Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Қазақстанда Қытайдың көне тілін сақтап келе жатқан халық тұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда нағыз Шэньси акцентімен сөйлейтін, Қытайдың 127 жыл бұрынғы сөйлесу әдетін, тіл қолданысын бұзбай сақтап келе жатқан тұрғындар бар. ҚазАқпарат Шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуды ұсынады.

Қазақ саясаткерлері мен зиялыларының 1937 жылы репрессияға ұшырауы - ТРТ агенттігі

null 

Түркия Радио Теледидар агенттігі тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қараның 1937 жылдардағы Кеңес билігінің  қазақ халқына жасаған үлкен қиянатын, яғни ұлтымыздың жол бастаушы көсемдері мен зиялыларының басым көпшілігін қырғынға ұшыратқан нәубеттің қалай басталғаны және салдары  туралы қаузаған танымдық мақаласын жариялады.

Автор Әбдіуақап Қараның жазуынша, қазақ халқының ұлт зиялыларын жою науқаны, Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында Сталиннің сөйлеген сөзінен кейін басталды. Өйткені сол жиында Сталин «Партия жұмысындағы кемшіліктер және троцкшілдер мен өзге де екіжүзділерді жою шаралары туралы» баяндама жасаған еді. Міне, осыдан кейін социалистік жүйеде қала отырып қазақтың көсегесін көгертуге бүкіл күшін салып жүрген саясаткерлерге Кеңестік биліктің қанды шеңгелі іліне бастады. «...Ғалымдар қызыл террор кезінде бүкіл Кеңес Одағы бойынша 1 миллион 710 мыңнан астам саясаткердің айыпталып қамалғанын және олардан 725 мыңдай адамның атылғанын келтіреді. Ал олардың ішінде Қазақстаннан 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сталин бір жылдан кейін қызыл науқанның тым шектен шығып кеткенін байқап қалса керек. Ол, 1938 жылы күзде бұл науқанды тоқтатады. 1938 жылы қазан айында НКВД-нің жанындағы Ерекше Кеңестен басқа сотсыз үкім шығаратын органның бәрі таратылды. 25 қазанда НКВД-нің басшысы Ежов орнынан түсіріліп, орнына Берия тағайындалды. Дегенмен мұнымен қазақ қоғам және мемлекет қайраткерлеріне қарсы қуғын-сүргін жазалары тоқтаған жоқ. Ғалымдардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне негізделе отырып атап өтуінше, ұлт жанашырларына «халық жаулары» деп жалған айып тағып ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген», деп жазылған мақалада.

Автор мақаласында басқа да көптеген тарихи деректерді ұсына отырып нәубет кезеңнің, сұрқай заманның шын тарихын баяндайды. Сонымен бірге жаппай қуғындап, ату жазасынан құтылған бірден бір жетекші Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай туралы жазады.


Қазақстанда Қытайдың көне тілін сақтап отырған тұрғындар бар  - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

2 

Қазақстанда нағыз Шэньси акцентімен сөйлейтін, Қытайдың 127 жыл бұрынғы сөйлесу әдетін, тіл қолданысын бұзбай сақтап келе жатқан тұрғындар бар, деп жазады Қытайдың  kazakcnr.com сайты.

22 

Бұл ретте қытайлық ақпарат көзі Қазақстанның Жамбыл облысы Қордай ауданында тұратын дұңғандар туралы жазды. Олардың ата-бабалары Қазақстанға Қытайдың  Шэньси, Ганьсу облыстарынан  ХIХ ғасырда Манжұр-қытайлық Цин династиясының қысымынан қашып келген болатын. «Жергілікті халық дұңғандардың келген жерлеріне байланысты тұрып жатқан ауылдарын «Шэньси ауылы» және «Ганьсу ауылы» деп атап кеткен. Кеңес билігі тұсында осы бір ерекше халыққа  «дұңған» деген ат берілген (өздері ұлт атын «хуэй» деп атайды). Дұңған қыздары ұзатылғанда бүкілдей қолмен тігілген киім киеді. Қазақстанның Шэньси ауылындағылар жүз неше жылдың алдындағы әдет-ғұрыпты жалғастырып келеді, ұзатылатын қыз аяғына кестелі шақай, үстіне қызыл жібек көйлек киіп, шашын  Цин династиясындағы немесе Миң патшалығы тұсындағы үлгі бойынша жасатып, түйреуіш қыстырады. Дұңғандардың қытай тілі білімі сол баяғы Цин династиясының соңғы мезгілімен қарайлас тоқырап қалған, қазіргі Қытай тілінен мүлде бейхабар. Олар өз тілдерінде үкімет үйін «жамбыл», әкімдерді «төре», дүкен қожайындарын «қазынашы» деп атайды. Әлдеқашан ұмыт болған ән-күйлер бұл жерде әлі де шырқалуда», деп жазады дереккөз.

222 

Сондай-ақ, басылым Қазақстандағы 130-дан астам ұлттың ішінде дұңғандардың өнер-білім үйренуге айрықша ынталы, түрлі мамандықтарды жақсы меңгерген,  әсіресе ауыл шаруашылығы саласында еңбекшілдігмен көзге түскен ұлт екенін жазады.

2222 22222 


Ішкі Қытай жеріндегі қазақ ауданының таңғажайыптары - «Жэньминь жибао» (People Daily)

3 

Қытайлық kazakh.people.com сайты ішкі Қытай жерінде орналасқан, қазақ мәдениетінің шығыстағы ошағы саналатын Ақсай ауданындағы жұртты таңғалдырған ғажайыптар туралы жазды.

Мақалаға сүйенсек, Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында ерекше қазақ музейі бар. «Одан ұзындығы 60 метрлік, түрлі оюмен өрнектелген қазақтың сырмағын көре аласыз. Бұл Шанхай қаласы халықаралық гиннестің рекордына енгізген дүниедегі ең ұзын сырмақ. Ал осы мұражайдағы сақталған мүйізінің ұзындығы 147 см арқардың басы да ғалымдардың сараптауымен әлемдегі мүйізі ең ұзын арқар басы болып мойындалған.Сонымен бірге Шанхайдағы әлемдік гиннестің рекордына енген дүниедегі ең үлкен көмеш те (көмеш , көмбе - ұлттық тағам) Ақсай ауданында», - делінген мақалада.

33 

«Ақсай ауданының ұлттық салт-дәстүр саябағына атбасын бұрсаңыз, онда Азиядағы ең үлкен қазақ үй формасындағы құрылысты көресіз. Бұл құрылыс мамандарының пайымдауынша қазіргі күні Азиядағы ең үлкен қазақ үй болып мойындалуда», деп жазады Қытайдың мемлекеттік ақпарат сайты.

  
Ұланбатыр қаласында «Жүрек үні» атты шығармашылық кеш өтті - kaznews.mn

4

Моңғолия астанасы Ұланбатырда «Жүрек үні» атты ақын Аманжол Бәделұлының шығармашылық, әдеби сазды кеші өтті, деп хабарлайды kaznews.mn жаңалықтар сайты.

«Аталған кеште ақын сөзіне жазылған әндер мен Баян-өлгейлік сазгерлердің шығармалары орындалды. Концертте ММОҚ, халықаралық бірнеше фестивальдер лауреаты Айгүл Қалидолдақызы, белгілі әнші Гүлмайра Әкімқызы, Опера және Балет театрының әншісі Толқын Маратқызы, Баян-өлгей аймағы Музыкалы драма театрының актері Нұрлан Қасиханұлы және өнерлі жастар қатысты. Шығармашылық кеш жан тебірентер әндер мен өлеңдерге толы, ұлттық құндылықтар, тіл, дін, салт-дәстүрді қастерлеп, насихаттағанымен ерекшеленді», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

 

Соңғы жаңалықтар