Шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, меморандум күші этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды мәдениет және спорт саласында қолдау мақсатында өзара ынтымақтастық пен әріптестік қатынасты нығайтуға бағытталып отыр.

Сондай-ақ, меморандум этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды қолдауға бағытталған бірлескен мәдени және спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша тараптар арасындағы әріптестік қатынасты нығайтуды көздейді.
null

Келісім шеңберінде тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырмақ:

- халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шараларды (құрылтайлар, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, брифингтер, кеңестер, «дөңгелек үстелдер» және т. б.) өткізуге жәрдемдесу;

- шетелдік этникалық қазақтар үшін оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығаруды, оларды интернет-ресурстарда орналастыруды бірлесіп қамтамасыз ету;

- Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы базасында шетелде тұратын отандастарымыз туралы кітаптардан тұратын «Отандастар» кітапханаcын құруды қолдау;

- шетелде тұратын отандастарды мемлекеттік шығармашылық оқу орындарында және Олимпиадалық резерв мектептерінде оқыту үшін квоталар (гранттар) бөлу.

«Барлығыңыз білетіндей, былтыр Дүниежүзілік құрылтайда Елбасы тиісті тапсырма беріп, «Отандастар» қоры құрылған болатын. Қор бүгінгі таңда қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Осындай меморандумдарға облыс әкімдіктерімен, министрліктермен де қол қойып жатырмыз. Қор жұртшылыққа ортақ. Сол себепті, шетелдегі қандастарды қолдауға бағытталған шаралар легі іске асырыла береді», - дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев.

null null null

Соңғы жаңалықтар