Шетелде жүргенде қандай тамақтардан тартыну қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин шетелде саяхат кезінде қандай тамақтардан сақтану керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың теңіз тағамдарына деген иммунитеті әлсіз. Сондықтан, түрлі экзотикалық балықтар мен теңіз тағамдарын тұтынғанда абай болуы қажет.

«Шетелге саяхат жоспарлаған кезде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайттарына кіріп, қай елдерде қандай аурулар тарап жатқанын біліп алған абзал. Ол туралы аталмыш сайттарда толыққанда ақпарат бар. Шетелде түрлі инфекция жұқтырмас үшін әуелі жеген тамақ пен ауызсуға баса мән берген жөн. Көшеде, базарларда кездейсоқ саудагерлерден тамақ сатып алмау қажет. Ең дұрысы танымал дәмханалардан, қонақүй қызметкерлері ұсынған жерлерден тамақтанған абзал. Экзотикалық тағамдар алудан сақтанған жөн. Әсіресе балық және теңіз тағамдарын абайлап тұтыну қажет. Көптеген теңіз өнімдеріне біздің ағзамызда иммунитет болмауы мүмкін», - деді бас санитар.

Сондай-ақ ол, ауызсу сатып алар кезде оның талап бойынша сақталғанына, қандай құтыға құйылғанына мән беру керектігін айтты.

Еске салсақ, Жандарбек Бекшин әлемдегі қауіпті әрі жұқпалы ауруларға бейім елдерді атаған болатын.


Соңғы жаңалықтар