Шетел инвестициясы 30 пайызға азайды: Дариға Назарбаева Үкімет басшысына бірқатар сауал жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева инвестициялық саясатты іске асыру мәселесі Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық экономиканың түйінді салаларына инвесторлар тарту елдің табысты дамуы үшін негіз болып саналады. Пандемия және оның салдарынан туындаған жаһандық экономикалық рецессия аясында мемлекеттер арасында инвестициялар тарту үшін бәсекелестік артып келеді, елдің инвестициялық климаты шешуші рөл атқарады. Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін 2017 жылы 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленді. Тұтастай алғанда, мемлекет инвестициялық ахуалды жетілдіру жөнінде бірқатар кешенді шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы еліміздің экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30 пайызға төмендеген. Инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері өзекті болып қала береді», - деді Д. Назарбаева.

Осыған байланысты депутат тиісті сұрақтарға жауап беруді сұрады.

«Стратегияны іске асырудың ағымдағы мәртебесі қандай, 2018-2020 жылдардың нәтижелері бойынша негізгі нысаналы индикаторларға қол жеткізілді ме? Стратегия жаңа инвестициялар тарту үшін ең тиімді болып саналатын «перспективалы салаларды» анықтайды, атап айтқанда АКТ, туризм және қаржы. Елдің осы салалардағы бәсекелестік позициялары күшейтілді ме, стратегияны іске асыру жылдарында қандай негізгі инвестициялық жобаларға бастамашылық етілді? Осы есепті жылдары елдегі қазіргі инвесторларды ұстап қалу және қайта инвестициялауды ынталандыру үшін қандай нақты шаралар қабылданды? Стратегия тиімді операциялық шараларды жүзеге асыруды және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін енгізуді қарастырады. Инвестициялық жұмыста қандай жаңа тәсілдер қолданылады, оларды тәжірибеге енгізудің нәтижесі қандай?», - деп сұрады Дариға Назарбаева.

«Стратегия инвесторлардың шағымдары мен мәселелерін сәйкестендіру жүйесін құруды көздеді. Бұл жүйе іске қосылды ма? Бұдан басқа, инвестициялық жобалардың мониторингтік жүйесі енгізілді ме, елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйіне жүйелі түрде талдау жүргізіліп жатыр ма? Стратегия шеңберінде оны іске асыру барысын талдауға негізделген «Қазақстанның инвестициялық ахуалының жай-күйі туралы жыл сайынғы баяндаманы» жариялау жоспарланған болатын. Осы баяндама жарияланды ма? 2020 жылы қандай негізгі тұжырымдар жасалды?», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар