Шет мемлекетте жұмыс істеу шетелге саяхат емес – дипломат Ерлан Шәмішев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дипломат жұмысының қиындығы неде? Ол өз елін бөтен жерде лайықты таныта алуы үшін қандай қасиетке ие болуы тиіс? Сыртқы саясат саласында жұмыс істейтін жас мамандардың көпшілігінің бірден шетелде қызмет етуді армандауының сыры неде? Бұл сауалдардың жауабын ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саяси талдау және болжау департаментінің директоры Ерлан Шәмішев тарқатып берді.

- Ерлан Дәуренұлы, өзіңіздің қызметіңіз, басшылық жасайтын департаменттің немен айналысатындығын айтып берсеңіз...

- Сыртқы саяси талдау және болжау департаментінің негізгі қызметі ел басшылығы мен жоғарғы саяси органдардың – Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің, Қауіпсіздік кеңесі аппаратының, СІМ басшылығының қызметіне ақпараттық-сараптамалық сүйемелдеу жасауға бағытталған. Сонымен қатар департаменттің негізгі қызметі - әлемдегі және өңірдегі халықаралық ахуалға мониторинг жүргізу. Соның негізінде біз халықаралық саяси және экономикалық процестерге талдау жасаумен және болжаумен айналысамыз. Мұнан бөлек, талдау негізінде ұсынымдар беріп, сыртқы саяси қызметті жоспарлау сапасын жақсарту мақсатында қорытынды шығарамыз. Халықаралық серіктестермен, оның ішінде ТМД елдерімен, Еуропалық одақпен, Азия, Түркия және басқа да мемлекеттермен консультациялар жүргізу де жұмысымыздағы инструментарий саналады. Түрлі халықаралық іс-шараларға, форумдарға, конференциялар мен дөңгелек үстелдерге қатысамыз. Сарапшылық қауымдастықпен талқылаулар өткізіп, пікір алмасамыз.

- Дипломат мамандығына қалай келдіңіз және СІМ құрылымында қай уақыттан бері қызмет етесіз? Шетелде жұмыс істедіңіз бе?

- СІМ құрылымында жұмыс істеп жүргеніме 24 жыл болды. Мәскеуде жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін алдыма дипломатиялық қызметке тұру мақсатын қойдым, саналы түрде ұмтылдым. «ТМД-дағы интеграциялық процестердің қарқыны» тақырыбында дипломдық жұмысымды қорғадым. Содан кейін Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің мінездеме беруімен Алматыда дипломатиялық қызметке кірістім. Сол уақыттан бері осы салада еңбек етіп келемін, орталық аппаратта түрлі лауазымда қызмет атқардым. ШЫҰ Ұлттық үйлестірушісінің кеңсесінде жұмыс істеп, әскери инспекциялық қызмет проблемаларымен, Қытаймен шекарада сенім іс-шараларын нығайтумен айналыстым. ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің Сараптама бөлімінде 6 жыл жұмыс істедім.

Үш шетелдік нүктеде, атап айтқанда Оңтүстік Корея мен Польшадағы дипломатиялық өкілдіктерде, сонымен қатар үш жыл Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінде дипломат болдым.

- Ал дипломаттардың шет елдегі жұмысының қиындығы неде деп ойлайсыз?

- Шет мемлекеттегі жұмыс – өзге елге қызметке жіберілген әрбір дипломат үшін үлкен жауапкершілік. Қиындық мынада, әрбір дипломат өзіне бірқатар шектеуді қабылдайды, көптеген дағдыға айналған дүниелерден өзін өзі тияды. Мәселен, ол жақта қарапайым ғана әңгіме-дүкен құратын туған-туысың, достарың жоқ. Айтқан сөзің мен істеген ісіңде де барынша сақтық танытуға тиіссің. Шет елде төтенше жағдай сипатындағы жайттар, апаттар, лаңкестік шабуылдар, әскери қақтығыстар немесе тіпті пандемия салдарынан карантиндік іс-шаралар туындап жатады. Мәселе өзіңнің сол жерде болуыңа, жүріп-тұруыңа және қиын жағдайда көмекті қажет ететін еліңнің азаматтарымен тілдесуге қатысты.

Дипломатиялық қызмет өте байыпты бағыт. Өз еліңді лайықты көрсете білуге тиіссің. Сырт келбетің келіскен жоғары ақыл-парасат иесі, әмбебап, дүниетанымы кең, қызметтік міндетін ғана біліп қоймай түрлі салада танымы жоғары маман болуың қажет. Түрлі инстанцияға қолың жетімді болып, қарсылас серіктесіңді иландыра алуың өз көзқарасыңды түсіндіріп, нәтижеге жетуің керек. Ең бастысы әлемнің шынайы картинасын көре білуге, өтіріктен шындықты ажыратуға, өз Үкіметіңе сенімді картинаны жеткізу үшін ахуалды шынайы бағалай білуге машықтануға тиіссің. Мұның барлығы шешім қабылдаудың дұрыстығына ықпалын тигізеді.

- Қандай тілдерді білесіз?

- Орыс, ағылшын, польяк тілдерін жетік білемін.

- Дипломат болуға ұмтылатын жас мамандарда не жетіспейді? Көпшілігі неліктен бірден шетелде жұмыс істегілері келеді?

- Бәлкім, ең алдымен шыдамдылық пен өз күшін бағалай білу жетіспейтін шығар. Жас мамандар тәжірибенің жеткіліксіздігінен әрі сыртқы әлемді жетік біле бермегендіктен ахуалды толықтай түсіне алмайды. Сонымен қатар әлемді шынайы түрде тануға әрі қандай қиындықтармен бетпе-бет келуіне қатысты өзін өзі шынайы бағалау жетісе бермейді.

Айталық, өзім еліміз үшін күрделі кезеңде, 90-шы жылдары 2,5 жыл бойы орталық аппаратта жұмыс істедім. Ол уақытта еліміздің қаржылық та, бюджеттік де мүмкіндіктері шектеулі болатын. Ал мемлекет үшін ең бірінші кезектегі міндет елорда ауыстыру еді. Өте көп қолайсыздық пен шектеу болды. Оған қоса, жұмыс процесі қиындықтарға қарамастан қызықты және адамды шабыттандыра түсетін. Жаңа астанада болашағымыздың жарқын боларына зор сенім артып өмір сүрдік, жұмыс істедік және кез келген қиындыққа мойымауға дайын болдық.

Қазір жастардың көпшілігі бейнет тартпай-ақ бәрін бірден алғысы келеді. Бірақ, олар өмірлік мектептен өтіп, орталық аппаратта жұмыс істеу, мемлекеттік шешімдерді қабылдау, ақпарат құрастыру тетіктерін білулері қажет. Өз еліңді жетік білмей тұрып, шет мемлекетте лайықты жұмыс істеу өте қиын.

Иә, мұндай проблема бар. Көптен жастың адасуының сыры мынада. Олар өзін де, жағдайды да бағаламастан асығыстық танытады. Адам қандай да бір шет елге аттанбас бұрын мұның өте маңызды миссия екендігін жете түсуінуі, кемеліне келуі тиіс. Ол төңірегінде, әлемде орын алып жатқан жайттар мен оқиғаларды лайықты бағалай білуі, жауапты болуы қажет. Өзінің іс-әрекетінің жауапкершілік шегін білуі керек. Әрине, өзіңнің жеке мүддең мен жеке уақытыңды да құрбандыққа шалуға дайын болған жөн. Шетелде болған кезде жұмысқа толықтай беріліп, тәуліктің 24 сағатында да байланыста болуың қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымының да мұндай ұйғарымы бар. Тәуліктің кез келген уақытында қандай да бір төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Егер қандай да бір төтенше жағдай, жанжал орын алса, онда дипломат жинақы болуы тиіс. Бұл әдемі элементтері бар шетелдік саяхат емес.

- Дипломат тағы қандай қасиетке ие болуы тиіс?

- Жалпы, дипломат ауа райынан бастап спорт пен кино индустриясына дейінгі кез келген тақырыпта сөйлей білуі керек. Саясат, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды айтпағанның өзінде әлемдік әдебиет пен өнерді де жетік білуі қажет. Дипломат дамудың жоғары зияткерлік деңгейіне әрі жан-жақты дүниетанымға ие болуы тиіс. Міне дәл осы жайттар нағыз дипломатты өзге мемлекеттік қызметшілерден ерекшелеп тұрады. Ол өмірдің барлық саласында жан-жақты танымға ие болуы керек.

- Ерлан Дәуренұлы, сұхбатыңызға рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!


Соңғы жаңалықтар