тіркелуге болады.

Қазақстан аумағына уақытша келген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесінде қазақстандық азаматтармен бірдей құқықтарды пайдаланады және міндеттер атқаратындығын (ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы»Заңының 3 бабының 2 тармағы) атап өту маңызды.

ҚР азаматтары, қандастар және ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін бекіту тәртібі өзгеріссіз қалады.

Қалай бекітілу керек?

Бірінші әдіс (барлығы үшін). Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы бекіту www.egov.kz. «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Жолақтарды толтыру арқылы медициналық ұйымға өтініш беру керек. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат түрінде бекітілгені туралы хабарлама беріледі.

Екінші әдіс (халықтың жекелеген санаттары үшін). Бекіту емханаға еркін нысандағы өтінішпен және жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгінген кезде жүргізіледі. Бұл әдіс заң бойынша зейнеткерлерге, мүгедектерге, қамқоршыларға, патронат тәрбиешілерге, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандарға, студенттерге, мерзімді әскери қызметшілерге, шет мемлекеттерде туылған балаларға және сенімхат бойынша тіркеуді жүзеге асыратын адамдарға ғана қол жетімді.

Қашан бекітілу керек?

Қазақстанда жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін МСАК медициналық ұйымдарына халықты еркін тіркеу науқаны жүргізіледі. Медициналық көмекке қол жеткізбей қалмау үшін тіркелудің мәртебесін тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталында ЭЦҚ арқылы тексеру ұсынылады. Тіркеу немесе қайта бекіту кезінде емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады, қажет болған жағдайда учаскелік дәрігер науқасқа үйге бара алады. Бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.

«Науқан кезінде МСАК ұйымына бекітіле отырып, азаматтар медициналық көмекті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Яғни, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетіледі», – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге қолжетімді емханалардың тізімімен Қордың www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар