Шетелдік арналардың жұмысына қатаң талаптар белгіленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік телеарналар көрсетілетін бағдарламаларына адамның жас аралығына қарай тиісті белгіні орналастыруға міндеттеледі. Бұл туралы Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» ҚР заңының жобасы талқыланды.

Сенаторлар балаларға мәні мен мағынасы жоқ телебағдарламалардың көрсетілімін шектеу қажеттігі мәселесін көтерді.

Өз кезегінде вице-министр Н. Мауберлинова аталған жағдайға байланысты мониторинг жүргізілетінін, оның нәтижесінде тиісті бақылау жасалатынын атап өтті.

«Сонымен қатар, біз шетелдік телеарналарға осындағы өкілдері арқылы қажетті ұсыныстарды береміз. Бұл ретте олар өздерінің бағдарламаларын Қазақстан заңнамасы аясында көрсетеді, сәйкесінше көрсетілім рұқсат етілген жас аралығы міндетті түрде белгіленеді. 8 шілдеге дейін барлық шетелдік телеарналар өздерінің өкілдіктерін ашуы тиіс. Егер де өкілдіктер ашылмаса, онда осы арналар Қазақстан аумағында хабар тарата алмайды», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құжатта ең алдымен белгілі бір жас топтарындағы балалар арасында қандай ақпараттық өнімді таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалған. Ол үшін балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас сыныбы және жас санаты дейтін ұғымдар енгізіліп отыр.

Жоба бойынша мұндай ақпараттық өнімнің төмендегідей жас санаттары белгіленген. 6 жасқа дейін, 6 жастан асқан, 12 жастағы, 14 жастағы, 16 жастағы балалардың жетілу және дүниетану мүмкіндігіне сәйкес жіктелген. Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылуда.

Соңғы жаңалықтар