Шерубай Құрманбайұлы: Тіл бар жерде ұлттың, мемлекеттің мүддесі бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тіл мәселесі қай кезде де өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз құралдарына берген сұхбатында: «Қазақтың тілі - қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да - тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де - тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген болатын. Осы тақырып төңірегінде белгілі тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлымен әңгіме өрбітіп едік.

- Лингвист ғалымдардың зерттеулері бойынша қазіргі жер бетін мекендейтін 7 миллиард адам 7 мың тілде сөйлейді. Алайда жер бетіндегі адам саны өскенімен ұлт тілдерінің саны жыл өткен сайын ерекше жылдамдықпен жойылуда. Біз осыдан қандай ой түюіміз қажет деп ойлайсыз?

– Тіл – танымның, қарым-қатынастың аса маңызды құралы. Әр тілде сол тілді жасаған, сол тілде сөйлейтін халықтың, ұлттың таным-түсінігі, мәдениеті, бүкіл рухани байлығы сақталады. Соларды сақтау арқылы ұлттың өзі де сақталады. Ал тілінен айрылған жұрт сол байлықтың бәрінен айрылады, тілімен қоса өзі де жоғалады немесе басқаға сіңіп кетеді. Қалай жоғалса да тілінен айрылған жұрт ұлт ретінде тірі қалмайды. Тілінен айрылуы – ұлттың өлімі. Тілінен айрылғандар сүлдерін сүйретіп жүрсе де – тірі өлікке айналады. Мұны біздің ұлы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы бір-ақ ауыз сөзге сиғызып «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деген. Сондықтан да ұлт тірі тұрғанда тілін әлсіретпеуге, оның беделі мен мерейінің өсуіне, өрісінің кеңеюіне барын салуға тиіс. Сонымен қатар тіл тек таным құралы ғана емес, билік жүргізіп ел басқарудың, экономиканың, үлкен саясаттың да қуатты құралы. Тілі нығайған, кең тараған елдің өзгелерге ықпалы да артады, экономикасы да нығаяды. Оған АҚШ пен Англия, Қытай жарқын мысал бола алады. Ағылшын тілі мен қытай тілі бұл мемлекеттерге, олардың халқына үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Сол себепті тіл бар жерде тілдің артында міндетті түрде сол тілде сөйлейтін ұлттың, мемлекеттің мүддесі тұрады. Ал мүдде бар жерде оны қорғаудың, оған жетудің сан түрлі жолы, амал-айласы қоса жүреді. Қазір бұл мүдде жолындағы күрестер экономикалық үстемдік, озық ғылым-білім, жаңа технология, ақпараттық кеңістіктегі ықпалдылық арқылы жүріп жатыр. Керек кезінде қорқытып-үркіту, күш көрсету, әскери қуатын пайдалануы да мүмкін. Дамыған, кең тараған тіл мемлекеттің ең мықты құралының бірі, бірі ғана емес бірегейі. Соған сәйкес әр мемлекет өз қуат-құралының әлсірегенін қаламайды. Дамыған, экономикасы өркендеген ел тілінің де қолданыс аясы кеңейіп, кең тарала беруіне барынша мүдделі. Олар сол тілде сөйлейтіндердің санын арттыра бергісі келеді. Әлсіз елдердің, ұсақ, аз ұлттардың, дамымай қалған тайпалардың тілдерінің күн санап тез жойылуының сыры осында жатыр. Алпауыт елдер, ірі халықтар оларды сақтап қалуға, мектебін ашып, баласын ана тілінде оқыту арқылы шағын жұрттардың өсіп-өнуіне, тілін жоғалтпауына қамқорлық туғызып жатса олардың тілдері өте жылдам қарқынмен өлі тілге айналып жатпас еді ғой. Керісінше, ірілер, мықтылар әлсіздерді, аз халықтарды мұхиттағы майда шабақтарды үйірімен жұтатын киттер сияқты қылғытып келеді. Бізге осыдан сабақ алып, тілімізді барынша дамытып, қорғаудан, оның өз еліміздегі қолданысын қамтамасыз етуден, кең таралуына бар мүмкіндікті туғызудан басқа жол жоқ.

Осы орайда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілінің келешегі қандай болмақ деген ойдасыз?

– Бұл ең алдымен, мемлекетіміздің тіл саясатын сауатты, жүйелі әрі пәрменді түрде жүргізуіне және біздің әрқайсымыздың азаматтық, ұлттық парызымызға адалдығымызға тікелей байланысты. Мемлекетіміз мемлекеттік тіліміздің қорғаны болса, әр қазаққа өз тілінде тәрбие мен білім берсек, қазақ тілінің болашағы зор. Осы уақытқа дейін бұл мәселеде ұтылып келген тұстарымыз аз емес. Ендігі жерде тіл мәселесін мықтап, шындап қолға алу керек. Бұл істе боссөзділікке, «ұзын арқан, кең тұсауға салуға» болмайды.

- Жоғарыдағы мысалыңызға орай айта кетейін, ғалымдар әлемдегі ең бай тілдерді де есептепті. Дүниежүзінің ішкі жалпы өнімінің 31% байлығы ағылшын тілін қолданатын елдерге тиесілі екен. 11% орыстілді ортада өндіріледі. 9,6% жапон тілінде сөйлейтін Жапонияның еншісінде. Төртінші орында 8,9% немістер болса, бесінші кезекте 6,6% француздар орналасқан. Осы экономика тілді бағындырып кетпей ме болашақта?

– Елдің болашағы жарқын болуы үшін экономикасы мықты болуы керек екендігі бесенеден белгілі. Экономикасы мықтылардың тілі де бай, тартымды әрі ықпалды болады. Ондай тілді меңгеруге ұмтылатындар да көп болады. Оған мысалды алыстан іздеудің еш қажеті жоқ. Оны ақшасын төлеп ағылшын тілін үйреніп, өз мемлекетінің, ата-басының тілін тегін де үйренбей жүрген талай отандас-қандастарымыз іс жүзінде көрсетіп те отыр. Өзге елдерді айтпағанда өз еліміздің ішінде қаржы-экономика, бизнестің тілі ретінде қазақ тілі әлі орнықпай отырғанынан да соны көруге болады. Алайда «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген сөзді айтқан қазақ қой. Біздің ел экономикасының тез өркендеуіне мүмкіндік өте мол. Осыншама кең байтақ жерді иеленіп, ен байлықтың үстінде отырған аз ғана халықтың бай да қуатты болуына мүмкіндігі өте зор екенін әрбір есі бар адам түсінеді ғой деп ойлаймыз. Қоғамды жегі құрттай кемірген жемқорлықтан арылып, елді басқару мен кадр іріктеудегі ашықтыққа, әділеттілікке, білім беру саласындағы сапаға қол жеткізсек, ғылымды дамытсақ біздің елдің бай болмауы тіпті мүмкін емес. Бізде табиғи байлықтың бәрі бар. Жеріміздің асты мен үсті толған байлық. Алтын сандықтың үстінде отырып, кедей болуға хақымыз жоқ. Сондықтан аталған кеселдерден арылсақ, экономикамыз да көтеріліп, сонымен бірге қазақтың тілі де ел аумағында нағыз мемлекеттік, ұлтаралық қатынас тілі ретінде толық үстемдікке ие боларына сеніміміз мол. Сонда жаһандану мен сыртқы ықпалдарға қарсы тұруға да қауһарлы бола түсеміз. Соған ұмтылуымыз керек.

Жер бетінде қатар ғұмыр кешіп жатқан көптеген мемлекеттер, ұлттар мен ұлыстардың өз тілдері бар. Тілдердің тағдыры қашанда оны жасаған тіл иелерімен тығыз байланысты, тағдырлас. «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» немесе ұлы ағартушы әрі аса көрнекті лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтқан «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп мінберлерден жиі ақыл айтамыз. Бірақ қазақ тілінің қолдану аясы кеңімей отыр. Себептерін тізіп берсеңіз.

