Шетелде қазақ халқының тарихы мен мәдениетін насихаттап жүрген Шіңгіл мұражайы - Шетелдегі қазақ баспасөзі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін насихаттап жүрген Шіңгіл мұражайы - «Ағажай-Алтай ақпарат» сайты

Қытайдың Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданындағы мұражай кешенін тамашалауға келген қонақтар жергілікті жердің салт-дәстүрімен, заттық және рухани құндылықтарымен танысып ерекше әсер алып жүр, деп жазады kazakh.altxw.com сайты.

«Шіңгіл ауданының жаңа мұражайы 2012 жылы салынған. Музей кешені 3400м2 жерді алып жатыр, көрменің жалпы көлемі 2200м2. Мұражай ғимаратының сәулеттік дизайнына жергілікті қазақ ұлтының мәдени құндылықтары пайдаланылған. Мұражай екі қабатқа орыналастырылған. Онда гуманитарлық ғылымдар және тарих залы, табиғи экология залы және ұлттық Этнография залы, фольклор залы, метеориттану залы, даму жетістіктері залы секілді көрме орталықтары бар. Мұражайға тарихи мәдени мұралар, ұлттық салт-сана бұйымдары сияқты 2800-ден астам түрлі материалдық және мәдени экспонаттар қойылған. Бұл жәдігерлер Шіңгіл ауданының тарихы мен мәдениетін және даму барысын жан-жақты, жүйелі түрде көрсетіп береді», - деп жазады «Ағажай-Алтай» сайты.

Айта кетейік, Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысының Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданының аты оның аумағында ағып жатқан екі Шіңгіл (Үлкен және кіші шіңгіл өзендері) өзенінің атауыннан алынған. Бұл «Шіңгіл» сөзі әдемі және мөлдір өзен деген ұғымдарды білдіреді. Өр алтайдың Шіңгіл жері қазақ халқының ата қонысы. Соның ішіндегі Керей руының байырғы қоныстарының бірі. 13 ғасырдың басында Шыңғыс хан жорықтары әсерінен Сыр бойына дейін барып, қалған бөлігі 1723 «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары атамекеніннен ауған ел 1770 жылдары Ер Жәнібек батырдың бастауымен өз мекендеріне қайтадан ту тіге бастады. Қазіргі Еуропа қазақтарын құрап отырған қандастарымыздың негізгі бөлігі осы Өр Алтайдың Шіңгіл-Көктоғай өңірлерінің тумалары.

Баян-Өлгейде аламан айтыс өтті - KAZNEWS

Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хурал депутаты Әубәкір Тілеуханұлының бастамасымен Құрманхан атындағы Музыкалы драма театрында «ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСІМДЕР» атты аламан айтыс өтті, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Бұл аламан айтыс Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мейрамына орай және 2022 жылғы «Елдің үздік ақынын» анықтау мақсатында өткізілді. Суырып салма айтыскерлерден 20 ақын сөз додасына қатысты. Айтыс қорытындысы бойынша Айдос Рашатұлы бас жүлдеге лайық деп танылып, 3 млн төгрөг жүлдеге ие болды. Жүлде қорындағы 2 млн төгрөг бірінші орын Зоя Мұратбекқызына бұйырды. Екінші орынды иеленген Алтай сұмындық ақын Іңкәрбек Әділханұлы 1 млн төгрөгке қол жеткізді. Үшінші орын жеңімпаздары Аманжол Қуантханұлы мен Ерген Ленханұлы 500 мың төгрөгке тағайындалған жүлдені қанағат тұтты», - деп жазды Kaznews.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, айтысқа Моңғолияға «Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері» Өсерхан Рахымұлы, тарихшы, қоғам қайраткері Қабсатор Омарұлы, «Білім» институтының Қазақ балаларының білім секторының ғылыми қызметкері Зүлмира Жаубайқызы және аймақтық Қазақ радиосы директорының орынбасары, ақын Аманбек Қанайұлы қазылық жасаған.

МҰХ депутаты Әубәкір Тілеуханұлы 10 млн төгрөг, Қазақстан Республикасынан кәсіпкер Кеншілік Амантай 500,0 теңге қаржылай демеушілік көрсеткен.

Абдулазиз Камилов пен Мұхтар Тілеуберді кездесу өткізді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

2022 жылғы 3 наурызда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, гидроэнергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы Өзбекстан - Қазақстан одақтастық қатынастарының өзекті мәселелерін талқылады. Кездесуде жоғары деңгейдегі кездесулер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды дер кезінде және толық жүзеге асыру маңызды екені айтылды. Сонымен қатар, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде (1992 жылғы 23 қараша) өтетін іс-шаралардың кестесі қаралып, халықаралық күн тәртібі туралы пікір алмасылды», - деп жазады «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Қандасымыз Зейнеп Әзімбайқызы бокстан Моңғолия чемпионы атанды - KAZNEWS

Булган аймағында өткен қыздар арасында бокстан Моңғолия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«75 келі салмақта өнер көрсеткен «Алдар» спорт клубы, Баян-Өлгей аймағының спортшысы қандасымыз Зейнеп Әзімбайқызы барлық қарсыластарынан басым түсіп, ел чемпионы атанды», - деп жазды Kaznews.

ТР Вице-президенті Фуат Октай Түркістанда- TRT

ТР Вице-президенті Түркістан сапары аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор Мухиттин Шимшекпен кездесті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне үн қатқан Фуат Октайға университет Сенатының шешімімен білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін «Құрметті профессор» академиялық атағы табыс етілді.

Октай: «Сіздердің университеттеріңіздің «Құрметті профессоры» атандым. Университет қалашығына ағаш отырғыздым. Мен де бұл университет ұжымының бір мүшесі болдым» - деді.

ТР Вице-президенті Октай қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, дұға оқыды. Сондай-ақ Октай Қазақстан тарихын баяндайтын 8Д «Алтын Самұрық» театрына да барды», -деп жазады TRT.

Қазақстанның бас консулы Солтүстік Хорасан облысының кəсіпкерлерін елге инвестиция салуға шақырды - Фарс

Қазақстанның Горгандағы бас консулы Ербол Ахметов жексенбі күні Боджнурд қаласындағы Сауда, кен, өнеркәсіп жəне ауыл шаруашылығы палатасында Солтүстік Хорасан облысының инвесторларымен кездесті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Қазақстанның Гүлістан облысындағы бас консулы: «Иранның солтүстік-шығысындағы Солтүстік Хорасан облысы кəсіпкерлеріне Қазақстанда жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалған. Біз хорасандық инвесторларды қолдаймыз. Екі елдің халқы бір-бірінің экономикалық жəне мəдени-əлеуметтік əлеуеттерімен таныс. Бұл өзара экономикалық және мəдени байланыстардың дамуына себеп болады. Алматы қаласы тұрғындар саны жəне экономикалық потенциалы тұрғысынан инвестицияға қолайлы əлеуметтерге ие. Сол себепті ирандық инвесторларды қолдаймыз»,-деді», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.



Соңғы жаңалықтар