Шетелдегі қандастарға Қазақстандағы ЖОО-да білім алу мүмкіндігі жайлы мәлімет беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Отандастар» қорының бірінші вице-президенті Талғат Адуов пен Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешов кездесті. Тараптар білім саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Отандастар» қоры мен Халықаралық бағдарламалар орталығы шетелдік қандастардың жоғары білім алуына жағдай жасайды.

«Болашақ - студент жастарды Қазақстанға және керісінше Қазақстаннан шетелдік жоғары оқу орындарына тартатын негізгі ұйымдардың бірі. Осыны негізге ала отырып, біз күш біріктіргелі тұрмыз. Мұндағы мақсат - шетелде тұратын қандастарымыздың қалауынша Қазақстанда немесе шетелдің әйгілі жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету», - деді «Отандастар» қоры президентінің кеңесшісі Дидар Болат.

Жақын күндері «Отандастар» қоры мен Халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдері Моңғолия, Өзбекстан және Ресей Федерациясына бірлесіп сапарлайды. Олар шетелдегі қандастармен, дәлірек айтқанда мектеп оқушыларымен кездесіп, Қазақстанда және шетелдік жетекші жоғарғы оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері жайлы ақпараттандыратын болады.

«Келесі айда біз Моңғолияға, 120 мыңға жуық қазақ тұратын Баян Өлгей аймағына аттанамыз. Ондағы қандастың шамамен бір жарым мыңы - биылғы мектеп бітіруші түлектер. Яғни қазақстандық білім ордаларына түсе алатын әлеуетті студенттер. Мәселен, өткен жылы Өзбекстаннан Қазақстанда білім алуға 12 мың бала келсе, оның 5 мыңға жуығы - этникалық қазақтар. Оларға ыңғайлы тиімді жағдайдың барлығы жасалды. Ақтөбе университеті бір жыл бойы тегін оқу мүмкіндігін ұсынды. Мұндай бағдарламалар бізде көп, тек қандастарымызға ақпарат көп жағдайда жетпей жатады», - деді «Отандастар» қоры президентінің кеңесшісі Дидар Болат.

Еске сала кетсек, «Отандастар» қоры 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V-ші құрылтайында Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған болатын. Қор қандастарды тарихи отан төңірегінде бірлестіруді мақсат тұтады.

null

Соңғы жаңалықтар