Шетелде демалатын қазақстандықтар саны ішкі туристерден 2 есе көп

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда ішкі туризмге қатысушылар саны 7 пайызға артқан. Бұл туралы ҚазАқпарат «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.

Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы елдегі қонақүйлердің қызметіне 4,6 миллионнан астам ішкі турист жүгінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Мұндай өсім 2016 жылдан бері жалғасып келеді.

«Ішкі туризмнің белсенді өсуіне қарамастан, шет елдерде демалатындардың саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оған тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоқтығымен қоса, ақпараттың аздығы да себеп болып тұр. Мысалға, елдің батыс аймақтарының тұрғындары Қазақстанның шығысында, болмаса оңтүстігінде не бар екенін білмейді. Сондықтан халыққа еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпаратты тұрақты түрде бере отырып, оларды ел ішінде саяхаттауға ынталандыру керек», - дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Өркен Бисақаев.

Ұлттық компанияның хабарлауынша, ішкі туризмді одан әрі ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанда ақпараттық турлар циклі ұйымдастырылмақ.

20-30 мамыр аралығында Батыс Қазақстанның 4 аймағының туристік операторларынан құралған топтың қатысуымен алғашқы ақпараттық тур өткізу жоспарланған. Олар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларына, Ақмола, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына барады деп күтілуде.

null

Соңғы жаңалықтар