Шетел елшілері ҚР Бейбіт жиындар туралы заң жобасымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық корпус өкілдері Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов заң жобасын әзірлеуде халықаралық тәжірибе мен қоғамдық пікірлер ескерілгенін атап өтті.

«Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарының отырысына құқық қорғау ұйымдары, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес сектор өкілдері және ғалым-сарапшылар белсенді қатысты. Қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша заң жобасына Мәжілісте бірқатар өзгеріс енгізілді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Сенатында қаралып жатыр», - деді Жанат Қожахметов.


Ж. Қожахметов елшілерге заң жобасының негізгі тұжырымдары жөнінде айтып берді.

«Заңнамалық деңгейде бейбіт жиындардың негізгі ұстанымдары енгізіліп жатыр: зорлыққа жол бермеу, заңдылық, қоғамдық тәртіптің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулықты сақтау, тұлғалардың бостандық құқығын қорғау, қатысу еріктілігі және т.б. Мәжілісте талқылауда тағы екі ұстаным - бейбіт жиын өткізу презумпциясы мен жауапкершілік. Бұл ұстаным жиын қатысушылары мен ұйымдастырушылардың ғана емес, мемлекеттік органдар мен биліктің де жауапкершілігін білдіреді», - деді спикер.


Оның айтуынша, мұндай ұстанымдарды енгізу ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы әзірлеген бейбіт жиындар еркіндігі ұстанымдарына сәйкес келеді.

«Сонымен бірге, заң жобасында ұғымдық аппарат енгізу қарастырылған. Бұл пикет, наразылық, шеру, митинг сынды бейбіт жиын түрлері мен негізгі түсініктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңда мұндай түсінік жоқ және заң тәжірибесінде де бейбіт жиын қатысушылары мен ұйымдастырушылары тарапынан наразылық тудыратын», - деді Жанат Қожахметов.

Жауапты хатшы Мәжілісте заңда көрсетілген орындардан басқа барлық жерде өткізуге болатын норма қабылданғанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Сенаттағы жұмыс тобы аясында ірі қалалардың орталық бөлігіндегі арнайы орындар санын анықтау бойынша норма қарастырылып жатыр. Егер бұл норма қабылданса, Нұр-Сұлтандағы арнайы орындар саны ең кемі 12-ге, Алматының орталық бөліктеріндегі арнайы орындар саны - 24-ке жетеді», - деді Жанат Қожахметов.


Отырыс барысында Қазақстандағы елшілер заң жобасы туралы өз пікірлерін білдіріп, ұсынымдарын айтты.

ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев халықаралық серіктестер тарапынан түрлі ұсынымдар түскенін және олардың ескерілетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар