«Шетелдегі қазақ балалары» жобасы Jibek Joly телеарнасында қайта жарық көреді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Белгілі журналист Жанар Байсемізованың «Шетелдегі қазақ балалары» атты авторлық бағдарламасы Jibek Joly арнасында қайта жанданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдіктер асырап алып, туған Отанынан жыраққа кеткен қазақстандықтардың тағдырын баяндайтын «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасы араға 9 жыл салып, қайтадан көгілдір экранға шықты. Нақтырақ айтсақ, Jibek Joly арнасы авторлық тележобаны жаңа форматта ұсынып отыр. Жуырда ғана жобаға жауапты топ қайта жанданған бағдарлама үшін Еуропада түсірілім жасап қайтты.

«Фильм барысында Ерлан (Германияға кеткен – ред.) мен Саританы (Бельгияға кеткен - ред.) осымен үшінші рет түсірдім. Демек, жобаның арқасында бізден бала асырап алған шетелдіктер, халықаралық агенттіктер қамқорлығындағы балаларға мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, Қазақстан қоғамының тарапынан да алаңдаушылық бар екенін, ол балалардың жоқтаушысы бар екенін ұқты деп ойлаймын. Мысалы, Ерлан осы жолы барғанда неміс әкесіне әңгіме арасында «Көрдің бе, әке, біз қазақтар осындай халықпыз» деп мақтанып жатыр. Осындай сәттерде жылдар бойғы тыраштанған еңбектің босқа кетпегеніне сене түсемін», - дейді жоба авторы Жанар Байсемізова.

Испандық азаматтар асырап алған Саламанка Гарсиа Луис - Ақылбек, Флориан Маркос - Диас, Мария Валентина Панедас Симан (қазақша есімі – Гүлім) бүгінде испан отбасында өсіп жатыр. Бағдарлама Jibek Joly арнасының эфирінен аптаның әр жексенбісінде көрсетіледі.

«Шетелдегі қазақ балалары» жобасын, осы жексенбі 2 қазан күні, сағат 14:30-да Jibek Joly арнасынан көріңіздер!


Соңғы жаңалықтар