Шетел өнерпаздары Құрманғазы күйлерін орындаудан сайысқа түседі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2018 жылдың 30 қыркүйегі мен 2 қазан күндері күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы аясында «Құрманғазы және Ұлы дала сазы» атты Халықаралық фестиваль өтеді. Күй мерекесі Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Шараның негізгі ұйымдастырушысы - Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі. Алматыда өтетін дүбірлі шараға Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және өзге де елдерден сахна саңлақтары келеді. 

Шетелдік өнер иелері мен отандық күйшілер арасында күйтартыс жоспарланған. Домбыра тартысы Құрманғазының «Балбырауын» күйінен бастау алып, «Адай» күйімен аяқталады.

Алматылықтар төрт күн бойы тегін дәстүрлі музыка туындыларын тыңдап, күмбірлеген күймен құлақ құрышын қандыра алады. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған іс-шараға «ЮНЕСКО» штаб-пәтерінен, «ТҮРКСОЙ» ұйымынан, Ресей Федерациясынан арнайы өкілдер, жақын және алыс шет елдердің жетекші дәстүрлі орындаушылары, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан Республикаларының өнер ұжымдары және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысады.

Үш күнге созылатын шарада «I Республикалық дәстүрлі орындаушылар форумы», республикамыздың, жақын шет елдердің күйшілік мектебі майталмандарының концерті, республикамыздың, жақын шет елдердің ұлт аспаптар оркестрлерінің концерті, оркестрлер шеруі жоспарланған.

Сонымен қатар, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Шахан Маханбетов пен танымал фототілші Рафхат Халеловтің «Күй және күйші» атты фотокөрмесі ұйымдастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар