Шетелдегі қазақтарға ана тілін үйрететін тегін курс ұйымдастырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Отандастар» қоры» КЕАҚ пен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар шетелдік қандастардың ана тілін еркін меңгеруіне жағдай жасауға, сондай-ақ тіл саясатының тиімді іске асуына атсалысуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Отандастар» қорының бірінші вице-президенті Талғат Адуовтың айтуынша, жақын арада шетелдегі қандастарға арналған қазақ тілін қашықтықтан үйрететін тегін курс басталады. Сабақтар Skype арқылы онлайн режімде өтеді.

«Осы мақсатта біз әр елдегі мүдделі қазақ этномәдени және қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орнатпақпыз. Солардың көмегімен интерактивті тақталармен жабдықталатын арнайы қазақ тілі кабинеттерін ұйымдастырамыз. Бұл бастамамыз жексенбілік мектептер желісі сияқты болады. Яғни, тілді үйренушілер өз бетінше оқып қана қоймай, өзі сияқты басқа да тәлімгерлермен бірге жиналып, араласа алады, сабақты бірігіп өте алады. Тілді кез келген уақытта кабинеттен тыс онлайн оқи алу мүмкіндігінен бөлек, олардың бетпе-бет жолығу алаңын ұйымдастыруымыз керек деп санадық», - дейді ол.

Ал мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы Азат Шәуеевтің сөзіне сүйенсек, шетелдік отандастар үшін қазақ тілін игерудің инновациялық әдістерге негізделген тиімді жүйесі әзірленуде.

«Біздің «SSoyle.kz» порталы негізіндегі мол тәжірибеміз бар. Бұл - қазақ тілін интернет арқылы онлайн режимде үйрететін Қазақстандағы алғашқы тегін жоба. Ол үлкен зерттеу мен талдау, осы саладағы басқа да елдердің тәжірибесіне үңілу нәтижесінде жүзеге асты. Сонымен қатар, шетелдік қандастардың да сұраныстарын барынша ескеруге тырысып жатырмыз. Мәселен, олардың ыңғайлылығы үшін біз порталдың ағылшын-латын нұсқасын да жасап шығардық. Енді қазақ тілін латын әліпбиімен үйренуге болады», - дейді Азат Шәуеев.

Сонымен қатар, келісім аясында тіл саясаты жөніндегі іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру, электрондық ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілді дамытуға ықпал ететін отандық сайттар жұмысына жәрдемдесу және шетелдегі отандастарға арналған қазақ тілі бойынша оқу құралын әзірлеу көзделген.

null

Соңғы жаңалықтар