Шетелде қазақтілді қанша БАҚ жұмыс істейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда шет мемлекеттерде қазақтілді 88 БАҚ жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қандастар мәселесін үнемі көтеріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шетелдегі қандастарды Отанға қайтаруға қатысты бірқатар тапсырманы жүктеді. Осы бағытта біздің қордың да өз міндет- мақсаты бар. Біз еліміздің Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Кеңес Одағы құлдыраған кезде Қазақстаннан тыс жерде 5 миллионнан астам қазақ тұрған дейді. Қазіргі таңда кейбір сараптамалық мәліметтерге сәйкес әлемнің 40-тан астам елінде қандас бауырларымыз тұрып жатыр. Сонымен қатар бүгінде шетелде қазақтілді 88 БАҚ жұмыс істеп тұр. Оның барлығымен байланыс орнатылған. Әсіресе, Моңғолия, Түркия және Өзбекстандағы қазақтілді БАҚ өкілдерімен тығыз байланыстамыз», - деді Мағауия Сарбасов.

Бұған дейін қордың вице-президенті шетелдегі 1 миллионға жуық қандасымыз елге оралуға ниетті екенін жеткізді.

Одан бөлек, шетелдегі қандастарды елге әкелудің тұжырымдамасы әзірленіп жатқандығы айтылды.



Соңғы жаңалықтар