Шетелден СҚО-ға асыл тұқымды сиырлар жеткізілуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысына шетелден асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілуде. Жыл басынан өңірге 1 мыңға жуық сиыр әкелінсе, жыл соңына дейін тағы сегіз жүзге жуығы импортталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Аққайың ауданындағы «Шәймерденов» шаруа қожалығы мал басын 500 ірі қараға көбейтті. Симментал тұқымды сиырлар «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Австриядан жеткізілді. Асыл тұқымды мал 5 күн бойы жол жүріп, енді, міне жаңа орынға үйреніп жатыр.

Шаруашылықта әкелінген қара малға арнайы қоралар салынған. Жем-шөбі де жеткілікті. Симментал сиырлардың бір ерекшелігі, дұрыс күтім көрген жағдайда төлдері тәулігіне 1 келіге дейін салмақ қосады. Етті және сүтті бағыттағы бұл малдың әрқайсысының бағасы - 950 мың теңге.

«Шаруашылықта қазір мыңға жақын қара мал бар. Оның 250-і бұзаулады. Қазір 1 мың басқа арналған мал кешенін салып жатырмыз. Қазір өнімділігі жоғары мал сатып алып жатырмыз. Симментал тұқымды сиырлар әрі етті, әрі сүтті келеді. Сондықтан мұндай тұқымды өсірген тиімді», - дейді шаруашылық басшысы Біржан Шәймерденов.

Шетелдік сиырлар талапқа сай 21 күн бойы карантинде болады. Жаңа орынға үйренгенше оларға ерекше күтім көрсетіліп, жағдай жасалады.

Жоба «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржыландырылды. Бұл мемлекеттік бағдарлама кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, мал басын тиімді арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие жеңілдетілген пайызбен беріледі. Мерзімі - 15 жыл. Алғашқы 30 айда кәсіпкерлер несиені өтеуден босатылады. Бұл мерзім оларға ірі қара малды өсіріп, төлінен пайда табуға беріледі. Мемлекеттік субсидиялаудың нәтижесінде несиенің пайыздық мөлшерлемесі небәрі 4 пайыз құрайды», - дейді СҚО бойынша «Аграрлық несие корпорациясының» бөлім жетекшісі Руслан Тюлькин.

СҚО Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында облысқа жыл басынан 1 мыңға жуық қара мал әкелінді. «Петерфельд Агро» ЖШС Чехиядан 512 мал сатып алуды жоспарласа, оның 160-ы жақында жеткізілді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Агро комплекс Сұлушоқ» ЖШС - 50, Тайынша ауданындағы «Донецкое Нұрлы Жол» ЖШС - 60 сиырды Чехиядан әкелмекші. Уәлиханов ауданындағы «Пана» ШҚ - 60, ал «Ақбота» ШҚ - 53 герефорд тұқымды қара малды Ресей Федерациясынан сатып алуды жоспарлаған.

null

Соңғы жаңалықтар