Шетелдегі қандастарымыз атажұртта доп тебеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Ер Жәнібек»  халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 13-15 шілде аралығында Петропавл қаласында шағын футболдан дәстүрлі «ER JANIBEK CUP» халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған дода атақты әнші, композитор, біртуар өнер дүлдүлі Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Аталған турнирдің басты мақсаты - Бахрамұлының еңбегі мен өнегелі өмірін жастарға үлгі ете отырып, шетелде тұратын қазақ жастарына тәуелсіз Қазақ елінің тыныс-тіршілігін таныстыру, спорттық ойын арқылы Атажұртымен мәдени-рухани байланысын нығайту.

«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының «ER JANIBEK CUP» турниріне Франция, Австрия, Дания, Түркия, Иран, Қытай, Ресей, Монғолия, Өзбекстен, Қырғызстанда тұратын қазақ жастарынан құралған командалар және Қазақстанның әр облысынан жиналған қазақ футболшылары қатысады.

Еске салсақ,  «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры 2006 жылы Қазақстанда құрылған. Халықаралық қор шетелдерде және елімізде мәдени-рухани, қазақ тарихындағы елеулі тұлғаларды дәріптеуге арналған шараларды ұйымдастырып, айтыс өнері мен Алаш арыстарына арналған жобаларды қолдап, қаржыландырумен айналысады.

Соңғы жаңалықтар