Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Өзге ұлттар ат тағалауды Еуропадан үйреніп жүр
2017 жылғы 29 шілде 13:00

Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Өзге ұлттар ат тағалауды Еуропадан үйреніп жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзге ұлттар ат тағалауды Еуропадан үйреніп жүр - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

null

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Арзыгүл Әбдешқызының шабандоз, атбегі Жеңіс Әбдібекұлымен болған сұхбаты жарық көрді.
Аталған сұхбатта ат спортының кедергіден өту түрі бойынша Қытай мемлекетінің неше дүркін чемпионы Жеңіс Әбдібекұлы ат спорты жайында өзекті әңгіме өрбіткен.

«Мен 1968 жылы ҚХР Іле қазақ автономиялы облысының Моңғолкүре ауданында туғанмын. Бұл аудан Қытай мемлекеті «Тұлпар мекені» деген атақ берген жер. Алғашқы үлкен аламанға 1983 жылы Ішкі моңғолия автономиялы өлкесінің орталығы Хух-хото қаласына өткен жарыста қатыстым. Сол жолы ат спорты бойынша кедергіден өту бәсекесінде бас жүлдені қанжығаладым. Осыдан бастап ат спортының талай аламанында сынға түстім. Жалпы ат спорты, әсіресе кедергіден өту түрінің қиындығы көп. Мұнда адам мен жануардың бір-бірімен сәйкесуі, ұштасуы, бірігіп әрекет етуі керек. Тілсіз жануардың бабын табу, ойын оқу оңай болмаса керек. Мен 33 жыл ат спортын серік еткен уақытымда өзіме үш жақсы тұлпарды жолықтырдым. Алғаш тақымыма түскен, баптаған тұлпарым өзімнің туған жерім Моңғолкүре ауданының сәйгүлігі болды. Оны 1985-1992 жылдары спорт жарыстарында міндім. Мемлекеттік жарыстарда 2-3 орындарды осы тұлпарым алып берді. Екінші рет өзіме серік болған тұлпарды 1991 жылы Қырғызстаннан таңдап сатып алдым. Бұл сайгүлік Қытайдың мемлекеттік жарысында бас жүлдені қанжығалады. Ал 2000 жылы Мәскеу қаласына барып сатып алған тұлпарым да Қытайдағы жарыста алтын олжалады», - дейді Жеңіс Әбдібекұлы сұхбатында.

null

Бүгінгі күні өзінің ат спортындағы ұзақ жылдар бойы жинаған, саралаған мол тәжірибесін жастармен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге, ат баптауға ден қойған Жеңіс Әбдібекұлы ат спортына қызығатын қазақ жастарына өз кеңесін айтқан.

«Қазір Қытай елі ат спортын дамытуға мән беріп отыр, бір ғана Бейжің қаласының өзінде 200-ден астам ат спорты клубы жұмыс істейді. Қытайдың басқа да ірі қалаларында осы шамада ат спорты клубтары бар. Мені қазір Лияуниң өлкесінің Шынияң қаласындағы кәсіптік ат спорты клубы арнайы шақырып, жұмыс беріп отыр. Сол қалада бізден басқа 20-дан астам ат спорты клубы бар. Қытайда мен секілді бала күнінен ат жалында өскен, жылқының болмысын түсінетін, ат спортын өміріне серік еткен тәжірибелі маман, атбегілер өте аз. Сондықтан елдегі осыншама көп ат спорт клубтары үшін шабандоз да, атбегі де, басқа мамандары да жетіспейді. Көбін шетелден шақыртып жатады. Десе де жылқы жүрген жерде қазақтың да жүруі заңдылық секілді. Жоғарыдағы аталған ат спорты клубтарында қазақ азаматтарының да жұмыс істеп жүргенін көріп қалам. Бірақ әліде болса саны аз. Бізге қарағанда бұл салада моңғол ұлтының азаматтары көп жүр. Ұлтымыздың жастары осы мүмкіндіктерді жақсы пайдалануы керек. Бәйге аттарына міне білумен бірге, оларды баптауды және ат тағалау өнерін меңгергені абзал. Тіптен, жылқы ауруларын емдей білесе де артық болмас еді. Бұлардың барлығы ат спортындағы қажетті мамандықтар, бүгінгі күні сұраныс тудырып отыр. Мәселен бұрындары ат тағалау қазақтың күнделікті өмірінде екінің бірі атқара беретін қарапайым шаруа болған. Ал бүгінгі күні сол ат тағалауды үлкен өнер, мамандық деңгейіне көтеріп, өзге ұлттар, қытай азаматтары Еуропа елдерінен, Германиядан арнайы барып оқып келіп жүр. Қытайдың ішкі қалаларында бәйге аттарын қыздырып басып тағалау 1500 юаньға (72 мың теңге), жай тағалау 1000 юаньға (48 мың теңге) бағалануда», - дейді шабандоз, атбегі Жеңіс Әбдібекұлы.

