Шетел маркетплейстері жұмысына жеңілдік жасалды - Мемлекеттік кірістер комитеті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Цифрық активтер басқармасының басшысы Нұржан Қуандықов интернет желісінде Қазақстан азаматтарына тауар сататын шетел компаниялары төлейтін салыққа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл салық интернет желісінде Қазақстан азаматтарына тауар сатып, қызмет көрсететін шетел компанияларына арналған. Бұл салық түрі биылдың басынан енгізілді. Қазіргі кезде еліміз азаматтарына тауар өткізіп, қызмет көрсетіп жатқан 30-дан астам компания тіркелді. Интернет-компаниялардың ҚҚС төлеуі нормасы шетел компанияларына қатысты», - деді Н. Қуандықов онлайн брифинг барысында.

Осы орайда ол ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыз екенін еске салды. Бұл салық әлемнің бірқатар елінде қолданылып келеді.

«Біз барынша тіркеу рәсімін жеңілдетуге тырыстық. Ол үшін оңтайлатылған тәртіпте комитетке хат жолдайды. Осы хатта салық төлеушінің тіркеу мәліметтері, ұйымның атауы, банк деректемесі көрсетілуі тиіс», - деді комитет өкілі.

Сонымен қатар, шетелдік компанияны сәйкестендіретін белгілердің бірегей жиынтығы саналатын Merchant ID тапсырылуы керек. Merchant ID шетелдік интернет-компаниялар беретін реквизиттердің санатына жатады. Ол бойынша банктер тиісті төлемдер мен ақша аударымдарын сәйкестендіреді.

«Шетел маркетплейстеріне және электронды нұсқада қызмет ұсынатындарға біздің нарық тартымды болуы үшін декларация тапсыруға қатысты жұмыстарды жеңілдеттік», - деді Нұржан Қуандықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің Қазақстан аумағында орналасқан жеке тұлғаларға сатылған тауарлары, көрсетілген қызметтері үшін шетелдік интернет-компаниялардың ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормалары күшіне енді (Google салығы).

Ұлттық экономика министрлігінен мәлім еткендей, қызметтері мен тауарларын онлайн платформалар арқылы сататын барлық шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне ҚҚС төлеуге міндетті болады.

Айта кетейік, ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12% құрайды. Мұның қазақстандық салық төлеушілерге қатысы жоқ.


Соңғы жаңалықтар