Шенеунік көлігімен басып кеткен 3 жасар бала комада жатыр - Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жүктіліктің тоғызыншы айындағы әйел мен 3 жасар баланы қағып кеткен «Лексус» жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Оқыс оқиға 20 маусымда Алматыда орын алған. Анасы мен баласы Жансүгіров пен Жұмабаев көшелерінің қиылысынан өтіп бара жатып, жүйткіген «Лексустың» астына түскен.

«Көлік жүргізушісі Алматы облысы Ұйғыр аудандық салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев екен. Ол жапа шеккен анасы мен баласын оқиға орнында тастап қашып кетпек болған. Қуыс көшелердің біріне бұрылған «Лексусты» оқиға куәгерлері көліктерімен қоршап, тырп еткізбеген. Медициналық тексеру барысында жүргізушінің мас екендігі анықталды», - деді Алматы қалалық ІІД анықтау бөлімінің басшысы Рустам Әбдірахманов. Ауыр жараланған жүкті ана бірнеше сынықтармен ауруханада жатыр. Ал 3 жасар сәбидің халі өте мүшкіл. Дәрігерлер оның бас сүйегі сынғанын айтып отыр. Бала қазір комада жатыр. «Қылмыстық іс ҚР ҚК бірнеше бабы - 296 бабы, 1 тармағы (ЖҚЕ мен көлікті пайдалану ережесін бұзу), 297 бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалау), 119 бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда», - деді майор Әбдірахманов.

Соңғы жаңалықтар