Шетелдегі қазақ балалары арасындағы байқау жеңімпаздары Қазақстанға келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушылары арасында өткен «Ұлы Дала Елі» атты әдеби байқаудың қорытындысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Отандастар» қорының баспасөз қзыметіне сілтеме жасап.

Халықаралық байқауға шығармашылық жұмыстар 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 мамырға дейін қабылданды. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 10 маусымға дейін қазылар алқасы келіп түскен жұмыстарды сараптап, қорытынды шығарды. Конкурста мынадай тақырыптар қамтылды: «Мен қазақпын!», «Қазақстан, менің жерім, туған өлкем!», «Отанмен рухани байланыс тілі», «Дәстүр - рухани өмірдің негізі».

Байқауға қатысқан балалардың І жас тобы бойынша байқауға - 19 жұмыс, ІІ жас тобы бойынша - 15 жұмыс келіп түскен. Бас-аяғы 34 жұмысты комиссия мүшелері сараптап, 10 балдық жүйемен бағалады. Комиссия ең басты критерий ретінде жұмыстың тақырыбына және негізгі идеясына сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы және ойдың берілу тәсілі сияқты критерийлерге сүйене отырып, қорытынды шығарды.

«Жалпы, жұмыстардың барлығы да тақырыпқа сай жазылған, балалар негізгі идеяны ашуға тырысқан. Эссеге қойылатын талаптардың барлығын сақтай отырып, өзіндік ой-тұжырымдарын ерекше тәсілмен бере білген оқушылар да бар. Әсіресе, І жас тобында (13-15 жас аралығындағы балалар) Солтанов Райхат, Асылбашева Камиля, Байтулла Батанұлы, Сүлейменов Масалим сияқты жас таланттардың, сол сияқты ІІ жас тобында (16-18 жас аралығындағы оқушылар) Еркінбек Ақтоты, Аменова Алима, Бектұр Абдулхаким, Хасти Абдоләзиз сынды жеткіншектердің еңбектерін ерекше атап өткіміз келеді» - дейді қазылар алқасының мүшесі Айнұр Амангелдіқызы.

Сараптама комиссиясының шешімі бойынша байқауға қатысқан 13-15 жас аралығындағы балалардың еңбектері бөлек, 16-18 жас аралығын қамтитын жеткіншектердің еңбектері бөлек бағаланды.

Жүлдегерлер:

І жас тобы - 13-15 жас аралығы бойынша:

1-орын -Солтанов Райхат

2-орын - Асылбашева Камиля

3-орын - Байтулла Батанұлы

4-орын - Сүлейменов Масалим

ІІ жас тобы 16-18 жас аралығы бойынша:

1-орын - Еркінбек Ақтоты

2-орын - Хасти Абдоләзиз

3-орын - Аменова Алима

4-орын - Бектұр Абдулхаким

Жеңіске жеткен 4 үздік жұмыс авторлары Солтанов Райхат (Ресей), Асылбашева Камиля (Швеция), Еркінбек Ақтоты (Моңғолия) мен Хасти Абдоләзиз (Иран) атамекені - Қазақстан Республикасына жолдама жеңіп алды.

«Біз айналамыздағы басқа ұлт өкілдеріне қазақтың кім екенін танытып, салт-дәстүрімізді көрсетуге тырысамыз. Наурыз мейрамы, Құрбан айт, қазағымыздың көптеген төл мерекелерін тойлап, ұлттық киімдерімізді киіп, жиі көрісіп тұрамыз. Қазақстанның туы осындағы әрбір қазақтың үйінің төрінен орын алған. Шерте алмасақ та, «нағыз қазақ - домбыра» үнемі қасымызда жүреді. Мектепте оқып жүрген кезде балалармен Қазақстанға барсақ, не істейтініміз туралы көп айтатынбыз. Сондағы ой-армандарымызды есіме алсам, әлі күнге шейін көзім мөлдіреп, қуаныштың жасына толады. Еліме барған кезде оның топырағын сүю, жеріне бас иіп «Ассалаумағалейкум» деп сәлемімді беріп, кең-байтақ жерімнің гүлі мен жусанына толы ауасын иіскеп, өмірге жаңа келген нәрестеге ұқсап бастан жаңа бір сезімді кешіргім келетін. Сол арман орындалды», - дейді Горган қаласынан (Иран) Хасти Абдолазиз тарихи отанына деген ықыласын білдіріп.

Астана күнін мерекелеу аясында байқау жеңімпаздарына Нұр-Сұлтан қаласына және «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бес күндік жолдама берілді.

Соңғы жаңалықтар