Шетел кәсіпкерлері үшін «инвестор визасы» енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шетелдік үздік ғалымдарға 10 жылға «ғылыми-педагогикалық виза» беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының екінші бағыты – бизнес-иммиграция.

«Инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсеке жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың АҚШ долларына дейін азайту қарастырылған», деді ол.

Оның атап өтуінше, елімізге кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлері үшін «инвестор визасын» енгізу ұсынылады.

«Бұл виза Қазақстан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар