Шетелде тіркелген автолар жол-көлік оқиғасына жиі ұшырайды - Ақтөбе полициясы

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық ПД бастығы Абай Жүсіповтің айтуынша, қазіргі кезде шетелдік нөмірі бар көлік тізгіндегендер ережені жиі бұзады. Көбінің техникалық жағдайы нашар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері шетелдік есепте тұрған көлік жүргізушілері 50 жол-көлік оқиғасына тап болды. 18 адам қаза тапты. 90-нан астам адам ауруханаға жеткізілді. Мәселен, Қостанай-Қарабұтақ жолындағы Әйтеке би ауданының маңында жол апаты болды. Армениядан әкелінген жеңіл көлік пен ГАЗель соқтығысып, үш адам көз жұмды. Оның біреуінің жасы бірде. Тағы бір оқиға туралы айтқым келеді. 18 шілде күні Самара-Шымкент тас жолында жүргізуші рульге ие бола алмай, аударылып қалды», - деді облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.

Жалпы, жазғы демалыс маусымында өңірде жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Атап айтқанда, жыл басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам ауруханаға жатқызылды, 54 адам қаза тапты.

«Жаздың екі айында 120 көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам көз жұмды. Осы жол апаттарында 6 бала көз жұмды. Себебі белгілі. Жүргізушілер жол қозғалысы ережесін сақтамайды. Қарсы жолаққа шығып кететіндері көп. Осы ережені бұзғаны үшін 7 адам көз жұмған. Жылдамдықты асыратындардың кесірінен 37 адам мерт болды. Тұрғындардан қозғалыс ережесін сақтауды сұраймын. Жолда шаршаған жағдайда уақтылы демалып алған дұрыс. Алыс сапарға шыққан адам көліктің техникалық жағдайын біліп алуы керек», - деді облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.


Соңғы жаңалықтар