Шереметьевода ұшақ апатына алып келген себептер аталды

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Шереметьево әуежайында Sukhoi Superjet 100 ұшағы бірнеше себепке байланысты апатқа ұшырауы мүмкін. Олардың арасында ұшқыштар мен диспетчерлердің біліктілігінің төмендігі, ауа райының қолайсыздығы және техникалық ақаулар бар. Бұл туралы журналистерге РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко хабарлады.

Оның айтуынша, Шереметьевода оқиға болған жерде өткен шұғыл жиналыс барысында Александр Бастрыкин апатқа алып келген барлық себептер мен жағдайларды, барлық тұлғаларды анықтауды тапсырған.

Бұған дейін ТАСС-қа құқыққорғау органдарындағы дереккөз хабарлағандай, төтенше жағдай себептерінің негізгі нұсқасы - ұшаққа найзағайдың түсуі. «Негізгі нұсқа - ұшаққа найзағай түсіп, содан кейін ұшақтың автоматикасы істен шыққан. Қонған кезде, алдын ала дерек бойынша, ұшып-қону жолағына екі рет соғылып, кейін жана бастаған», - деді дереккөз. Оның айтуынша, найзағайдың түскенін экипаж бен жолаушылар растаған.

Ресейдің Шереметьево әуежайында болған ұшақ апаты жөнінде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Өртенген Sukhoi Superjet 100 ұшағының бортында болған 78 адамның 37-сі ғана аман қалды. ҚР СІМ зардап шеккен және құрбан болғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда Ресейде өндірілген «SSJ-100» маркалы бір ғана бизнес ұшақ пайдаланылады.

«Бұл ұшақ жекеменшік компанияға тіркелген. Ал тұрақты бағдарларда бізде осы типтегі әуе кемесі пайдаланылып жүрген жоқ», - деді министр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министр Асқар Мамин апатқа байланысты көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар