Шетелден ұшып келген 484 жолаушыда анықтама болмаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанға шетелден ұшып келген 484 жолаушыда коронавируспен ауырмайтыны ПТР тестпен дәлелденген анықтама болмаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«6 қазаннан бастап Қазақстанға шетелден келетіндер коронавируспен ауырмайтыны ПТР тестпен дәлелденген анықтама әкелуі керек деген шешім қабылданған. Мұндай анықтамасы жоқтар 2 тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Бірінші тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 510 жолаушы ұшып келді, оның 177-і карантинге жатқызылды. Алматыға ұшып келген 1 228 жолаушының 278-ы анықтамасыз келген. Олар да карантинге жатқызылды. Атырау қаласына ұшып келген 28 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Сонымен бірінші тәулік ішінде елімізге 1 912 жолаушы ұшып келсе, 1428-інде коронавируспен ауырмайтыны туралы анықтама болса, 484 жолаушыда ондай анықтама болмаған», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Оның айтуынша, 483 жолаушы екі күндік карантинге жатқызылған. Анықтамасы жоқ жолаушылардың біреуі консул қызметінің өкілі болған. Талап бойынша ол үй жағдайындағы карантинде болды.


Соңғы жаңалықтар