Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Түркі халықтарының жанашыры - Тұрар Рысқұлов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат-  Осы апта елімізде Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерейлі мерекесімен басталды. Ал шетелдегі қазақ тілді сайттарда бұл аптада қандай ақпараттар жарық көрді?  Қандай мәселелер көтерілді? Осы ретте ҚазАқпарат агенттігі өзге елдерде ана тілімізде жарық  көретін баспасөздерге шолу жасауды тұрақты негізде жүргізбек. Ендеше осы аптада жарық көрген тартымды тақырыптарды назарларыңызға ұсынамыз.

***

Бүркітші қазақ қызы туралы фильм моңғол көрермендеріне жол тартты

1 

Монғолиядағы қандастарымыз арасында соңғы күндері жағымды жаңалықтар көп болды. Аптаның басында ulgiinews.mn  сайтында бүркітші қазақ қызы туралы фильм моңғол көрермендеріне жол тартқандығы туралы ақпарат жарық көрді. Онда қазақ ұлтының саятшылық өнерін әлемге танытуға өз үлесін қосып жүрген Моңғолиядағы қандасымыз  Айшолпан Нұрғайыпқызының  қызықты өмірі жайлы "The Eagle Huntress" деректі фильмінің моңғол елінің астанасы Ұланбатырда ресми таныстырылымы болғандығы айтылған.

1 

Фильмнің  Ұланбатырдағы бұл ашылу салтанатына Айшолпанның әкесі Нұрғайып, сондай-ақ "Бүркітші қыз" киносын жарыққа шығаруға айтарлықтай үлес қосқан  Мәдениет, спорт, туризм министрлігінің  бұрынғы басшысы  Ц.Оюунгэрэл қатысқан.

Шараға қатысушы МҰХ мүшесі Л.Болд: "Көшпенділердің ерекше өнерін әспеттейтін "Бүркітші қыз" туындысы әрбір моңғол азаматы тамсанып тамашалайтын фильмдердің бірі болмақ", - дейді.

1 

Ал моңғол елінің  бұрынғы Мәдениет, спорт, туризм министрі: «Сіздер мен біздер осы фильмді тамашалауға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл фильм әлемнің біраз елдерінде көрсетіліп, ондаған кино фестивальдерінде жүлдегер атанды. Бүркітші қыз Айшолпан да еңбегінің жемісін көріп, кинодан түсетін табыстан өз үлесін алмақ. Тіптен ол кейінде осы тақырып аясында жасалатын мультфильмдер мен баспа арқылы шығатын әрбір туындыдан үлес алып отыратын болады», - деген жағымды жаңалығын фильм көрермендерімен бөліскен.

Қайсар қазақ қызының қағылездігі мен сүйкімді қылықтары, сондай-ақ таңғажайып дала табиғаты бейнеленген деректі кино ұланбатырлық көрермендерді бірінші көрілімде-ақ тәнті еткен.

***

Баянөлгейдегі «Шұғыла» журналына 60 жыл

2 

Аталмыш сайтта жарық көрген келесі тақырып Баянөлгейдегі «Шұғыла» журналының 60 жылдық мерейтойына арналыпты. «Ақтан Бабиұлын атындағы аймақтық кітапханада кітапханашы Бәтима Мұсақызының ұйымдастыруымен «Шұғыла» журналының 60 жылдық мерейтойына арналған оқырмандар конференциясы болып өтті. Оған Қобда университеті бөлімшесі студенттері мен ақын, жазушылар, оқырмандар қатысты. Кітапхана меңгерушісі Асқар Шаймарданұлы бұл шараны ашқаннан кейін әуелгі сөзді жазушы, «Шұғыла» журналы бас редакторының орынбасары Ербақыт Нүсіпұлына берді.

 «Шұғыла мерейтойы аймағымыз руханиятындағы елеулі мереке. Сондықтан бұл бәрімізге ортақ той,» - деді Ербақыт Нүсіпұлы. Ал, бұрынғы баспагер Мәжек Күреңмөрінұлы «Шұғыла» журналының баспада қалай жарық көріп келгенін, мұқабасын әрлеуде нені басшылыққа алғандары туралы әңгімеледі. Ертеректе аймақтық Партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде өңірімізді басқарған, «Шұғыла» журналының жарық көріп, қалыптасуына көп үлес қосқан Мұсахан марқұмның ұлы Қуандық әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Баспаханада корректорлық қызметтер атқарған зейнеткер Сьезд Абайқызы оқырман ретінде, ойларын ортаға салса, ақын Жанат Боқашұлы, Тілеухан Ақбайұлы да өз лебіздерін білдірді», деп жазады дереккөз.

***

Моңғолиядағы қазақ қызы алтыннан алқа тақты

3 

Моңғолияда мекендейтін қандастарымыздан тағы бір жағымды жаңалық жеткізден ulgiinews.mn сайты Баянөлгейлік  қандасымыз Меруерт Жәнібекқызы Моңғолия Республикасы бойынша қоғамтану пәнінен өткізілген олимпиадада алтыннан алқа таққандығын жазды.

2016-2017 жылғы оқу жылының мемлекеттік жаңартылған олимпиадасы бойынша  ел астанасы Ұланбатыр қаласында өткен қоғамтану пәнінен Республикалық бәсекеде қазақ қызы алғаш рет топ жарып, алтын алқа иегері атаныпты.

***

Тұрар Рысқұлов - түркі халықтарының жанашыры

4 

«Тұрар Рысқұлов  - түркі халықтарының жанашыры» осындай тақырыппен Түркияның https://www.trt.net.tr сайтының «тарих айдынында» көлемді мақала жарық көрді. Аты айтып тұрғандай бұл жазбада 1917 қазан төңкерісінен кейін социалистік жүйенің құрылуы барысында Орталық Азия халықтарының басын қосып, Түрік Республикасын құруды ұсынып, тың саяси пікірлерін ортаға салған мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмірі туралы айтылған. Мақала авторы Түркияда тұратын тарихшы ғалым Әбдіуақап Қара қайраткер Рысқұловтың  бірқатар ғылым ордаларының бой көтеруіне  мұрындық болған оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі, тағдыры  ұлт тағдырымен астасып жатқан және өзгеше трагедияға толы ғұмырына кеңінен тоқталыпты.

«Соңғы уақыттарда Түркияда зерттеушілердің Тұрар Рысқұловқа көбірек көңіл аудара бастағаны байқалады. Мұның негізінен екі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, Тұрар Рысқұлов татар әріптесі Мирсаид Сұлтанғалиев сияқты тек туған халқын ғана емес, бүкіл түркі халықтарының Тұран социалистік республикасын құруға ұмтылған болуы. Екіншіден, Түркиядағы ұлт-азаттық күресінің жетекшісі Мұстафа Кемал Ататүрікке деген құрметі.

...Түркияда Рысқұлов есімі жалпы алғанда Мирсаид Сұлтанғалиев, Нариман Нариманов және Мұстафа Сұпхимен бірге аталып өтіледі. Бұлардың ортақ ерекшеліктері сенімді коммунист болумен қатар туған халықтарының тағдырының түркі дүниесімен ынтымақтастықта екеніне сенген болуларында. Олардың социалистік негізде түркі бірлігі жөніндегі идеясы Сұлтанғалиевтың ұлттық коммунизм жөніндегі идеяларымен сабақтасады», деп жазады автор.

Мақалада, Тұрар Рысқұловтың идеяларын түркі халықтарының көшбасшыларымен сабақтастыра келіп, оның қазақ халқына ғана емес бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға екендігін айтқан. «Сонымен қорыта айтар болсақ Рысқұлов 1920- жылдары түркі дүниесін социалистік идеология негізінде бір шаңырақ астында ынтымақтастыру жөніндегі ұлттық коммунизм ағымының жетекшілерінің бірі болған ойшыл және ұлы мемлекет қайраткері. Оның қызметін тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі дүниесі еш қашан ұмытпақ емес», - деп түйіндейді мақала авторы тарихшы Әбдіуақап Қара.

****

                    Ат тергеудің астарындағы мәдениет

5 

Қытайдағы қандастарымыздың төте жазумен тарайтын баспасөз беттерінде де көптеген тартымды материалдар жарияланды. 1934 жылдан бері шығып келе жатқан «Шынжаң» газетінің осы аптадағы санында Ақан Жақияұлының «Ат тергеудің астарындағы мәдениет» атты мақала жарық көрді.

Мақалада автор халқымыздың ежелден келе жатқан, жасы, жолы, қоғамдық дәрежесі кішілердің өзіне үлкендерді, әсіресе ата-ана, ауыл ақсақалдары мен асыл аналарды, ел бастаған беделді адамдарды құрметтеудегі ерекше әдеп-салтымыздың бірі - ат тергеу туралы мол мәлімет беріпті.

