Шенеуніктерге БАҚ пен желіде айтылған ескертпелерге назар аудару тапсырылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында жастар саясаты, дін істері, білім, ішкі саясат және идеология салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келелі кездесуде 4 басқарманың басшысы атқарылған жұмыстармен қатар қордаланған түйткілдер жөнінде баяндама жасап, оларды шешу жолдары мен ұсыныстарын айтты.

Облысық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев аудан, қала әкімдікері мен басқармалар кез келген мәселелер бойынша жедел әрекет етіп, шынайы ақпарат берулері тиіс екенін айтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, цифрлық эфирлік теле-радио хабарларын таратуға көшу және жаңа медианы дамыту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.

«Облыс өміріне қатысты өзекті мәселелер бойынша тиісті аудан, қала әкімдіктерінде дағдарысқа қарсы штаб құрылып, әрбір мәселе жіті қаралып, оның шешілуі басты басымдық болуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды және олардың орындалу барысын насихаттау жұмыстары күшейтіледі. Әрбір аудан, қала әкімдіктері БАҚ-та және әлеуметтік желдегі ұсыныстар мен сын-ескертпелерге назар аударуы тиіс. Осы арқылы резонансты жағдайлардың алдын алып, халыққа бұрмаланбаған, шынайы ақпарат таратылады. Ол үшін мемлекеттік мекемелер жедел әрекет етіп, сол кемшілікті жойып, заң талабына сай жауап беруге күш салулары тиіс. Алдағы уақытта идеологиялық сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша облыстық семинар-тренингтер ұйымдастырылады», - деді Бейсенбай Тәжібаев.

Ал, дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Жүнісованың айтуынша, Түркістан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары, яғни, мешіттердің саны 719-ға жеткен. Алдағы уақытта демеушілерге мешітпен қатар, мәдениет және спорт нысандары мен өзге де әлеуметтік нысандар салу жөнінде түсіндірме жұмыстары күшейтілмек.

Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жиынды қорытындылап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

«Әрбір басқарма өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, жұмысты ширатқандары жөн. Соңғы жылдары облыста болған оқиғаларды зерделеп, оның қайталанбауына күш салыңыздар. Білім, жастар, дін және идеология салаларына артылар міндет ауыр. Сондықтан мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді»,- деді Ұласбек Сәдібеков.

Соңғы жаңалықтар