Шемонаихадағы төтенше жағдай: Ахметов үйсіз қалғандарға уәде берді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Шемонаиха ауданында Үбе өзенінің бетімен сең жүріп, мұз кептелісінің кесірінен 58 үйді су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Су үйлерге таңғы сағат 7.30-дан бастап кіре бастаған. Осы оқиға салдарынан ауданда дереу төтенше жағдай жарияланған болатын. 

Соңғы 3 күндегі жылымық пен жаңбыр салдарынан өзен бетіндегі мұздың көбесі сөгіліп, сең жүрген.  Қалыңдығы 1 метрден асатын мұз кесектері Шемонаиха қаласына кіре берістегі аспалы көпірге кептеліп, салдарынан жағадағы үйлерге су кірген. Тұрғындардан дабыл түскен бетте төтенше жағдай мамандары мен жергілікті әкімдік мүшелері мұзды қопарғыш затпен жаруға шешім қабылдаған екен. Оның нәтижесінде үйлерге кірген судың беті қайтып, кептеліс сейілген. Су алған үйлерді облыс әкімі Даниал Ахметов аралап көрді.

«Айналдырған 20 минуттың ішінде өзен суы үйге кірді. Көршілердің малын босатып үлгердік. Басында жаңбыр суының әсері шығар деп ойлап қалдық. Мұз кесектері ауламызға кіре бастаған кезде сең жүргенін бірақ білдік. Дереу қала әкіміне қоңырау шалдық. Олар жедел шешім қабылдап, 3 сағаттың ішінде су арнасына қайтты» - дейді апат туралы құзырлы органдарға хабарлаған Вера Шестакова.
null null 

Повстанческая көшесінің ең шетінде тұрған зейнеткердің үйіне кіру мүмкін болмай қалыпты. Су іргетастан асып, терезеге жете жаздаған. Даниал Ахметов осыған ұқсас жағдайға түскен бірнеше үйді аралап, апаттан есін жиып үлгермеген халықтың көңілін жайландырды.

«Бұл жерде біреуден кінә іздеуге келмейді. Өзен бетімен сең жүрген. Жауапты мамандар дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, кептелісті қопарғыш затпен жарған екен. Соның арқасында су тез қайтты. Жағалау әлі де бекемделетін болады. Барлық үйді арнайы құрылған комиссия қарап, тұруға жарамсыз болғандарын басқа үймен немесе пәтермен алмастырамыз. Ал жай ғана бүлінгендерін жөндеп береміз. Жиаһаз бен өзге де мүліктеріңіз бүлінсе шығынын толтырамыз. Оған күмән болмасын» - деді облыс әкімі.
null 

Даниал Ахметов су басқан 58 үйдің 10-нан астамы жарамсыз күйге түскенін атады. Олардың иелеріне аудан орталығынан баспана берілмек. Қала әкімі Мұрат Желдібаевтың айтуынша, аудан орталығында 40-қа жуық үй саталымда тұрған көрінеді. Ал өзен арнасына тым жақын орналасқан үйлер біржола қауіпсіз аймаққа көшірілетін болады. Қазіргі таңда 11 бала мен зейнеткер әлеуметтік нысандарға орналастырылған. Қалған үйлердің тұрғындары туыстарын паналауда.

Соңғы жаңалықтар