«Қазақ халқында әр адамның шын аты, ерке аты және құрмет аты болады.

 Әр адамның шын аты сол адам алғаш дүние есігін ашқан кезде , ата-анасы азан шақырып қойған меншікті аты болса, ерке аты оның жанашыр туыстары, яғни әке-шешесі, нағашылары, аға-жеңгелері, әпке-жезделері, сондай-ақ басқа да жақсы көрген жанкүйер жақындары жағынан оның түр-тұлғасына, мінездемесіне, туыстық қатынасына қарай берілген еркелету сипатындағы жанама аты саналады.  Ал құрмет аты сол адамның өтеген міндетіне,  жұрт мойындаған ерекшелігі мен білім өресіне, халық алдында кенелген абыройлы еңбегіне қарай қоғам мүшелері жағынан бір тұтас мойындалған, әрі барлық адам жағынан жамырай аталатын абыройлы ат құрмет атағы болып табылады»,- деп жазады автор.

Сонымен бірге мақалада қазақтың ат тергеу дәстүрінің 22 түрі атап көрсетілген.

***

Сайрам көлі - Атлант мұхитының ең соңғы бір тамшы көз жасы

6 

«Сайрам көлі - Атлант мұхитының ең соңғы бір тамшы жасы». Осындай тақырыппен Қытайдың «Тяньшаньнет» ақпараттық порталында аңызға айналған Сайрам көлі туралы фоторефортаж жарияланды.

Сайрам көлі - Шынжаңдағы  теңіз деңгейінен ең биік орналасқан, көлемі ең үлкен, көркі көз тартатын асқар таудағы көл әрі Атлант мұхиттың жылы ауа ағынының ықпалында жатыр. Сондықтан да көлді «Атлант мұхитының ең соңғы бір тамшы жас» деп те атайды.

6 6 6 

***

Алтайдың Көктоғай ауданы Бүкіләлемдік геопарктер желісіне енгізілді
 

Осы порталда жарық көрген келесі ақпаратта Азия, Еуропа және Латын Америкасындағы сегіз геологиялық нысан Бүкіләлемдік геопарктер желісінің тізіміне алынғандығы жазылған. Олардың қатарында - Ирандағы Кешм аралы, Аршан қорығы (Қытай, Ішкі Моңғолия) мен Көктоғай (Қытай, Шынжаң) бар.

«Сегіз нысанға қатысты шешім ЮНЕСКО-ның Атқару кеңесінің 5 мамырдағы сессиясында қабылданды. Тізімге Кешм аралы мен Қытайдағы екі қорықтан басқа Францияның оңтүстік батысында орналасқан Кос дю Керси үңгірі, Мексикадағы Комарка Минера мен Микстека Альта геологиялық нысаны алынды. Тізімді Корея Республикасындағы Чхонсон паркі мен Испаниядағы таудағы Лас-Лорас тақыры нысандары толықтырды»,- деп жазады дереккөз.

Бүкіләлемдік геопарктер желісі ЮНЕСКО басшылығымен 2004 жылы құрылды. Ол ғаламшардағы сирек әрі көрікті геологиялық мұралардың басын біріктіреді. Қазіргі уақытта тізімге 35 мемлекеттен 127 геопарк кіргізілген.

***

Қытайдағы қазақ боксшысы екі нұсқа бойынша Азия чемпионы атанды

7 

Қытайдың «халық газеті» Шындаңдағы қандасымыз 23 жастағы кәсіпқой боксшы Бейсенбі Нәсиоллаұлы Азия чемпионы атанғандығы туралы сүйіншілі жаңалық жариялады. Ол   (12-0-1, 5КО) 7 мамыр күні өткен кезекті кездесуінде жеңіске жетіп, супер жеңіл салмақта (63,5 келі - 140 фунт) екі нұсқа бойынша Азия чемпионы титулын жеңіп алған.

Айта кетейік, қытайлық жанкүйерлер Головкиннің ізбасары деп «OneG» атап кеткен Бейсенбі кәсіби рингте жалпы 12  кездесу өткізіп, 11 айқаста жеңіске жеткен (5 нокаут) және біреуінде тең түскен. Қандасымыз 2015 жылы - 7, 2016 жылы 5 жекпе-жек өткізіп, WBC нұсқасы бойынша бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы (WBC World Youth Champion) және WBA бойынша Қытай чемпионы атанған болатын.

7 

 

Соңғы жаңалықтар