– Сөзіңіз орынды. Қазақтың тағдыры қазақ тілімен тығыз байланысты. Сол сияқты тіліміздің болашағы да біздің өзімізге тікелей тәуелді. Тіл мен ұлтты бөліп-жаруға болмайды. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеймей отыруының бірнеше себептері бар. Біздің пайымдауымызша олардың негізгілері мыналар:

Біріншіден, біздің тілдік заңнамамыз тек қазақ тілінің өркені өсіп, өрісі кеңеюін көздей отырып жасалмаған. Бұл заңдар сонау 90-жылдары елдегі демографиялық жағдай қазаққа қолайлы болмай, өз еліміздегі халқымыздың үлесі кем болып тұрған кездегі тілдік ахуалға бейімделіп қабылданды. Одан бері елдегі демографиялық, тілдік ахуал өзгерсе де заңымыз өзгермеді. Сондықтан да қазақ тіліне заң жүзінде мемлекеттік мәртебе берілгенмен іс жүзінде оған ондай мүмкіндік толық беріліп, қоғам өмірінің барлық салаларында кеңінен қолданылуы талап етілмеді. Көлігіңіз жол қиылысындағы тоқтау сызығын басып кетсе сіз айыппұл төлейсіз. 40 немесе 60 деген жол белгісі тұрған жерден абайсызда 50-мен немесе 70-пен өтіп кетсеңіз жолпол мәшинесі қиқулап қуып келіп сізге айыппұл жазып береді. Яғни заң бұл жерде жұмыс істеп тұр. Мемлекет оны қатаң талап етіп отыр. Ал Тіл туралы заңды бұзсаңыз, Ата заңында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған тілді білмесеңіз, оны кәсіби қызметіңізде пайдаланбасаңыз, бұл елде сол тілде сөйлемесеңіз түк те болмайды. 30 жылда елдің мемлекеттік тілінің түрлі баптарының талаптары орындалмауына байланысты айыппұл төлепті, ескерту алыпты, лауазымы төмендетіліпті дегенді естідіңіз бе? Мемлекеттік қызметке кірерде мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша тапсырған тест көрсеткіші есепке алынбай келді. Бұл мемлекетке қызмет етуге тиіс мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуі міндетті емес деген сөз. Тіл туралы заңның бір ғана 23-бабына өзгеріс енгізу мәселесі қанша рет көтерілсе де шешімін таппады. «Тәуелсіздік тұсында қабылданған 3 мың заңның екеуі ғана мемлекеттің өз тілінде жазылды» деп жар салып жүрміз. Соларды аударып қойып, қазақшасы бар деп өзімізді өзіміз алдап отырмыз. Ал шын мәнінде заң шығармашылығында қазақ тілі жұмыс істемей, қаңтарылып тұр. Біздің қазақша заңдарымыз аудармашылардың шеберлігін шыңдап, қазақ тілінде заң жазбай немесе жазғызбай отырғандардың артын жауып тұру үшін ғана жазылатын сияқты. Әйтпесе, елдің заңы алдымен сол елдің мемлекеттік тілінде жазылуы керек еді ғой. Бизнес, банк-қаржы секторы да орысша сайрап, есеп беру үшін ғана жасалған аударма құжаттармен мемлекетік тіл мәселесін «шешіп» отыр. Қазақ тіліне деген нақты талаптың, қажеттіліктің туғызылмай отырғанын күнде көріп жүрген тәуелсіздік кезеңінде туған жастарымыз өзара орысша сөйлесіп, ағылшынша үйрену арқылы қазақтың жарқын болашағын қалыптастыруға дайындалып жатыр. Яғни, тілдік заңнама әлсіз, солқылдақ, мемлекеттік тілдің жаппай қолданысын қамтамасыз етуге қауһарлы емес. Оны тілге шынайы қажеттілік туғызатындай етіп, қазіргі уақыт талабына сай қайта жазып, толықтырып, жаңартып қабылдау қажет.

Екіншіден, билік пен бизнес элитаның басым бөлігі осы уақытқа дейін қазақша сөйлемейтін, сөйлесе де бер жағынан ғана көз алдау үшін «бар», «жоқ» деуден аспайтын, сөзін бір-екі ауыз жаттанды қазақшамен бастап, ары қарай орысша ағыла жөнелетін орыстілді қазақтар болды. Олар қазақ тілінің мемлекетті басқару, заң шығару, ғылым мен технология, білім беру мен бизнестің тілі болуына аса мүдделі болмады. Алғашқыда қазақ тілінің болашағына сенбейтіндері де болды. Кейін тілдік ахуал өзгере бастағанда беттері бері бұрылғанымен қазақ тілінің өрісі кеңеюіне көбісі белін буып кіріспеді. Билігін орысша жүргізіп, бизнесін орысша жасап, көпшілігі өздері сияқты орыстілді ұрпақ өсіруді жалғастырды. Меніңше, қазақ тілінің өрісін тарылтып, қолданыс аясының кеңеюіне осы қауым, өз қандастарымыз көп кедергі жасады. Олардың арасында білімді, іскер, кәсіби білімі жоғары, мәдениетті адамдар көп. Кәсіби қызметін де жақсы атқарады. Ал ең бастысы олардың көпшілігінің жаны қазақ тілі үшін ауырмайды. «Тіл – ұлттың жаны» дейміз ғой. Ал анандай бауырларымыздың жаны басқа тілге байланып қалған. Жанымыз бір болуы үшін тіліміз де бір болуы керек. Егер қоғамда қазақтілді элитаның, зиялы қауымның ықпалы күшті болғанда тіпті, қазіргі қолданыстағы тілдік заңнамамен де көп іс тындыруға, тіліміздің тынысын ашуға болар еді. Олай болмады.

Менің бір қазақты «орыстілді», «қазақтілді» деп екіге бөліп, бір-біріне қарсы қояйын, жік салайын деген бөтен ойым жоқ. Бірақ, шындығы осы. Біз ұрпағымыздың елеулі бөлігін өзге тілде оқытып, өзге мәдениеттен сусындатып, өзімізді өзіміз қақ жарып алған бейбақ халықпыз. Енді соның «жемісін» жеп отырмыз. Осындай дертіміздің бар екенін ашық айтып, оны емдеуге көшпесек, өзімізді өзіміз жеп тынамыз. Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасындағы сол қолына бой бермей оң қолы қылғындырып өлтірген қыздың тағдырын кешкіміз келмесе, бүкіл қазақ ұл-қызын өз тілінде оқытып, қазақша тәрбиелеуі керек. Бізді ұлт ретінде құтқаратын, тілімізді түлеттетін де жалғыз жол осы. Сонда сіз айтып отырған «Неге солай?», «Неге тіліміздің қолданыс аясы кеңеймейді?» деген сұрақтардың бәріне жауап беріледі, мәселе табиғи түрде шешімін табады. Ұлтты, тілді сақтау үшін, оның қолданысын кеңейту үшін ұрпағың өз тіліңде сөйлеуі керек. Болды, бітті. Бұл өте қарапайым қағида. Бірақ соны орындай алмай отыр емеспіз бе?

- Қазіргі таңда қазақ қоғамында үштілділік мәселесі қызу талқыланып бітіп, біртіндеп тұрмысқа ене бастады. Шерубай Құрманбайұлы Сіз, еліміздегі айтулы тіл маманысыз. Үштілділікке қатысты пікіріңізді білсек. Үштілділік бізге не береді? «Біртілді болғанда қандай едік?», «Қостілді қазақ қандай болып отыр?» деген сұрақтар төңірегінде ойларыңызды ортаға салсаңыз.

– Бір үйде екі тілде сөйлейтін адамдардың бірін-бірі өте жақсы түсініп, емін-еркін сырласып өмір сүруі қандай қиын болса, қоғамда да сондай. Қоғамда қостілділікті, екі тілдің абсолютті түрде бірдей қолданылуын қамтамасыз ету, оны қадағалау, реттеу оңай емес. Әдетте бір тіл үстем болады да, екінші тіл соның ыңғайына көніп, екінші сатыда тұрады. Кей жағдайларда бір тіл қоғамның белгілі бір саласында ал екінші тіл өзге салаларда басымырақ қолданылуы да мүмкін. Ал экономикасы, ғылымы мен технологиясы жақсы дамыған, саяси салмағы, күші басым, халық саны мол елдің тілі одан гөрі шағындау, әлсіздеу елдің тілімен қатар қолданылса, екіншісінің жағдайы қиындай береді. Өйткені, тілдер арасындағы бәсеке ешқашан тоқтамайды. Ал бәсекеде, күресте әрқашан күштінің жеңетіні белгілі. Біздің жағдайымызда қостілділіктің қазақ тілі үшін тиімсіз болғанын уақыт көрсетті. Өйткені біз 70 жыл мүмкіндігі шектеліп келген өз тілімізді КСРО деп аталған алып державаның өсіп-жетіліп алған тілімен қатар қойдық. Кім ұтып отырғаны айқын көрініп тұр ғой. Ал үштілділік одан да үлкен бәсеке. Ағылшын тілі де, орыс тілі де кең тараған, БҰҰ-ның ресми тілдері. Ағылшын тілі таралуы мен ықпалы жағынан орыс тілінен әлдеқайда қуатты тіл екені баршаға мәлім. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кебін кимеу үшін бізге бұл ағайындармен алыстан сыйласқан абзал. Ол дегеніміз ағылшын және орыс тілдерін ұл-қызымызға 5-7 сыныптардан бастап қана шет тілі ретінде оқытпаса болмайды деген сөз. Қайталап айтайын, шет тілі ретінде. Ал бала тәрбиесі мен орта, арнаулы орта, жоғары білім негізінен мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс. Бұл біздің бұлжымайтын заңымызға, білім саясатының басым бағытына айналуы керек. Олай етпесек, біз ұлтты, тілімізді аман сақтап, қазақтілді Қазақстанды қалыптастыра алмаймыз. Сол сияқты біздің жастарымыз тек ағылшын мен орыс тілін ғана емес, қытай, жапон, неміс, испан, араб тілдерін де қажетіне қарай оқып үйренгені жөн. Бұл бізге озық ғылым мен технологияны меңгеру үшін қажет. Біз өз үйімізде де, көшеде де, қоғамдық орындарда да, қысқасы ел аумағының барлық жерінде тек қазақша сөйлетін ұлт ретінде қалыптасуды, сондай ұрпақты, ұлтты тәрбиелеуді қолға алуымыз керек. Ал ағылшын тілі сияқты кең тараған, ғылым мен технология тілін елден тыс жерде, сол елдерге барғанда немесе қажет әдебиетті оқу үшін, қажет ақпаратты алу үшін ғана пайдаланатын мәдениет, сондай сана қалыптастыруымыз қажет. Сонда ғана біздің шет тілін меңгергенімізден, көп тіл білгенімізден қазаққа зиян келмейді. Оны қажет құрал ретінде ғана өз игілігімізге пайдаланамыз. Ал оны өмір салтымызға енгізіп, еліміздің тілдік кеңістігінен орын беріп қойсақ, өзіміз сол тіл мен мәдениеттің жетегінде кетсек, онда ұлтымызды да, тілімізді де жоюға жол ашқан болып шығамыз. Солай болмауы үшін үштілділік деген мәселені әдеттегідей алаулатып-жалаулатпай, ұрандата бермей, оған сабырмен, байыппен қараған дұрыс. Біз өзгенің тілін меңгерудің пайдасын ғана көріп қоймай, одан зиян шегіп, оның зардабымен де күресіп отырған ұлтпыз. Ендеше, «Аузы күйген үріп ішеді» дегенді ұмытпайық. Қостілді боламыз деп, бар болмысын қақ жарып алған қазақ, енді үштілді боламыз деп, ертең елді «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағыдай үш жаққа тартып, тәлкекке салатын ұрпақ өсіріп жүрмейік. Тіл артында үлкен мүдде мен саясат бар. Сондықтан бұл мәселеде сақ та сабырлы болған жөн. Әр қадамымызды абайлап басып, өз мүддемізге қызмет ете білсек, қазақтың да, қазақ тілінің де келешегі кемел боларына сенім мол.

Сұқбаттасқан Махат Садық



Соңғы жаңалықтар