null

Иранның анимациялық фильмі Еуразия кинофестиваліне қатысты - «Фарс» ақпарат агенттігі

null

Иранның «Калиле мен Демне» анимациялық фильмі Қазақстанда өткен Халықаралық Еуразия кинофестиваліне қатысып, қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

«Иранның «Калиле мен Демне» анимациялық фильмі режисерінің фестивальдің жабылу салтанатына қатыса алмауына қарамастан, жүлдені ИИР-дың Қазақстандағы өкілі алды. Халықаралық 13-ші Еуразия кинофестивалі 2017 жылы шілденің 22-28 күндері Қазақстанның елордасы Астана қаласында өтті», - деп хабарлайды Ирандық БАҚ.

null

Қаба ауданындағы «қазақ емшілік ауруханасы» халық көңілінен Шықты - «Алтай газеті»

null

ҚХР Алтай аймағының Қаба ауданындағы қазақтың дәстүрлі медицинасымен емдейтін «Қазақ емшілік ауруханасы» нәтижелі жұмыс атқарып, халық жиі барып емделетін орталыққа айналды, деп жазады kz.ts.cn/altai сайты.

null

«2010 Жылы Қаба аудандық халық ауруханасының жанынан қазақ емшілік бөлімі ашылған болатын. Ал, 2014 жылы мемлекеттік орталық биліктің тікелей қолдауымен, Қаба ауданында қазақ халқының дәстүрлі медицинасын өзек еткен «Қазақ емшілік ауруханасы» жеке орталық болып құрылды. Осы медициналық орталыққа арналып 2016 жылы мемлекет қазынасынан 21 миллион 100 мың юань қаржы бөлініп, заманға сай жаңа нысанның құрылысы салынды. Аурухана әртүрлі сүйектің өсіп, қалыңдауын, бел, мойын омыртқа сүйегі шеміршегінің өсуін, тыныс алу жүйесінің ауруларын, түрлі тері ауруларын қазақтың ұлттық медицинасымен емдейді. Орталыққа күнделікті келіп емделетін жергілікті қытай, қазақ ұлтының азаматтарынан басқа, шетелден арнайы келіп ауру көрсететін науқастарда көп. Солардың қатарында Қазақстаннан - 109, Моңғолия елінен 18 науқас осы ауруханаға арнайы келіп емделген», деп жазады жергілікті БАҚ.

null null

Жембориге Баян-Өлгейден 150 скаут бала қатысады - kaznews.mn

null

Моңғолия жерінде Азия, Тынық мұхиты аймағы елдерінің 31 -ші жембориі яғни скаут балалардың кездесуі өтеді, - деп жазады Моңғолиялық KAZNEWS ақпараттық порталы.

«27- ші Шілде мен 2-ші тамыз күндері аралығында Найрамдал лагерінде әлемнің 50 елінен екі мыңға жуық скаут келеді деп күтілуде. Елімізден 4000 скаут қатысады. Олардың арасында Баян-Өлгей аймағынан 150-ге жуық скаут балалар аталмыш жембориге қатысуға аттанды», - деп жазады дереккөз.

null

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Скаутинг - бұл жастардың білім беру қозғалысы. Ол өз қызметін бүкіл әлем бойынша жүзеге асырады және жас ұрпақтың бойында дербес ойлауды, көшбасшылық қасиетін, отансүйгіштікті тәрбиелейді. Скауттық миссия - үлкен идея: әлемді жақсы етуге талпынуды жүзеге асыруға негізделеді. Ал скауттар - бұл өздерінің игі мақсаттарына жетуге барлық күштерін салатын балалар. Халықаралық лагерьлерде өткізілетін скауттар жиынын бүкіл әлем скауттарының арасында «Жембори» деп атайды. Биылғы жембори тақырыбы: «Көшпенділерге саяхат».

Алтай қаласы Қытайдағы ауасы таза қалалардың көшін бастады - «Алтай ақпарат» сайты

null

Гонконгтегі әлемдік бәсекелік ортаны зерттеу қоғамының саралауымен Қытайдағы ауа бассейнінің ластануы төмен болған 50 қала анықталды, деп хабарлайды altxw.com сайты.

null

Шыңжаңдағы Іле қазақ автономиялы облысына қарайтын Алтай аймағының орталығы Алтай қаласы Қытайдағы ауасы таза 50 қаланың ішінде үшінші орынға ие болды. Бірінші, екінші орындарға Иуннан өлкесінің Лижиаң, Диңчиң қалалары жайғасқан. Алдыңғы 10 орындағы қалалардың атмосфералық ауасының тазалығы 100 пайызға жақын көрсеткіштерді көрсеткен.

null null

Қазақстанда өтіп жатқан ЭКСПО-2017-ге ТРТ де үлес қосуда - ТРТ агенттігі

Түркия Радио Теледидар агенттігі Қазақстанда өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі үшін арнайы ұйымдастырылған іс-шараларға Түркия елі де өз үлесін қосып жатыр деп жазады. Аталған Түркиялық БАҚ-тың өзі де осы шараларға ақпараттық қолдау көрсетіп отырғаны туралы хабарлайды.

null

«Қазақстанның ЭКСПО-ны өткізу құрметіне орай Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен екі үлкен шара ұйымдастырды. Алғашқы шара - «Ұмытсам сыбырла» атты кинотуынды Астанадағы «Керуен» Кинопарк залында 17 маусымда көрерменге ұсынылған. Астаналықтар мен қала қонақтарына екінші сый - «Қазақстан -Түркия достық әуендері-2» атты концерт.
Еске сала кетсек, дәл осы тақырыппен 2016 жылғы 26 қазанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концертті қала халқы үлкен қошеметпен тамашалаған болатын. Концертте Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты «Түркі әлемі музыкалық ансамблі» және Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» оркестрінің сүйемелдеуімен әндер шырқалып, күйлер тартылды. Қос оркестрдің тізгіні Австрияда білім алған дирижер, «Алтын таяқша» дирижерлер байқауында Гран-при жүлдесін олжалаған Ернар Нұртазинде болды. Күміс көмей әншілер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал қазақтың танымал «Дудар-ай», «Қарлығаш» сияқты әндерін қос оркестрдің сүйемелдеуімен шырқады»,- деп жазады ТРТ агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қазақстанның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі үшін арнайы ұйымдастырылған концертке тек түрік өнерпаздары ғана емес, Қазақстанда жұмыс істеген KazStroyPodryad сынды түрік фирмалары мен Түркия Радио Теледидар Мекемесі ТРТ де демеуші ретінде қолдау көрсетуде. ТРТ өткен апталарда ЭКСПО-ға арнайы түрде Астанада ұйымдастырылған «Қазақстан Барысы-2017» турнирін тікелей эфирде жариялады.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT