Шетелдегі қазақ баспасөзі: Ирандық қандастың табысы. Қаден Қабенұлы Шыңжаңның бас хатшысы болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ирандық қазақ баласының табысы - TRT

Иранда Гүлистан уәлаятының Бендер Түрікмен қаласында тұратын қазақ оқушы Ирфан Көрпе университет емтиханында ел көлемінде үшінші орын алды, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Иранда биыл 1 миллион 366 мың 931 талапкер мемлекеттік университетте оқу үшін бақ сынады. Жоғары сыныптың бір бөлімін Бендер Түрікмен қаласында, қалғанын Гүрген қаласында оқыған қазақ оқушы осы емтиханда үздіктер қатарынан көрінді. Ол жақсы нәтиже алған үшінші талапкер болды.

Иран қазақтары қауымдастығы мен Қазақстанның Горган қаласындағы консулдығы Иран көлемінде университет емтиханында үлкен табысқа жетіп, үшінші орын алған Ирфан Көрпе құрметіне арнайы рәсім ұйымдастырылды. Оның осы табысы Ирандағы жалпы қазақтар мен Бендер Түрікмендік жерлестерін қатты қуантқан.

Аталған шарада Қазақстанның Горгандағы бас консулы Айтжан Айдашев сөз сөйлеген.

Айдашев Горган-Ақтау арасындағы ұшақ рейстеріне айырықша тоқталып, ұшақ рейстерімен осындай балаларымыз атамекеніне жете алатынын атап өткен.

Айта кетейік, Иранда тұратын қазақтар жалпы Бендер Түрікмен, Горган және Күммеб Гавуз қалаларында тұрады.

Жүк көлігінің жүргізушісі Ш. Жұлдыз жұмысының қиын тұстарын айтып берді - Kaznews

Моңғолиялық Kaznews сайты 4 жылға жуық жүк көліктерінің жүргізушісі болып жұмыс істейтін Ш.Жұлдыз есімді қандасымыздан жұмысының қыр-сыры туралы сұхбат жариялады.

Соңғы уақытта әйелдердің жүк көліктерді жүргізуге қызығушылығы артып келеді. Осы жолы нәзік жанды қауымның ерге бергісіз бұндай қабілеті мен ерік-жігері әлеуметтік желіде көп талқыланып, кейбірі оған батылдығы үшін сәттілік тілеген.

Тілшіге берген сұхбатында моңғолиялық қандасымыз бала кезінен көлік жүргізуге әуес болғанын, бұл жұмысқа ол бала-шағасын асырау үшін барғанын айтады. Ол алғаш көлікті жүргізуге келгенде қорқынышы болғанын жасырмайды. Кейіннен тәуекелге бел буып, көмір тиейтін көлікті де меңгергенін және жұмысының қиын тұстарын да айтып берген.

Айта кету керек, Ш.Жұлдыз жүк көлігін жүргізетін өзі сияқты әйелдерді жігерлендіру үшін Тик-Ток әлеуметтік желісінде видео түсіреді екен.

Түркітілдес елдердің бас прокурорларының кеңесі құрылды - «ӨзА»

Әзербайжан астанасында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі бас прокурорларының бірінші отырысы өтті, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың хабарлауынша, атаулы шараға Қазақстан, Қырғызстан, Түркияның бас прокурорлары, Венгрияның елшісі, сондай-ақ Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов және Халықаралық прокурорлар қауымдастығының президенті Чеол-Кю Хван қатысқан. Кездесу барысында құқықтық саладағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы, мүше мемлекеттердің ведомстволары арасындағы координация мен тікелей байланыстарды нығайту трансшекаралық қауіп-қатерлерге, оның ішінде экстремизм мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұруда маңызды рөл атқаратыны айтылған.

«Осындай тығыз байланыс арқылы құқықтық көмек көрсету, прокурорлар қызметінің тиімділігін арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында «Түркітілдес елдердің Бас прокурорлары кеңесін құру туралы ережеге» қол қойылғаны айтылды», деп түйіндейді «ӨзА».

Қаден Кәбенұлы Шыңжаң өлкесі парткомының бас хатшысы болды - CNR

Қазанның 27-сі күні таңертең ШҰАӨ партия комитетінің бас кеңсесі мәжіліс өткізді. Аталған жиынды автономиялық өлке партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі, бас хатшы Қаден Кәбенұлы басқарып, жүргізді. Жоғарыдағы мәліметтер Қаден Кәбенұлының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің бас хатшысы қызметіне тағайындалғанын көрсетеді, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қаден Кәбенұлы 1969 жылы туған, ұлты қазақ. 1992 жылы Далянь технологиялық университетін бітіргеннен кейін Шыңжаң химиялық жобалау және ғылыми-зерттеу институтында және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі инвестициялық компаниясында жұмыс істеген.

Қаден Кәбенұлы 2012 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі экономикалық және ақпарат комиссиясы директорының орынбасары, 2016 жылы Шыңжаң өлкесі Қоршаған ортаны қорғау басқармасының партиялық тобының хатшысының орынбасары және директоры қызметтерін атқарды.

Қ. Кәбенұлы 2017 жылдың наурыз айында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі, Алтай аймағы партия комитеті хатшысының орынбасары және аймақтың әкімі болған. 2021 жылдың маусым айында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Іле қазақ автономиялық облысы партия комитеті хатшысының орынбасары және облыс губернаторының міндетін атқарушы болып қызмет еткен. Одан кейін осы қызметке, яғни Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі және бас хатшысы болып тағайындалды.

Айта кетейік, Қаденді қазақтар арасынан шыққан «Қызыл екінші буын» деп атауға болады. Олай аталуының себебі - Қытайда жоғары билікке шыққан тұлғаның әкесі иә шешесі аталған елдің әкімшілік, партиялық жүйесінде жоғары лауазымды қызмет атқарған немесе бизнес саласында үлкен жетістікке жеткен болуы керек. Оның әкесі Кәбен ақсақал ШҰАР Партия комитеті Ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Анкарада бірнеше кітаптың тұсауы кесілді - TRT

Түркияның бас қаласында XVI Анкара халықаралық кітап жәрмеңкесі аяқталды.

XVI Анкара кітап жәрмеңкесінде «қонақ ел» биыл Қазақстан болды. Қазақстан елшілігі жәрмеңке шеңберінде бірнеше кітаптың тұсаукесер рәсімі мен кітап авторларымен кездесу өткізді.

27 қазан күні профессор, доктор Күршад Зорлуның «Ұлы Даланың жаңғыруы: Нұрсұлтан Назарбаев» атты түрік тілінде жарық көрген кітабы таныстырылды, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Аталған кездесуге Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы да қатысқан.

30 қазанда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Еуразия жазушылар одағы бірлесе дайындаған екі кітаптың тұсаукесері болып өтті.

«Жыраулардың сөзімен Абай» өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсіміне кітаптың авторлары Орхан Сөйлемез, Гөксел Өзтүрік, Сабина Саид және зиялы қауым өкілдері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған кітаптың авторы профессор, доктор Орхан Сөйлемез Абайды жастарға таныстыру, оны түрік оқырмандарына кеңінен жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Абай шығармаларының бүкіл түркі жұртына мұра екендігін атап өткен автор бұл шығармада түркі әлеміндегі ақындардың Абай туралы өлеңдері жинақталғанына тоқталды. Оның айтуынша, бұл шығарма Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Абайдың 175 жылдығына арнайы әзірленген.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Еуразия жазушылар одағы дайындаған екінші кітап Әбіш Кекілбаев шығармаларының түрікше жинағы болды. Аталған жинақты профессор, доктор Орхан Сөйлемез, Док. Якуп Өмероглу, Салтанат Ұзақбайқызы Гүзел және Самет Йылдыз дайындаған.

Қазақстанның халық жазушысы, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев туралы сөз сөйлеген Салтанат Ұзақбайқызы Гүзел «Әбіш Кекілбаев - XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы. Қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі», деген.

Жиын соңында қонақтарға кітап тарту етілді. Кітап авторларына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы атынан алғыс хаттар табысталды.

«Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты дөңгелек үстел отырысы өтті - Parstoday

Ирандық Parstoday ақпараттық агенттігі дерегінше, 2021 жылғы 2 қараша күні Тегеранда «Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты дөңгелек үстел отырысы онлайн форматта өткен.

Бұл іс-шара Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қолдауымен, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің ұйымдастыруымен, ИИР Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы және Иранның Қазақстандағы елшілігінің белсенді қатысуымен өткізілді, деп хабарлайды Parstoday.

Дөңгелек үстелге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С.Егізбаев, ИИР Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы Дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығының төрағасы Ғ.Сүлеймани, Қазақстанның Ирандағы Елшісі А.Оразбай, Иранның Қазақстандағы елшісі М.Сабер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб муфтиі Е.Оңғаров қатысып сөз сөйлеген. Сонымен қатар, Құм қаласындағы Халықаралық діндерді зерттеу ұйымы басшысының орынбасары Х.Әбдипур, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ жетекшісі Қ.Майгелдинов, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының басшысы Е.Байбол, екі елдің өзге де сарапшылары қатысып, өз ойларын ортаға салған.

Сондай-ақ, осы іс-шараға IRNA, Tehran times, Iran news, Iran daily, Asia, Iran және басқа да БАҚ өкілдері қатысып отырды, деп жазады ирандық БАҚ.

«Тегеранда «Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты онлайн форматта өткен «дөңгелек үстелге» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб муфтиі Ершат Оңғаров та қатысқан. Е.Оңғаров конфессияаралық диалогтың діни аспектілеріне, бүгінде Қазақстан жаhандық конфессияаралық үнқатысу орталығы болып саналатынына тоқталды», деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.

CIIE Қазақстанға Қытай нарығына шығуға тамаша мүмкіндік береді - «Халық Газеті»

Қытайдың қазақ тілінде шығатын «Халық Газеті» порталында осы аптада Қазақстанға қатысты бірнеше ақпарат жарық көрді. Атап айтар болсақ, «Қытайдың көрнекті фильмдері Қазақстанда жақсы бағаланды», «China International Import Expo Қазақстанға Қытай нарығына шығуға тамаша мүмкіндік береді» және «Пандемия: ҚР Президенті Қытаймен шекарадағы уақытша шектеулер тезірек аяқталатынына сенім білдірді», деген тақырыптармен үш ақпарат жарияланды.

Айта кетейік, «Қытайдың көрнекті фильмдері Қазақстанда жақсы бағаланды» деген ақпаратта Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен «Алматы» телеарнасы бірлесіп ұйымдастырған екінші Қазақстандағы Қытай киносы айлығы сәтті аяқталғаны жазылған. Ол жоба бойынша, Қазақстанда Қытайдың жеті фильмі көрерменмен жүздескен. «Бір белдеу, бір жол» бірлескен жобасы аясында Қытай мен Қазақстанның кино және телевидение ынтымақтастығы мен мәдени алмасулары жаңа деңгейге көтеріліп отырғаны да тілге тиек етіледі.

«Халық Газеті»-нің келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы Қытай киносы айлығында «Юньнан құрт алқабы» және «Жылы құшақ» сияқты 7 тамаша фильм таныстырылған.

«...Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында кино және телевидение, мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету арқылы екі тарапты көпірлер орнықтыруда. Бұл екі ел арасындағы өзара түсіністікке, халықтар жүрегінің тоғысуына септігін тигізбек», деп түйіндейді бұл ақпаратын «Халық Газеті».

Сондай-ақ, «CIIE (China International Import Expo) Қазақстанға Қытай нарығына шығуға тамаша мүмкіндік береді» деген ақпаратта Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығы директорының орынбасары Нұралы Бөкейханов Нұр-Сұлтанда Синьхуа ақпарат агенттігінің тілшілеріне эксклюзивті сұхбат бергені айтылады. Нұралы Бөкейханов Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне қарасты толық акционерлік қоғам болып табылатынын және қазақстандық кәсіпорындардың ағымдағы CIIE-ге қатысуын ұйымдастыруға жауапты екенін жеткізген. Бұл ұйым қазақстандық өндірушілерге сыртқы нарыққа шығуға, өнім сертификаттарын алуға және логистикалық бағыттарды құруға көмектесетінін жазады қытайлық БАҚ.

«...Н.Бөкейхановтың айтуынша, CIIE Қазақстан үшін аса оңтайлы, жыл сайын көрмеге 20-30 қазақстандық компания қатысады. Көрме өткізілгеннен бері қазақстандық өндірушілер қытайлық әріптестерімен 500 миллион АҚШ долларына жуық келісімшарт пен экспорттық келісімдерге қол қойды. Биылғы жылы көрмеге Қазақстаннан 27 компания қатысып, олар негізінен ет, ұн, сусындар, май және сүт өнімдері сияқты азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерін көрсетеді», дейді kaz.people.cn.

Ал, апта соңына қарай жарияланған «Пандемия: ҚР Президенті Қытаймен шекарадағы уақытша шектеулер тезірек аяқталатынына сенім білдірді», деген ақпаратты қытайлық басылым қазақстандық БАҚ - ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлаған екен.


Соңғы жаңалықтар