Шекарадан алтын бұйымдарды заңсыз өткізбек болған өзбекстандық ұсталды
Көрші елдің азаматшасы ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасына қарасты «Шымкент авиа» тексеріп-өткізу пунктінде ұсталған.
«Ыстанбұл - Шымкент бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген әйелдің өзін-өзі ұстауы шекарашыларға күдікті болып көрінді. Азаматшаның жеке заттарын тексеру барысында оның қол жүгінің арасынан алтын бұйымдар - 17 жүзік, 24 сырға және 5 дана кулон шықты. Ұсталу себебі - алып өтуге рұқсат етілген заттар мөлшерін асыру болып табылады», - делінген ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Дәл осындай себеппен «Қазығұрт» тексеріп-өткізу пунктінің шекарашылары Өзбекстаннан біздің елімізге кірмекші болған үш Шевроле автокөліктерін ұстаған. Автокөліктердің жүргізушілері Өзбекстан азаматтары. Үш автокөлікте де қымбат бағалы жалпы саны 2480 керамикалық ыдыс-аяқтың тиелгені белгілі болып отыр. Тәркіленген заттар кедендік орындарға тапсырылды.