Шет ауданында көмекке мұқтаж жандарға арналған тегін әлеуметтік дүкен ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде көпбалалы және аз қамтылған тұрғындарға арналған тегін әлеуметтік дүкен ашылды. Ол «БАҚ» сауда орталығында орналасқан. Дүкен Шет ауданы әкімінің бастамасымен «Ақтілеу» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ақсу-Аюлы кентінде көмекке мұқтаж 30 отбасы тұрады. Әлеуметтік дүкенге ауыл тұрғындары, мекеме басшылары мен кәсіпкерлер жиналды. Әлеуметтік дүкенге "Шерубай-Су" ЖШС картоп ұсынды, ал азық-түлік "Ақтілеу" қайырымдылық қорының және жанашыр азаматтардың қаражатына сатып алынды.

Әрбір мұқтаж отбасы айына 40 килограммға дейін азық-түлік ала алады. Дүкендегі қор 5 айға жетеді, содан кейін мұнда қайтадан азық-түлік пен қажетті заттар тасымалданады.

Әлеуметтік дүкен аудандық жұмыспен қамту бөлімі бекіткен тізімге сәйкес сатып алушыларға қызмет көрсетеді. Бұл отбасылар айына бір рет дүкенге келіп, қажеттінің барлығын ала алады.

- Дүкенде балалар аяқ киімі мен киім, сондай-ақ азық-түлік бар. Менің 4 жасар қызым үшін күртеше мен аяқ киім алдым. Біз кентімізде мұндай дүкен ашылғанына өте қуаныштымыз, - дейді көп балалы ана Индира Берікбосынова.

Әр ай сайын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері мұқтаждар тізімін жаңартып, толықтыратын болады. Сондай-ақ көмекке мұқтаж кез келген отбасы әлеуметтік дүкенге барып, алғашқы қажеттілік тауарларын алуға өтінім қалдыра алады.

Шет ауданы әкімінің айтуынша, жақын арада мұндай тегін дүкендер Ақадыр, Ақжал, Мойынты кенттерінде және С. Сейфуллин атындағы ауылда пайда болады.

Соңғы жаңалықтар