Шетелдегі қандастарға Қазақ картасы елшіліктер арқылы берілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы шетелдегі қандастарға Қазақ картасы Қазақстанның басқа мемлекеттердегі елшіліктері арқылы беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ картасының ұсыну тәртібі бойынша тағы бір мәселені айта кетейін. Мысалы, біз Польша мемлекетінің тәжірибесін зерттедік. Ол елдің тәжірибесі бойынша, Польша мемлекетінің шетелдегі елшіліктері тарихи Отанына оралғысы келетін поляктарға осындай картаны берумен айналысады. Ол карта тегін беріледі. Осыған орай, заң жобасы бойынша Қазақ картасын беруді Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы беруді ұсынып отырмыз», - деді «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов елордада «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» ҚР заң жобасын талқылау барысында.

Оның айтуынша, Қазақ картасын алудың бүгінгі таңда біршама шарттары әзірленген.

«Бірінші – қазақ ұлтына жататын немесе Қазақ КСР-ның, ҚР-ның бұрынғы азаматтығын растайтын құжаттың болуы. Екіншіден, қазақ тілінің базалық деңгейін білу. Үшіншісі - қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы негізгі білімдерін меңгеруі. Мемлекеттік органдардың ұсынысымен Қазақ картасының жарамдылығы 10 жылдан 5 жылға қысқартылды», - деді Мағауия Сарбасов.

Шетелдік қазақтардың Қазақстан аумағында ел азаматтарымен бірдей құқыққа ие болуына мүмкіндік беретін «Қазақ картасы» атты құжаттың жобасы дайындалып жатқаны бұған дейін хабарланған болатын.

«Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, «Қазақ картасы» деп аталатын құжат шетелдік қазақтардың тарихи Отанында уақытша өмір сүріп, бейімделуі үшін жасалмақ.

«Шетелдердегі қазақтарды қолдауға бағытталған заң қабылданады. Соның аясында «Қазақ картасы» деген құжат жасалуы мүмкін. Ол құжат сырттағы қазақтарға қазақстандықтармен бірдей өмір сүруге мүмкіндік туғызады. Яғни, білім алу, дәрігерге қаралу, бизнеспен айналысу, жұмыс істеу сияқты барлық өмір аспектілерінде Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие болады. Тек саясатпен айналысуға болмайды. Ол үшін азаматтық алуы қажет. «Қазақ картасы» қолында бар қазақ отбасымен біздің елде ешқандай визасыз жүріп-тұра алады», - деген еді Нұртай Әбіқаев.

Соңғы жаңалықтар