Шетелде тұратын қазақ балалары биыл да Қазақстанға жазғы лагерьге келе алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелде тұратын қазақ балаларының басын қосатын жазғы лагерь биыл 1-14 шілде аралығында ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өтетін жазғы лагерь жобасы алғаш рет 2019 жылы Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі базасында өткен еді.

Оған 7 мемлекеттен 150 этникалық қазақ баласы қатысты.

2020-2021 жылдары COVID-19 пандемиясына байланысты жоба өткізілмегенімен, 2022 жылы Бурабай төріндегі «IQanat» мектеп базасында ұйымдастырылып, Франция, Түркия, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей сынды 8 мемлекеттен жалпы саны 84 бала қатысты.

Бұл жоба биыл да өз жалғасын таппақ.

2023 жылы 1 шілдеден 14 шілдеге жалғасқан қазақи жазғы лагерь бағдарламасында балалар атқа міну, садақ ату, асық ойнау, киіз үй тігу, ұлттық аспапта ойнау, интенсивті форматта қазақ тілін үйрену сияқты ұлттық құндылықтармен қатар мобилография сияқты заманауи сабақтардан білімін жетілдіреді.

Сонымен қатар, үздік университеттердің білім көрмесінде Қазақстанда оқу мүмкіндіктерімен танысып, белгілі тұлғалардың мастер класы мен танымал жұлдыздардың қатысуымен өтетін концертті тамашалай алады.

«Жазғы лагерь» жобасына қалай қатысуға болады? Ол үшін «Отандастар қоры» 12-17 жасар шетелдегі этникалық қазақ балалары арасында өткізетін онлайн байқауға қатысып, тегін жолдама ұтып алуға мүмкіндік бар.


Соңғы жаңалықтар