Шектеулер алынғанымен, сақтық шараларын ұмытпау керек – Әлия Бекешева

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Өзге өңірлер секілді Атырау облысы да «қызыл» аймақта тұр. Соңғы екі күннен бері коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны азая бастады. Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешеваның айтуынша, «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда шектеулер алынғанымен, сақтық шараларын ұмытпау керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Әлия Әйіпқалиқызы, қандай нысандарда шектеу алынып тасталды?

– ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің міндетін атқарушының 27 қаңтарда қолданыстағы шектеулерді жеңілдетуді көздейтін жаңа қаулысы қабылданды. Жаңа қаулыға сәйкес эпидемиологиялық тәуекел аймағына («жасыл», «сары», «қызыл») қарамастан қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесімен жұмыс істейтін нысандар үшін шектеу алынып тасталды. Яғни «Ashyq» жобасына қатысатын нысандардың жұмыс және демалыс күндеріндегі жұмыс режимінің уақытына шектеу болмайды. Бірақ, карантиндік шектеулер алынды екен деп, сақтық шараларын ұмытуға болмайды.


– Енді қандай бұқаралық іс-шараларды шектеусіз өткізуге болады?

– «Ashyq» жобасына қосылған нысандарда салтанатты тойларды, еске алу, ойын-сауық, спорттық іс-шараларды өткізе беруге болады. Көрмелер мен конференцияларды, форумдарды өткізуге рұқсат етілді.

Спорт кешендері, ойын клубтары, казино, түнгі клубтар, караоке, сауықтыру және діни, сауда-ойын-сауық нысандары бұрынғыша жұмыс істей береді. Бұдан былай сауда алаңы 1000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес бұйымдар, сондай-ақ, сауда алаңы 6000 шаршы метрден асатын азық-түлік сататын сауда желілерінің, бассейндердің жұмысы тоқтатылмайды.

Ал, келушілерде бейтарап («көк») немесе қауіпсіз («жасыл») мәртебе болған жағдайда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «жасыл» аймақтағы (эпидемиологиялық тәуекелі төмен) өңірлерде «Ashyq» жобасына қатысушыларының қызметі шектеусіз жүзеге асырылады. Сондай-ақ, «сары» (эпидемиологиялық тәуекелі орташа) және «қызыл» (эпидемиологиялық тәуекелі жоғары) аймақтарда карантиндік шектеулер (60%) толтыруды арттыруға қарай жеңілдетіледі.


– Теміржол вокзалына, әуежайларға, өзге де нысандарға кіру үшін шектеу бар ма?

– Қазір барлық шектеулер алынып тасталды. Оның ішінде облысаралық, облысішілік, қалалық (тұрақты және тұрақты емес) тасымалдарды жүзеге асыратын нысандар бар. Атап айтқанда, қонақ үйлер, әуежайлар, теміржол, су және автовокзалдар, өзен, теңіз порттары, автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттері, ХҚКО, «Қазпошта» бөлімшелері, банктер, сұлулық салондары, СПА-орталықтар, жабық базарлар, асхана типіндегі қоғамдық тамақтану нысандары, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдары үшін бейтарап «көк» мәртебе болған жағдайда шектеусіз кіру сақталады.


Ал мектептердегі сабақ қалай өтеді?

– Атырау облысында да 600-ге жетпейтін оқушысы бар мектептерде сабақты штаттық режимде өткізіп жатыр. Ал, оқушы саны 600-ден асатын білім ордаларының 1-4 сыныптарына және мектептердің жобалық қуатының 50%-нан аспайтын жүктемемен оқытуға рұқсат етілді. Өзге сыныптарда сабақты онлай форматта өткізу жалғаса береді.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар