Шетелден көлік тасушылар тауар бағасын 53 млн долларға кемітіп көрсеткені анықталды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұған дейін бірқатар алматылық бизнес өкілдері көліктердің бағасы туралы ақпаратпен келіспейтінін білдірген. Осыған орай, Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік кірістер комитеті тұрақты негізде көлік құралдарының импортын маркалары, үлгілері, әкелінетін елдері, баға диапазондары тұрғысынан талдайды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ведомствоның интернет-ресурстарында баға туралы ақпарат жарияланады.

Сонымен қатар, сайтта кедендік төлемдердің ставкаларын қараудың қосымша мүмкіндігі бар, бұл негізінен азаматтарға кедендік төлемдер сомасын алдын-ала есептеуге мүмкіндік береді.

«Алайда, бірқатар кәсіпкерлер немесе делдалдар кедендік құнын төмендетіп, бюджет кірісінің көлеміне тікелей әсер етуде. Биыл 1 164 көліктің құны 300-ден 3 000 АҚШ долларына дейін декларацияланбақ болған.

Бірнеше мысалды қарастырайық. Грузиядан әкелінген 2020 жылғы Toyota Camry. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік рәсімдеу кезінде 1 300-ден 17 500 АҚШ долларына дейінгі диапазондағы бағаны мәлімдеген, орташа мәлімделген баға 11 000 АҚШ долларын құрайды. Грузиядағы автомобильдерді сату сайтында (autopapa.ge) осыған ұқсас тәуір көліктер 20 000-нан 27 000 АҚШ долларына дейін бағаланады. Жарамсыз көліктердің құны 12 000-18 000 доллар аралығында», - деп жазды комитеттегілер.

Ведомствоның мәліметінше, олар люкс көліктерінің құнын да төмендетуге тырысуда: 2021 жылғы Mercedes Benz AMG G63 - 8 500 доллар, 2021 жылғы Toyota Land Cruiser 300 - 15 000 доллар, 2021 жылғы LEXUS RX 450H 4 500 доллар дейңгейінде бағасын көрсеткен.

«Барлығы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында көлік құралдарының құнын 53 миллион АҚШ долларына кемітіп көрсеткені анықталды, олардан 6,5 миллиард теңге қосымша кедендік баждар мен салықтар алынды. Егер автокөлік иелері көліктерді сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынса, онда кедендік рәсімдеу декларацияда мәлімделген құн бойынша жүзеге асырылады», - деп түсіндірді комитеттен.



Соңғы жаңалықтар