Шетелдерге шығатын туристердің саны ішкі туризм ағынынан екі есе көп

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Елімізде ішкі туризм дамып келе жатқанына қарамастан, демалу үшін әлі де шет елді таңдайтын туристер саны екі есе көп, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр Қазақстанда орналастыру орындарының қызметін 4,6 млн-нан астам өз туристеріміз пайдаланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Ел ішінде саяхаттаушылар саны 2016 жылдан бері артып келеді және халық арасында кеңінен танымал.

«Ішкі туризм көрсеткіштерінің өсуін заңды деп санаймыз. Өйткені, біздің еліміз, оның ерекше табиғатын, қонақжайлылығын және әр өңірдің гастрономиялық, мәдени ерекшеліктерін ескерсек,  туристерге сан алуан демалыс түрлерін ұсына алады», - деп санайды «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Өркен Бисақаев.

Ішкі туризмді одан әрі дамыту және халықты өңірлердің туристік әлеуеті туралы хабардар ету мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанда ақпараттық турлар циклін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

20-30-ыншы мамыр аралығында Батыс Қазақстанның 4 аймағының туроператорларынан құралған топтың қатысуымен алғашқы ақпараттық тур өткізу жоспарланған. Олар сапар барысында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларына, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына барады.

«Ішкі туризмнің белсенді түрде өсуіне қарамастан, шет елдерге шығатын туристердің саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оның негізгі себептері, тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоқтығымен қоса, ақпараттың жетіспеушілігі. Мысалға, елдің батыс аймақтарының тұрғындары Қазақстанның шығысында, болмаса оңтүстігінде  не бар екенін білмейді және керісінше.

Сондықтан халыққа еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпаратты тұрақты түрде бере отырып, оларды ел ішінде саяхаттауға ынталандыру керек. Әдетте, бұл жұмыстың алдынғы шебінде Қазақстан бойынша турларды жасақтап, жарнамалап, сататын отандық туристік компаниялар тұрады», - дейді Өркен Бисақаев.

Он күндік ақпараттық тур өңірлердегі туристік және санаторлық-курорттық нысандарды қамтиды. Қазақстандық туристік компаниялардың өнімдерін еліміздің аумағы бойынша насихаттайды. Осы мақсаттар үшін, турбизнес өкілдерінің қатысуымен Бурабайда, Шымкентте, Алматыда және Өскеменде бірнеше b2b кездесулер өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар