+7 (701) 759 90 19
USD 386.30 EUR 428.14
RUB 6.08 CNY 54.87
Jańalyqtar

Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының жұмысы жанданып келеді

2019 жылғы 16 қараша 23:25
Бөлісіңіз:
Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының жұмысы жанданып келеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл шетелдегі қандастарымыздың Қазақстанаға көш түзегеніне 28 жыл толып отыр. Алғашқы оралман көші 1991 жылы наурыздың 17-де Моңғолиядан шығып, 22-де Алматы облысына келіп жеткен еді.

Ұқсас жаңалықтар
Министр этникалық қазақтарға азаматтық берудегі өзгерістер туралы айтты Шәріп Сәйпіғалиұлы «Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер» атағымен марапатталды «Омбы қазақтары» мектептерге қазақ тілі пәнін қайтаруға талпынып жатыр

«Шетте жүрген біздер кезінде әлемдегі тәуелсіз мемлекеті бар халықтарға қызығушылықпен қарап «Шіркін–ай, біздің қазақтың басына да осындай бақ қонар ма екен» деп тебіренуші едік, әлем қазақтарының қара шаңырағы саналатын Қазақстан басқа елдің қол астында, бодан боп жүргенін ойлаған сайын көңілге қаяу келіп, еңсеміз бір көтерілмеуші еді» деп атам айтып отыратын.

Сөйтіп 1991 жылы халқымыздың арман асқарынан тәуелсіздіктің ақ таңы атып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей қазақ дүр сілкініп, қайта түледі. Тәуелсіздік нышандары бекітіліп, дербес мемлекеттің Әнұраны орындалып, қасиетті көк байрағымыз көкте желбірей бастағанда талай жұрт, әсіресе сол шеттегі қалың қандастың көз жасына ие бола алмай қалған кездері болды. Өйткені, осыдан отыз жыл бұрынырақта дүниенің көп жерінде қазақ деген халықты ешкім білмейтін еді. Қазақпын десең «ол қандай ұлт» деп таңырқай сұрайтын. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздік алып, қазақ деген халықты бүкіл әлем тани бастағанда шетелдегі ағайынның қуанышы бөлек еді. Шеттегі демекші, олардың көпшілігі өздерінің ежелгі атамекендеріне отырса да әртүрлі себеппен Қазақстаннан сырт қалып қойды, енді біразы өткен ғасырдағы қуғын-сүргіндерде өзге елдерге барып паналаған. Талай-талай бозала таңдарды еліне деген сағынышпен атырып, алыста қалған атамекеніне қарай-қарай көз талдырған мыңдаған қандастарымыздың үзіле жаздаған күндері қайта жалғанып, сөне жаздаған үміт оты қайта маздады.

1991 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барғанда сол елдегі қандастармен кездесіп отырып, әлем қазақтарының басқосуын өткізсек деген ойын тұңғыш рет ортаға салған еді. Бүкіл қазақтар қуана қоштап, асыға күткен тұңғыш құрылтай 1992 жылы қыркүйек айында Алматы қаласында салтанатпен ашылды. Бұл жиын дүниежүзіндегі қазақ қауымын дүр сілкіндірген, енді ғана тәуелсіз алған жас Қазақстан Республикасының өміріндегі ең елеулі оқиғаларының бірі болды.

Әлем қазақтарының екінші құрылтайы 2002 жылы Түркістан қаласында өтті. Бұндай шешім елдің өткен тарихын қадірлеуден бүгінгі жеткен биігімізді және бір бағдарлап, болашақ даму жолымызды айқындаудан туған еді. Өйткені, қасиетті Түркістан қаласының қазақ халқының тарихындағы алар орны ерекше. Осынау күллі қазақ үшін қасиетті мекенде дүниенің түкпір-түкпірінен келген қазақтар XXI ғасырдың алғашқы сәтінде ата-бабаларының дәстүрі бойынша ұлы жиын өткізіп, тәуелсіз қазақ мемлекетінің болашағы жайлы арман-мақсаттары ортаға салды. Жаңа ғасыр басындағы қазақтардың бүкіләлемдік басқосуы жоғары деңгейде өтті. Жер шарының әр қиырынан жиналған қазақтар Арыстан Бабтан бастап Ахмет Ясауиге дейінгі барлық қасиетті орындарға зиярат етті. Түркістан қаласының зәулім сарайында ұлтымыздың бүгіні мен болашағына арналған салтанатты жиналыс болды. Салтанатты жиында Президент Н.Ә.Назарбаев «Бұл құрылтай - қазақ халқының жаңа мың жылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі» деген атпен көлемді баяндама жасады. Баяндамада Н.Назарбаев шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы байланыстарын нығайту, көші-қон жөніндегі жұмыстарды бұрынғыдан да жандандыру сияқты мақсат-міндеттерді айқындап, үкіметтік мекемелердің және басқа да тисті орындардың атқаруы тиіс жұмыстарын сан-салаға бөліп, нақты көрсетті. Соның нәтижесінде еліміздің шетел қазақтарымен байланыс, олардың атажұртқа қоныс аударуы құрылтайдан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы, бұрын саябырси бастаған көші-қон қайтадан қарқын алды. Соңғы 2-3 жылда көші-қонның айқын бір көрінісі, әлем қазақтарының бұл құрылтайларынан қалған ең үлкен із-шет елдегі қазақтармен байланыс жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуы болды. Құрылтай делегаттары қауымдастықтың төрағасы етіп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бірауыздан сайлаған.


Бұл бір жағынан, әлемнің әр түкпірінен келген ағайындардың жаңадан құрылған ұйымының төрағасы – Елбасының болуы мәртебе, құрмет саналса екінші жағынан, бүкіл қазақтың болашақ тағдырына қатысты шаруаның бас-қасында Елбасының отыруы осы саладағы жұмыстардың нәтижелі, жүруіне жол ашады деген сенім еді. Алыстағы ағайынның сол сенімі толық ақталды.

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы шетелдегі қазақтардың мәдени-рухани оқу-білім саласындағы жағдайларымен танысу, олардың бұл жөніндегі мұқтаж мәселелерін Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп отыру сияқты міндеттерді жүзеге асырады. Шетелдерде қазақ халқының тарихымен ежелгі мәдениетіне, өнер мен әдебиетіне қатысты бай мұралар жеткілікті. Қауымдастық осы қазына байлықтардың ұмыт қалмай, халық игілігіне жарауына өз үлесін қосуда. Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы 2017 жылы 23 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында ашылды. Әлемнің әр қиырынан елордаға жиналған қандас ағайындар жаңа елорданың күн сайын қарқындап дамып, өркендей түскенін және «ЭКСПО-2017» халықаралық көремесін көріп сүйсінді. Құрылтайда ел болашағына, оралмандар тағдырына қатысты мәселелер де ортаға салынды.


Ағайындардың атамекенге қоныс аударуларын заңдық тұрғыда қамтамасыз ету, шетелдегі қазақ диаспорасының мәдениет, ақпарат алу, спорт саласындағы байланысы, жастардың Қазақстанға оқу орындарында білім алу, бизнес кәсіпкерлік саласындағы байланыстарға айналған басқосудың игі нәтижеге жол ашты. Құрылтайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасы Н.Назарбаев әлемнің 39 елінен келген Дүниежүзілік құрылтай қатысушыларына сөз арнады. Осы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасы болып Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды. Ал Елбасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков келіп, ауқымды жұмыстар қолға алынды.


Соңғы жылдары сәл бәсеңсіп қалғандай көрінген көші-қон мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасынан кейін жаңа сипатқа ие болды. Елбасы бастамасымен Қауымдастық жанынан Нұртай Әбіқаев басқаратын «Отандастар Қоры» құрылды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, «Отандастар Қоры» алыстағы ағайынмен байланыс жасауға міндеттелді.

Қауымдастықтың жұмысы қазіргі күні де қарқынды. Атап айтқанда, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының жұмыстары жанданып отыр. Шетелдерде тұратын қандастар өтінішіне байланысты мәдени орталықтарды музыка аспаптарымен, қолөнер бұйымдарымен, ұлттық киіммен қамтамасыз ету жолға қойылды. Осыған орай «Дәстүрлі қоржын» атты кең ауқымдағы жобаны жүзеге асырып отыр. Шетелдегі бауырларымыздың сұрауымен қазақ халқының салт-дәстүрі мен атақты тарихи тұлғалары туралы арнаулы роликтер шығара бастады. Шеттегі атақты танымал қазақтар туралы «Алыстағы ағайын» фильмдері шығарылып жатыр. Қандастардың оқу, білім алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. ЖОО оқуға шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдеріне квота көлемі 4 пайызға артты. 2019 жылы ЖОО дайындық бөлімдеріне 1 000 орын аса бөлінді. Сондай-ақ, биыл алғаш рет магистратураға, докторантураға грант бөлініп отыр. Қазақ тілін, тарихын, дәстүрін үйрететін жазғы демалыс лагерьлерін ұйымдастыруды қолға алып, жылдан-жылға дамып келеді.

Атам қазақ айтқандай «Елге ел қосылса - құт»!

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы екі жылдан бері «Асар» жобасы секілді жаңа форматтағы «Тұрғын үй және жұмыс» жобасын қолға алды. Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жерде 42-разъездің қасынан ауыл шаруашылығына арналған 196 гектар жер сатып алған. Бұл жер телімдерін 1 282 отбасы иеленді. Олардың барлығы оңтүстік өңірлерден келіп, ЭКСПО-2017 құрылысына атсалысқан, енді солтүстікте тұрақтап қалғысы келген оралман отбасылар. Оларға жайлы пәтерлер мен үйлерден тұратын шағынаудан құрылысын жоспарлап отыр. Бұл агроқалашықта 3 500 жұмыс орны ашылады: 300 гектар жерге жылыжай салынады, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар және жылқы өсіретін орталықтар құрылады. Баға нарық бағасынан екі есе төмен болады. Бұл жылыжайларда өсірілген көкөністер сапалы әрі арзан болмақ. Сонымен қатар, жылқы өсіріп, бордақылайды. Жылқылар кезекпен далада жайылады. Бұл жоба кейін еліміздің 9 облыс орталығында құрылады.

Сонымен қатар, Түркістан облысының Келес ауданында болады. Бұл аудан Ташкентке тиіп тұр. Ташкенттегі 3 млн адамға ет-сүт өнімдері жетіспейді. Отанға көшкісі келетін қандастарымыз үшін 200 гектар жерге агроқалашық салу жоспарланып отыр. Географиялық орналасуына байланысты өзбек кәсіпкерлермен бірлесіп, ет-сүт өндіру, мал жемдеу, жеміс-жидекті израильдік технологиямен өңдейтін кәсіпорын құру мүмкіндігі де бар. Кооператив құрылса, жергілікті шаруалар мал бордақылауға жем-шөп дайындап, сүт өнімдерін, жеміс-жидек пен көкөністерін өткізер еді. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарын ашады.

Жоба бойынша басында айтып өткенімдей, осындай жерлерге арнаулы білімі бар 35 жасқа дейінгі жастар шақыру жоспарланған.

Қорыта келе айтарымыз, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дәрежесі жоғары деңгейге көтеріліп, сонымен бірге дүниежүзінің түкпір-түкпірінде шашырап жүрген қазақтардың басын қосуға байланысты көп қиындықтар кездессе де, Елбасының сарабдал саясатының арқасында көп шаруа атқарылды. Шетелдегі қазақтардың ұлт ретінде өсіп-өркедей беруіне Қазақстан тарапынан қолда бар мүмкіндіктердің бәрі жасалуда. Осы бағыттағы іс-шаралар легі тоқтамайтынына сенім мол.

Авторы: Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Қандастар, Нұр-Сұлтан,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT