Шекарашы суға батқан жүкті әйел мен оның 5 жасар баласын құтқарып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шекарашы суға батып бара жатқан жүкті әйел мен оның 5 жасар баласын құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне сілтеме жасап.

Петропавл шекара жасағына қарасты «Бидайық» өткізу бөлімшесінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай демалу үшін Ш. Уәлиханов ауданының Бидайық ауылындағы көл жағасына барады.

«Шекарашы автокөлігіндегі төсенішті алып шығып, қағып-сілкіп жатқанда көпір жақтан баланың ащы айғайын құлағы шалады. Жалт қараған ол көпірде ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген екі кішкентай қызды көреді. Ал көпір астында әйел адам судан бір батып, бір шығып жанталасып жүр екен. Сергей ойланбастан суға қойып кетті. Жүзіп жанына барғанда әйел кішкентай баласының суға батып кеткенін айтады. Сергей су астына сүңгіп, көлдің табанын қолымен сипалап жүріп баланы табады да, киімінен тартып, су бетіне алып шығады. Ана мен баланы жағаға жеткізген Сергей ес-түссіз жатқан 5 жасар Нұрәділге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін ғана бала есін жиды» делінген хабарламада.

Кейін белгілі болғандай, ол екі адамның емес, үш адамның өмірін құтқарған. Себебі, құтқарылған әйел Махаббат Жетпісованың аяғы ауыр болып шықты. Сергей ана мен баланы автокөлігіне отырғызып, медициналық бекетке алып барған.

Соңғы жаңалықтар