Шетелде жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың нақты есебі жоқ - Тамара Дүйсенова

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қанша қазақстандықтың сырт елде еңбектеніп жатқаны белгісіз. Оның себебін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова түсіндіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан азаматтарға қатысты бірыңғай есеп жүйесі жоқ. Сондықтан да, ешқандай орган қанша қазақстандықтың шетелде еңбектеніп жатқаны туралы нақты деректі ұсына алмайды. Шетел асқан жерлестеріміз әртүрлі себепті көрсетеді. Біреу оқуға бара жатса, екіншісі отбасылық жағдаймен шетелге шығып жатқанын айтады. Ал одан әрі ол азаматтар жұмыс тауып, сонда қалуы мүмкін. Осы орайда, біз Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп шетелде еңбек етіп жатқан қазақстандықтардың есебін анықтау жұмысын қолға алдық», - деді Тамара Дүйсенова ОКҚ–де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің түсіндіруінше, сыртта еңбек етіп жүрген отандастарымыз туралы мәлімет нақтыланғаннан кейін сол елдердің құзырлы органдарымен байланыс орнатылады.

Айта кетейік, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау бойынша тапсырма берген еді.

Премьер-Министр Біріккен Араб Әмірліктерімен және Оңтүстік Кореямен қазақстандық жұмыскерлердің құқықтарын қорғау жөнінде келісімге қол жеткізілмей отырғанына бірнеше жыл болғандығын баса айтты.

«Осы жұмысты аяқтау үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесе шұғыл іс-шараларды қабылдау керек», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар