Шетел валютасына қатысты дүрбелең басылған соң, теңге бағамы нығайды – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров теңге бағамының нығаюына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісінде тілшілер министрден көктемде теңге бағамының құнсыздануының себебін сұрады.

«Ондағы себептердің біріне тоқталсақ, валюта бағамына қатысты дүрбелең болды. Бизнестің кейбір түрлері мен халықтың бір бөлігі АҚШ долларын жаппай сатып ала бастады. Соның салдарынан теңге бағамына қысым жасалды. Осыдан кейін бұл жағдай тұрақтанғанын, теңге бағамы нығайғанын көріп тұрмыз», - деді Ә. Қуантыров.

Осы орайда наурыз айында Үкімет бюджетті нақтылағанын, сондай-ақ 1 доллар үшін 460 теңге деңгейінде болжамды бағам енгізілгенін еске салды.

«Біздің экономикада өсім бар екені баршаға мәлім. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша 4,4 пайыз болды. Атап айтқанда, валюта бағамына қатысты дүрбелең басылды. Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірелесе экономиканы тұрақтыру бойынша тиісті қадамдарды жүзеге асырып жатыр», - деді министр.

Сонымен қатар ол соңғы айларда Ұлттық банк интервенциялары жүргізілмегенін жеткізді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақтанғандықтан, Ұлттық банк сәуір айында валюталық интервенцияларды жүргізбегенін айтты.

25 мамырдағы мәлімет бойынша Қор нарығында доллар 416 теңгеден саудаланды.


Соңғы жаңалықтар