Шекаралас елдермен су-техногендік апаттардың алдын алу бойынша комиссия құрылмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ірі су-техногендік апаттардың алдын алу бойынша шекаралас елдермен мемлекетаралық комиссия құрудың қажеттілігі жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутатының ресми сауалына берілген ҚР Премьер-Министр Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекетаралық көздердің су ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы келісімге сәйкес (1992 ж. 18 ақпан) Орталық Азияның Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы (МҮСК) құрылды. МҮСК Арал теңізі бассейніндегі мемлекетаралық көздердің су ресурстарын басқару, ұтымды пайдалану және қорғау мәселелерін бірлесіп шешу және тараптардың алқалылық және мүдделерін өзара құрметтеу қағидаттары негізінде бірлесіп белгіленген бағдарламаларды іске асыру жөніндегі Орталық Азия мемлекеттерінің өңірлік органы болып табылады. МҮСК отырысы тоқсан сайын, құрылтайшы мемлекеттердің бірінде кезекпен өткізіледі», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, МҮСК туралы ереженің 2.16-тармағына сәйкес МҮСК міндеттеріне мемлекетаралық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін пайдалануға байланысты төтенше жағдайлар мен дүлей зілзалалардың алдын алудың, хабарлаудың және салдарын жоюдың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу мәселелері кіреді.

«Сонымен қатар Сардоба су қоймасының құрылысын келісу жағдайында өзбек тарапы бұл мәселені МҮСК отырысының қарауына шығарған жоқ. Жоғарыда айтылғандарға байланысты ірі су-техногендік апаттардың алдын алу бойынша шектес елдермен мемлекетаралық комиссия құрудың қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар Қазақстан тарапы МҮСК-нің келесі отырыстары шеңберінде су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға қатысты мәселелерге бастамашылық жасайтын болады», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар