Шетелде оқып жүрген 2 мыңнан астам студент Қазақстандағы ЖОО-ға ауысты
Білім министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін шетелдік жоғары оқу орындарында өз бетінше оқыған қазақстандық студенттерге Қазақстандағы жоғары оқу орындарына ауысуға көмек жасалған.
«Студентерге құжаттарды рәсімдеу барысында жоо-лардың виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жеңілдетілген формат ұсынылды. Шетелдік жоғары оқу орындарының басым бөлігі қазақстандық жоо-лар сияқты оқу жылын қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып бастады. Алайда, кейбір шетелдік ЖОО-лар өз студенттеріне қашықтан оқытуды жалғастыру үшін платформалар ұсына алмады», - деді министрлік.
Тамыз айының басында БҒМ оқуын жалғастыру үшін өзіне байланысты емес себептер бойынша елден шыға алмаған студенттерге көмек көрсете бастаған.
«Алдын ала қабылданған шешімдердің арқасында 2 мыңнан астам қазақстандық студент елдегі жоғары оқу орындарына ауысуға ниет білдірді. Осы санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында арнайы жедел желі іске қосылып, құжаттарды қабылдау процедурасы жеңілдетілді», - деп толықтырды ведомство.