Шекарадан өту кезінде тауар құнын жалған көрсеткендерден 38 млрд теңге өндірілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері шекара пунктілерінен өткізу кезінде тауардың құнын нарықтағы бағадан артық етіп көрсеткендер анықталып, олардан қосымша 38 млрд теңге кедендік төлем мен салық өндірілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылы тауарлардың ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өтуін бақылауды бір жерде біріктіру және Ахуалдық орталық пен Электронды декларациялау орталығының базасында Бас диспетчерлік басқарма құрылды.

Ахуалдық орталық – нақты уақыт режимінде пунктілердегі тауарлардың рентген-суреттерін талдауды және кедендік жете тексерулер жүргізу процесін сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Ал, Электронды декларациялау орталығы – тауарлар шығарылғанға дейін тауарлардың құнын бақылауды, жеңілдіктер мен преференцияларды қолданудың негізділігін және бақылау аяқталғаннан кейін кедендік декларацияларды шығаруды жүзеге асырады.

Жалпы, жыл басынан бері Ахуалдық орталық 4,5 мың заң бұзушылықты анықтады. 15,5 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер өндірілді. Кедендік тексерулердің тиімділігі 2 есеге артты.

Электронды декларациялау орталығы құрылған сәттен бастап қосымша 38 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар өндірілді», - деп тоқталды Бақытжан Слямов.

Бұдан өзге, комитет төрағасының орынбасары бүгіннен бастап Қытаймен шекарадағы «Достық» автомобиль өткізу пунктінде электронды кезек жүйесі іске қосылатынын атап өтті.


Фото: ria.ru

Соңғы жаңалықтар